21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Зекетке қатысты маңызды ескертулер

Зекетке қатысты маңызды ескертулер

Зекет

Зекетке қатысты маңызды ескертулер:

1. Зекет қаржысын жоғарыда көрсетілген сегіз санаттағы адамдардың біріне беруге рұқсат етіледі. Мұндай адамдардың бәрі табылса да, оларға бөліп беру міндетті емес.

2. Қарыздар кісіге борышын толық не оның бір бөлігін өтейтін қаражат беруге рұқсат етіледі.

3. Зекет қаржысы кәпірлерге, діннен қайтқандарға берілмейді. Сондай-ақ оны намазын әдейі тәрк еткендерге беруге де рұқсат етілмейді. Өйткені ғалымдар намаздың парыз екенін мойындамай, әдейі тәрк еткен адамды діннен шығады деп есептейді. Егер мұндай адам намазын қайта бастауға келіссе, оған ынталандыру ретінде зекет қаржысынан көмек көрсетуге болады.

4. Зекет бай адамдарға берілмейді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Онда (яғни зекетте) бай-дәулетті және еңбекке жарамды адамға үлес жоқ», – деген (Ахмад, Әбу Дауд, ән-Нәсәи; «сахих» хадис).

5. Зекет беруші зекетін өзі асырауға міндетті адамдарға (мысалы, ата-анасына, балаларына және әйеліне) бере алмайды.

6. Күйеуі кедей болса, әйелінің оған зекет беруіне болады. Өйткені Абдуллаһ ибн Масғұдтың әйелі күйеуіне садақа берген және Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұған рұқсат еткен.

7. Зекет басқа қалаға не басқа елге аса зәру жағдайларда ғана жіберіледі. Мәселен:

– бір елде ашаршылық болса;
– зекет жиылған елде кедейлер жоқ болса.

8. Егер біреу өзінің тұрғылықты жерінен басқа бір қалада жұмыс жасап, зекет беруі міндетті болса, оны сол жерде беруі керек. Ол зекетін өз еліне (қаласына т.с.с.), жоғарыда айтқанымыздай, тек аса зәру жағдайда ғана жібере алады.

9. Зекет қаржысынан мұқтаж адамға бірнеше айға не бір жылға жетерлік мөлшерде де жәрдем көрсетуге болады. Кейбір ғалымдар «әр кедейге нисаб мөлшерінен артық бермеген абзал» деген пікір айтқан.

10. Ақша, құйма не тағылып жүрген әшекей түріндегі алтын мен күмістен де зекет төленуі тиіс. Өйткені алтын-күміске қатысты зекет төлеуді міндеттеген аят-хадистер олардың түрлерін ажыратпай, жалпылама сипатта келген. Кейбір ғалымдар «тағуға арналған әшекей бұйымдары зекет берілетін мал-мүлік түріне жатпайды» деген пікір білдірген. Әйтсе де ақылға қонымдысы әрі дәлелі күштірегі – алғашқы пікір. Оны ұстану ықтиятқа жақын.

11. Адам күнделікті қолданатын азық-түлік, сондай-ақ үй жиһазы, тұрғын-жай, мал, көлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық бұйымдары үшін зекет бермейді. Бұған Алла елшісінің (с.а.с.): «Мұсылман қызметкері мен (мініс) аты үшін зекет бермейді», – деген сөзі дәлел. Бірақ жоғарыда айтылғандай, алтын-күміс әшекейлер бұдан тысқары.

12. Жалға беруге арналған жылжымайтын мүлік не автокөліктердің зекеті, олардан түскен ақша бір жыл ішінде жеке өзі не басқа да осы сияқты мал-мүліктермен қоса есептегенде, нисабқа жетсе ғана беріледі.

Қазіргі кезде Құранды және Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін өз ойларына сай түсіндіргісі келетін, шариғатты ақылмен түсіну керек деп дабыл қағатындар пайда болды. Ондай адамдардың арасында қабір азабы мен нығметін мойындамайтындар да бар. Олардың осы сөздерінің жалған екендігін Құранда және Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) сахих хадистерінде келген дәлелдермен жоққа шығарғымыз келеді.

Құранда: «Оларды екі рет азаптаймыз. Сонан соң олар зор азапқа қайтарылады», – деген («Тәубе» сүресі, 101-аят). Яғни Алла Тағала адамды алдымен бұл дүниеде, сосын қабірде азаптайды, одан кейін барып қана кәпір болғандарды тозақта мәңгілік азапқа салады. «Перғауын әулетін сұрқия азап баурап алады, олар ертелі- кеш отқа ұсынылады. Қиямет болған күні Перғауын әулетін азаптың ең қаттысына кіргізіңдер (делінеді)», – деген.

Осы аятта Алла Тағала бізге Перғауынның және оның сойылын соққандардың Қияметке дейін азапталатынын және Қиямет болғанда, олардың ең зор азапқа, яғни тозаққа кіретіндіктерін хабарлаған.

Айша (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Маған Мәдина яһудилерінің екі кемпірі келді. Олар: «Қабірдегілер қабірлерінде азапталады», – деді. Мен олардың сөздерін растағым келмей, өтірікке шығардым. Сөйтіп, ол екеуі шығып кеткен соң, маған Алла елшісі (с.а.с.) кірді. Мен оған (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі! Маған Мәдина яһудилерінің екі кемпірі кірді. Сөйтіп: «Қабірдегілер қабірлерінде азапталады», – деді», – дедім. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Ол екеуі рас айтқан. Расында да, олар сондай бір жануарлар еститіндей азаппен азапталады», – деп айтты», – делінген. Бұл келтірген дәлелдерден басқа да қабір азабы туралы хабарлар келген хадистер өте көп. Ақыретте жаннатқа кіруден үміті бар барлық пендеге айтар насихатымыз – Алланың елшісі (с.а.с.) қабір азабынан сақтанып, Алладан пана сұрағанындай, сендер де Раббыларыңнан пана сұраңдар!

материал «Зекет» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: