Ислам ғұламалары нисаб мөлшеріне толған төрт түлік мал, алтын-күміс (ақша) және егістік өнімдерінен зекет берудің парыз болғаны сияқты айналымдағы сауда тауарларынан да шариғат белгілеген өлшемге толса, зекетін беру парыз екендігіне бір ауыздан келіскен. Алайда Заһирия мәзһабы және Насруддин әл-Албани сияқты кейбір ғалымдардың «Сауда заттарынан зекет берілмейді. Сауда затынан зекет беру туралы ешқандай дәлел жоқ» деген көзқарасын кезіктіреміз.
Насруддин әл-Бани, өзінің «Тәмәмул-минна фит-тағлиқ ғәлә фиқһис-сунна» атты еңбегінде, Әбу Зәрр (р.а.) жеткізген: «Сауда-саттық затының да зекеті бар...» деген хадисті «әлсіз хадис» дей келіп: «Ақиқатында, сауда-саттық заттарынан зекет беру парыз дегендердің Кітапта да (Құранда да), сахих сүннетте де ешқандай дәлелдері жоқ», – дейді және аталмыш хадис жайлы өзінен бұрынғы Ибн Хажар әл-Асқаланидің хадиске «хасан хадис» деп берген бағасын жоққа шығарады. Бұл көзқарас Әһл-сунна уәл-жамаға ғалымдарының ұстанымына мүлдем қайшы.
Осы жерде Әһл-сунна уәл-жамаға ғалымдарының Құран, сүннет, ижмағ (ғалымдардың бір ауыздан келісімге келуі) және қияс негізіндегі дәлелдерінен бірнеше мысал келтіре отырып, сол негізде «сауда-саттық заттарынан зекет берілмейді» дегендердің көзқарасы дұрыс еместігін дәлелдеп көрелік.
Әуелгісі, Құран: Имам әл-Жассас Құрандағы: «Уа, мүміндер! Кәсіп етіп, тапқан табыстарыңның жақсысынан садақа (зекет) беріңдер...» деген аятты түсіндіру барысында: «Аяттағы «кәсіп етіп, тапқан табыстарыңнан...» сөзі сауда заттарынан зекет берудің парыздығын білдіреді. Берілетін мөлшері Пайғамбардың (с.а.с.) баяндауымен болады. Сондай-ақ бұл аят «сауда заттарынан зекет берілмейді» дегендердің көзқарасы дұрыс еместігіне дәлел. Әрі «жылқы малынан т.б. зекет беріле ме, жоқ па?» деген дүние-мүліктің бәрінен зекеттің берілуі парыздығын білдіреді» деген.
Екіншісі, сүннет: Самура ибн Жундуб (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге сауда-саттықтағы заттарымыздан зекет беруге әмір ететін еді» делінеді. Бұл хадистегі бұйрық түрі Құран әмір еткен істі (зекетті) баяндап, сауда-саттық заттарынан зекет берудің парыздығын қуаттап тұр. Әрі садақа сөзінің «Әлиф-ләм» әрпімен келуі көпке белгілі болған міндетті үкімді, яғни, зекетті нұсқап тұрғанына дәлел.
Үшіншісі, ижмағ: Әбу Убайд Абдул-Қариден жеткізген риуаятта: «Омар ибн Хаттабтың (р.а.) заманында Бәйтул-малға (қазынаға) жауапты болдым. Зекет берушілер сауда тауарларының көрінетін (төрт түлік мал және т.б.) және көрінбейтін (қоймадағы заттар) барлығын шығарып, есептейтін. Содан кейін әшкере, жасырын – барлығының зекетін алатын» делінсе, имам әл-Хаттаби: «соңғы ғасырларда Заһири мәзһабындағы кейбіреулер «сауда заттарынан зекет берілмейді» деп жүр. Ал сауда заттарынан зекеттің парыздығы әлдеқашан ижмағ негізінде бекітілген» деген.
Төртіншісі, қияс: Ибн Рушд: «Сауда-саттықтың заттарынан пайда табу көзделуі себепті төрт түлік мал, алтын-күміс және егістік заттарына, яғни, ғалымдардың зекеті берілуі парыз екендігінде бір ауыздан келісімі болған дүние-мүліктің осы үш түріне ұқсайды» деген.
Қорыта айтар болсақ, шариғаттағы нисабқа (зекет берілетін өлшемге) толған сауда-саттық заттарының қырықтан бірін немесе 0.25% пайызын зекет ретінде беру парыз. Сауда-саттық заттарынан зекет берудің парыз екендігі Құран, сүннет және ғұламалардың ижмағы негізінде бекітілген. Оны жоққа шығару дін негіздерін мойындамаумен бірдей әрі зекет алуға лайықты жандардың ақысын жеу болып табылады. Бұл дінімізде ауыр күнәнің қатарына жатады.
Сондай-ақ бүгінгі таңда әлем экономикасы саудагерлердің қолында немесе бір елдің халқын кәсіптендіріп, асырап отырған кәсіпкер азаматтар десек артық айтқандық болмас. Тіпті хадистерде берілетін зекеттің мөлшері ашық баяндалған төрт түлік малдың, алтын-күмістің және егістік дақылдарының барлығы саудагерлердің қолымен базарға түсіп, халықтың қажетіне ұсынылып отыр. Яғни, аталмыш үш түрден зекеттің берілетіндігі нақты насстарда (аят, хадистерде) бекітілген болса, сауда-саттық тауарларына да нақты дәлелдердің барлығын көрсетеді.
Сонымен қатар, зекет дүние-мүлікті және адамды рухани кірден тазартатын діни міндеттердің бірі болатын болса, саудагерлер зекет беру арқылы әрі рухани тазаруға, әрі дүние-мүлкін тазартуға мұқтаж жандардың қатарына кіреді. Неге десеңіз, олар күніне мыңдаған, миллиондаған ақшаның затын алып-сату барысында біреулердің ақысына кіруі, келісім-шарттарда көрсетілген сапаға толымсыз заттарды беріп жіберу сияқты жіберген олқылық тұстарын толтыруға зекет-садақаның да тигізер пайдасы көп. Яғни, адам баласы мұсылмандық міндеті болған зекетті беру арқылы Алланың құзырына таза бара алмақ!
материал «Зекет» кітабынан алынды,
ummet.kz