29
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Шынайы көңілден берілген садақаның сыйы

Шынайы көңілден берілген садақаның сыйы

Зекет

Әбу Бәкір мен Омардың оқиғасы

Хасан Басри былай дейді: күндердің бірінде Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дін жолына арнап жасырын түрде садақа алып келді де: «Уа, Расулалла! Бұл – менің садақам. Алдағы уақытта да беріп тұрамын деп, Аллаға ант еткенмін», – деді. Ал Омар (р.а.) садақасын елдің көзінше беріп:

«Уа, Расулалла! Бұл – менің садақам. Қарымтасын Алладан күтемін», – дейді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ей, Омар! Әбу Бәкірден озбақ едің, болмады. Садақаларыңның арасындағы айырмашылық та сөздеріңнің арасындағы айырмашылыққа ұқсайды», – деді.

Осы тақырыпқа қатысты Ибн Асакирде өткен хадис Бәшир әл-Әслами былай дейді: «Мұһажир мұсылмандар Мәдинаға алғаш келген күні Мәдинаның суына үйренісе алмай, кәдімгідей қиналады. Ғифарұлдары (тегінен) қауымынан болған бір адамның «Рума», – деген құдығы бар еді. Ол сол құдықтың суын сатып күнелтетін. Бір күні Алла елшісі оған: «Мына құдықты жұмақтағы құдыққа айырбастағың келмей ме?», – деді. Әлгі адам: «Уа, Расулалла! Мен отбасымды осы құдықтан түскен  табыс арқылы асырап отырмын. Мен оны сата алмаймын», – деді. Пайғамбарымыздың сөзін құлағы шалған Осман (р.а.) дереу ол құдықты сатып алды да, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдына келіп:

«Уа, Расулалла! Егер әлгі құдықты сатып алсам, ана адамға уәде еткен жұмақ бұлағын маған да уәде етесізбе?», – деді.

Алла елшісі: «Иә, әрине», – деді. Осман (р.а.):

«Ол құдықты сатып алдым. Бұл құдықты мұсылман бауырларыма сыйлаймын», – деді.

Талха ибн Ұбайдуллаһтың садақа беруге құштарлығы

Талханың әйелі Суғда былай дейді: «Бір күні Талха жүз мың дирхамын садақа етіп таратады. Сол сәтте мен оның көйлегіне жамау салып отырған едім. Ауыстырып киетін өзге көйлегі болмағандықтан, мешітке жамағатпен оқылған намазға да бара алмай қалды».

Сәлман Фарисидің садақа беруге құштарлығы

Нұғман ибн Хумайд былай баяндайды: «Нағашы ағасымен бірге Мәдәинге (осы жердің әкімі) Сәлман Фарисиді көруге барған едім. Құрманың жапырағынан себет тоқып отыр екен. Сонда оның: «Құрма жапырақтарын бір дирхамға сатып аламын. Олардан себет жасап, оны үш дирхамға сатамын. Бір дирхамына жапырақ сатып аламын. Бір дирхамды отбасыма жұмсаймын. Ал бір дирхамды садақа ретінде беремін. Омар маған тыйым салар болса да, мен осы әдетімді тастамаймын», – дегенін естідім».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: