Дәуіт (ғ.с) пайғамбардың ораза ұстау тәсілі ерекше. Әрі оның ораза ұстауы ең қайырлы тәсіл деп танылған.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) айтқанындай Дәуіт (ғ.с) бір ораза тұтып, бір күн ауызы ашық жүрген. Сонда, ол жылдың жартысынан көбін оразамен өткізіп, бір жылда толық 182 күн ораза ұстаған.
Дәуіт өте ғибадатшыл еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйікті намаз – Дәуіттің намазы. Сондай-ақ, Аллаға ең сүйікті ораза да – Дәуіттің оразасы. Ол түннің жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігінде намаз оқып, алтыдан бір бөлігінде тағы ұйықтайтын. Бір күн ораза ұстап, бір күн аузын ашып жүретін», – деген (әл-Бұхари мен Муслим жеткізген).
Әрі ол өте ержүрек, батыр кісі болатын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның ержүректігі жайлы: «(Дұшпанға) бетпе-бет келсе, қашпайтын», – деп айтқан (әл-Бұхари мен Муслим жеткізген).
Сондай-ақ, Дәуіт (ғ.с) пайғамбар шүкір қылушы пенделерден болатын. Алла Тағала: «(Ей), Дәуіттің отбасы! Шүкірлік үшін амал істеңдер! Негізінде, құлдарымнан шүкір етуші аз» («Сәбә» сүресі, 13-аят), – деген.
Дәуіт (ғ.с) пайғамбар өзгеге масыл болуды ұнатпайтын. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Дәуіт) тек өз қол еңбегінен тамақтанатын», – депті (әл-Бұхари мен Ахмад жеткізген).
материал «Ораза» кітабынан алынды,
ummet.kz