Адам бойында екі түрлі сипат бар: періштелік және хайуандық.
Яғни, оның материалдық жағы болғаны сияқты, рухани, метафизикалық жағы да бар. Адам табиғатында нәпсіге тән сезімдер – шәһуат, ашу, кек, жек көру сияқты хайуандық қасиеттер де, сондай-ақ иман, таным, махаббат, құлшылық және кішіпейілдік секілді періштелік сипаттар да бар. Алла Тағала адамның болмысына әрі жақсы, әрі жаман сезімдерді де орналастырған. Сондықтан адам баласы періштеге де, шайтанға да ұқсауы мүмкін. Ол өз еркімен рухани кемелденіп, тіпті періштелерден де асып түсуі мүмкін болғанындай, кейде шайтанның өзін артқа тастайтын деңгейге де құлдырап кетуі ықтимал.
Иә, ең көркем бейнеде жаратылған адам баласының өзімен бірге оны ең төменгі дәрежеге түсіретін – белгілі бір хикметтер үшін табиғатына салынған – жаман сезімдерге бейімділігі де бар. Ол әрдайым осы сезімдердің ықпалымен ең жоғарғы дәрежеден (а‘лә-и иллийиннен) ең төменгі деңгейге (әсфәл-и сâфилинге) құлдырауы мүмкін. Осы ақиқатты Құран Кәрім былай баяндайды:
“Расында, Біз адамды ең көркем бейнеде жараттық. Сосын оны ең төменгі дәрежеге түсірдік. Тек иман етіп, ізгі амал жасағандар ғана одан тыс. Оларға таусылмайтын сый бар.” ("Тин" сүресі, 4-6)
Яғни, адамның қарапайым адам деңгейінен шынайы кемел адам дәрежесіне көтерілуі – оның періштелік сипатын дамытуына байланысты. Егер адам тек тәндік өмірге байланып, жануарлық инстинкттердің жетегінде өмір сүрсе – яғни, ішіп-жеуден, рахаттанудан әрі аспай, еріншектікке салынып, жайбарақат өмір сүрсе – ол мүлк әлемінің тар шеңберінде қамалып қалады. Осылайша, Алланың “Ахсан-и тақуим” (ең көркем бейнеде жаратылу) құпиясына лайықты бола тұра, жануарлардан да төмен деңгейге түсіп кетуі мүмкін.
Алайда, егер ол нәпсінің жетегінен шығып, тәндік, дүниелік және нәпсіқұмарлық кірлерден тазаланса, Алланың көркем есімдері мен қасиеттерінің нұрымен нұрланып, мүлде басқа бір рухани кемелдікке жетеді. Оның болмысы биіктеп, жүрегі мейіріммен, махаббатпен, құлшылықпен толығып, Аллаға жақын, тіпті періштелерден де үстем бір деңгейге көтеріледі. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде періштелердің жиі еске алынуы – адамның бойында әуелден бар, бірақ жасырын күйдегі періштелік қасиеттерін ояту, оларды дамыту және жетілдіру мақсатына бағытталған.
Періштелердің сипаттары үлгі ретінде көрсетіліп, адамзат періштелік деңгейге жетуге шақырылады. Адамды мен періштелерден айыратын ең басты ерекшеліктердің бірі – нәпсі. Періштелерде ішіп-жеу, үйлену немесе күнә жасау секілді қасиеттер жоқ. Олар табиғатынан пәк, күнәсіз және әрдайым Алланы зікір етіп, Оған құлшылық ететін нұрлы жаратылыстар. Бұл туралы Алла Тағала Құранда былай дейді: “Олар (кейбір адамдар) “Рахман (Алла) періштелерді өзіне ұл қылды” деді. Олай емес! Олар – Алланың ардақты құлдары. Олар Алланың алдында еш нәрсеге алдын оза алмайды және тек Оның әмірімен ғана әрекет етеді. Ол (Алла) олардың алдында не бар, артында не бар – бәрін біледі. Олар Алланың разылығынан өзгеге шапағат ете алмайды. Олар Алладан қатты қорқады және әрдайым сергек жүреді” ("Әнбия" сүресі, 26-28).
Адам болса өмір сүруін ішіп-жеу арқылы ғана жалғастыра алады. Оның нәпсіге еріп, күнәға түсу қаупі әрдайым бар. Алайда ораза ұстаған мүмін, ішіп-жеуге шектеу қояды, құмарлығын тияды, әр түрлі күнәлардан сақтанады және періштелер секілді таза өмір сүреді. Тіпті ол осылай жалғастырса, періштелерді де басып оза алады. Алла Тағала осындай мүмін құлдарымен мақтанып, оларды періштелерге үлгі етіп көрсетеді. Расында, періште сипатты адамдар да бар. Олар “Раббым мені сұраққа тартады” деген оймен тіпті құмырсқаға да зиян келтірмеуге тырысады. Өзі мұқтаж бола тұра, одан да мұқтаж жанды көрсе, қолындағысын береді. Намазға тұрған кезде, Алланың құзырында есеп беруді ойлап, жүрегі діріл қағып, көздері жасқа толады. Оларға қараған адам Алланы еске алады. Бірақ шайтан сипатты адамдар да бар. Олар ормандағы жыртқыштардан да қауіпті, зияны орасан. Міне, ораза арқылы адам осындай төмен дәрежелерден шығып, періштелер деңгейіне, тіпті одан да биік мәртебеге көтерілуге лайық бола алады.
материал «Оразаның пайдалары» кітабынан алынды,
ummet.kz