20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Зекеттің намаздан ажырамай қатар әмір етілуі

Зекеттің намаздан ажырамай қатар әмір етілуі

Зекет

Ислам дінінде иманнан кейінгі екі негіздің бірі намаз болса, екіншісі – зекет. Осы себепті ғалымдар «Зекет – Исламның үшінші тірегі», – деген.

Құран кәрім әрдайым намаз бен зекетті бірге айтады. «Намаз оқыңдар» деген соң бірден «Зекет беріңдер» деп бұйырады.Зекеттің намаздан ажырамай қатар әмір етілуі Ислам дінінің тек қана ақыреттік өмір мен ғибадаттарға ғана көңіл бөлмейтіндігін білдіреді. Исламның дүние тіршілігі мен ақырет өмірін бір-бірінен бөліп-жармай, екеуін құстың қос қанатындай көретін мәдениетке ие екендігн көрсетеді.

Зекет беру арқылы материалдық өміріміз ретке келіп, мемлекеттің тіршілік тамырының бойына қан жүгіреді, сонымен бірге Алланың разылығына ие болу арқылы мәңгілік өмірде бақытқа кенелуге де жол ашылады. Көріп отырғанымыздай, зекет – таза дүниелік салық та емес немесе тек қана ақыреттік мақсаттағы ғибадат та емес. Осы екеуін де бойына қамтыған һәм мемлекетті мығым ұстап тұратын – салық, әрі ақыреттік бақыттың шарты болып табылатын – ғибадат.

Пайғамбар сөзімен айтар болсақ, зекет – Исламның алтын көпірі. Ақырет пен бұ дүниенің арасына салынған, екеуін бірлестіруші көпір. Фәни мен бақиды, хахалық пен өкіметті, бай мен кедейді, материалдық дүние мен руханиятты, Алла мен құлды бір-біріне жалғайтын көпір. Зекет арқылы байдың малы кірден, көңілі сараңдықтан тазарғаны секілді, кедейдің де жүрегі көре алмаушылық пен кек сақтаудан арылады. Осылайша қоғам өзара үйлесім табады. Зекеттің парыздығына бойсұнып кедейге көмек қолын созған бай кісінің оларға деген мейірімі оянады, кедейдің байларға деген құрметі мен сүйіспеншілігі артып, алғысын жаудырады. Бұл өз кезегінде қоғамның тыныштық пен береке-бірлікте болуының басты шарты. Мұндай жүйенің болмауы қоғамда бір-біріне дұшпан екі топты дүниеге әкелері сөзсіз. Сосын бұлардың арасында мәңгілік бітпес дау-дамай мен өшпенділік орын алады. Зекеттің арқасында Ислам әлемі аталған келіспеушіліктерден аулақ болды. Мұсылмандар осы жүйеге берік болатын болса, бұдан кейін де Ислам қоғамына бүлікшіл-коммуникоммунистік пікірлер бас сұға алмасы анық.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: