Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Рамазан айы кіргенде, жұмақтың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылып, шайтандар кісенделетін болады».
Құдси хадисте Алла тағала: «Адам баласының жасаған әрбір амалдары өзі үшін, ал, ораза Мен үшін. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, мен ғана беремін». Ораза - қалқан. Сендердің біреулерің ораза тұтатын болса, бейәдеп сөздерден, сөз таластырудан сақтансын! Ал кім оны қорласа немесе онымен ұрысса: «Расында мен ораза тұтушымын», – десін. Мұхаммедтің жаны қолында болғанның атымен ант етемін, расында ораза ұстаушы жанның аузындағы иісі, Аллаға хош жұпар иістен де жағымдырақ. Ораза ұстаған адамның екі қуанышы бар: Біреуі ауыз ашқанда, екіншісі Раббысымен кездескен кезде оразасына қуанады».
Тағы бір риуаятта: «Адам баласының әрбір жақсы амалдарының сауабы он еседен, жеті жүзге дейін еселейді. Аллаһ Тағала былай деді: «Расында ораза Мен үшін. Оның сауабын өзім беремін. Себебі құлым Мен үшін нәпсісін де, тамағын да тәрк етті». Сондай-ақ басқа хадисте, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Расында жұмақтың Әл-Раййан деген есігі(қақпасы) бар. Қиямет күні бұл есіктен ораза ұстаған жандардан басқа ешкім кіре алмайды. "Ораза ұстағандар қайда?", - деп сұралғанда, олар орындарынан тұрады. Олардан басқа бұл есіктен ешкім кіре алмайды».
Осы хадистің басқа риуаятында: «Расында жұмақта "Әл-Раййан" деп аталатын қақпасы бар. Кімде-кім ораза ұстайтын болса, бұл қақпа арқылы жұмаққа кіреді. Ал кіргеннен кейін әсте шөлдемейтін болады». Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаған адамның қасында, біреу тамақ жеп болғанға дейін, періштелер ораза ұстаған адам үшін дұға етеді».
Жоғарыдағы хадистерге түсіндірме:
Енді аталмыш хадистерге көз жүгіртіп, олардың мән-мағыналарын түсінейік. Рамазан айында жұмақтың есіктерінің ашылуы. Бұл Алланың әміріне бойсұнушылықтың, һәм парыз амалды бұлжытпай орындаудың әсерінен себебінен. Себебі Алланың әмірін орындаған адамға, нығметтері таусылмайтын жұмақтың есіктері айқара ашылады. Тозақтың есіктерінің жабылуы. Рамазан айында жер бетіндегі күнәлардың азаюынан тозақтың есіктері жабылады. Күнә амалдарды жасауды тоқтатқан адамның тозаққа апаратын жолы жабылады.
Жын-шайтандардың кісенделуі. Барлық шайтандар емес.
Олардың үлкендері ғана . Ораза ұстаған адамдарға олардың уәсуәстары ( cізге ой салулары) үзіледі. Шайтанның қызметі ол - күнәларды, адамның руханиятына зиян беретін амалдарды оған әшекейлеу ғана,одан артық емес. Оның жұмысын мысал ретінде күнделікті өмірімізде көріп жүрген теледидар, интернет-блог жарнамаларға ұқсатуға болады.
Көгілдір экраннын арғы жағында сүйікті блогердің сізге жарнама ретінде ұсынған тауары мәжбүрлеу емес. Бұл жай ғана ұсыныс. Оны сатып алғаннан кейін, оның пайдасыз екендігін түсінген кезіңізде, оның керексіз болғандығы үшін оның бетіне қайта баса алмайсыз. Себебі бұл тауарды сатып алуға сізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Оны өз еркіңізбен алдыңыз. Дәл солай шайтан адамға күнәні әсемдеп көрсетуші ғана. Оны істеуге я істемеуге тек өзіңіз жауаптысыз. Құранда: «Алланың алдында есеп беру аяқталып, іс тамам болғаннан кейін, шайтан оларға: «Алла сендерге шынымен болатын нәрсені уәде еткен еді. Мен де сендерге өзімше уәде бердім, алайда уәдемнен тайқыдым. Әйтсе де менің сендерге қалағанымды істете алатын пәрменім жоқ еді. Мен бар болғаны сендерді (Аллаға қарсылық қылуға, күнә атаулыға, арсыздыққа) шақырдым, ал сендер менің азғырғаныма ердіңдер. Ендеше, мені жазғырмаңдар, өздеріңді жазғырыңдар. Ал, енді бүгін (осынау ғаламат азаптан) мен де сендерді құтқара алмаймын, сендер де мені құтқара алмайсыңдар. Сондай-ақ бұдан бұрын мені Аллаға серік етіп қосқандарыңды да мойындамадым», – деп айтады»
Себебі ораза ұстаған адамдарға олардың арбаулары әсер етпейді [Өйткені рамазан айында лағінет шайтанның «жарнамалары» уақытша тоқтатылған.]
Алайда әр адамның бойында «нәфс әл-аммара» [адамның күнәлі іс істеуге құмарлығы) бар. Бұл барлық қалауларға, соның ішінде күнәлі істерге итермелейтін нәпсі. Мысалы: ішімдікке, зинқорлыққа, қомайғалыққа және т.с.с. Адам бұл айда дәл осы нәпсісін ауыздықтап, оны тек жақсы амалдар жасауды итермелеуге тәрбиелейді. Нәтижеде адамның бойында жақсы амалдарды жасауды әрдайым қалап тұратын нәпсісі пайда болады. Ал бұл дегеніміз ұлы жетістік!]
«Адам баласының жасаған әрбір амалдары өзі үшін, ал ораза Мен үшін...». Бұл- адам баласына деген құрмет көрсету мақсатында айтылған. Себебі ораза жасырын амал болғандықтан, ораза адамды рияшылдыққа апармайды. Сондай-ақ шөл мен аштық- бұл Аллаға деген жақындықты, оған деген мұқтаждықты білдіреді. Ал, патшаларға, басшыларға аштықпен қаншалықты жақын бола аламыз? [Адамдардың арасында дәрежеміздің биік болуы үшін қандай әрекеттерге бара аламыз? Әрі бұл оңай ма? Ал, Әлемдердің Раббысы Аллаға жақын болу үшін, бар болғаны оның разылығы үшін күнделікті ішіп-жеуден бас тарту ғана жеткілікті. Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):" Алла Тағала бір құлын жақсы көрсе, Жебірейіл періште: «Расында Алла Тағала пәленше құлын жақсы көреді» - деп, ол да оны жақсы көретін болады. Содан ол көктегілерге: Алла Тағала пәленше деген құлын жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер - деп жар салады.
Мұны естіген көктегі періштелер де әлгі адамды жақсы көре бастайды. Сөйтіп ол жер бетіндегілердің де (адамдардың) ілтипатына бөленеді] «...және оның сыйын өзім беремін» Құлым барлық әмір етілген ғибадаттарды орындаса да. Яғни, оразаның сый-сыяпаты өте зор. Себебі аузы берік адам су мен тамақтан өз еркімен бас тартып, оның ауыртпашылығын өзінің мойына алды.
материал «Оразаның мақсаттары» кітабынан алынды,
ummet.kz