Игі қажылықтың мұсылманның жеке басына және қоғамға тигізер пайдасы да өте көп.
Жеке пайдалары:
- күнәні жоюы;
- нәпсіні күнә әуестігінен тазартуы;
- иманды күшейтіп, Алла Тағаламен байланысты нығайтуы;
- шынайы тәубеге көмектесуі;
- ережелерді сақтау мен ұстануға, қиыншылыққа сабыр етіп, шыдамдылық танытуға дағдыландыруы;
- Алла үшін жан қиюға үйретуі.
Қажылық не умра жасауымен мұсылман өзіне Раббысы берген мал-мүлік нығметі мен денсаулық нығметіне шүкір етеді. Жан дүниесі шынайы құлшылықпен және толық бойсұнумен рухтанады. Алла Тағаланың діні мен шариғатына бағынады.
Қоғамдық пайдалары:
- Алла Тағаланың дидарын іздеп әлем тарапынан төгілген алуан түрлі ұлт өкілдерінен болған мұсылмандармен, олардың Отандарымен және тілдерімен танысуы;
- әлемдегі мұсылмандардың жағдайларымен танысуы;
- бүкіл әлемнің Аллаға ғана құлшылық жасау үшін жаратылғандығын білуі;
- ұлттарына, тілдеріне және түстеріне қарамастан мұсылмандардың бауыр және бір дене екенін ұғынуы;
- бәрінің де ортақ мақсаты – елдеріне оралғанда хақ дінді таратуға берілулерін білулері.
Қажылықтың үкімі Қажылық денсаулығы мен материалды тұрғыдан шамасы келуші әрбір мұсылманға парыз айн. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла алдында Қағбаны қажылық ету – адамдарға парыз етілді, әрине, кімнің оған амал табуға шамасы келсе. Ал кім қарсы келсе, әлбетте, Алла әлемдерге мұқтаж емес» («Әли Ғимран» сүресі: 97) - деген.
материал «Фиқһ: Қажылық» кітабынан алынды,
ummet.kz