Қажылық пен умраны атқаруды тоқтататын кедергілер мыналар:
1. Миқатта ихрамдағы кісінің дұшпан кесірінен Меккеге кіре алмауы. Меккеге кіре алмаған кісі қажылықтың екі ішкі парызын: Арафада тұру мен әл-Ифада тауабын атқара алмайды.
2. Ихрамға кірген кісінің кенеттен қатты науқастануы.
3. Ихрамдағы кісінің қайтыс болуы.
4. Қаражаттың жоғалуы себепті қажылықты атқара алмау.
5. Әйел кісінің күйеуінің рұқсатынсыз ихрамға кіруі. Күйеуі оны бұдан тоқтатып, ихрамнан шығара алу құқығына ие..
Меккеге кірмей тұрып пайда болған кедергіге қатысты үкімдер
1. Мұндай кедергіге жолыққан кісі әл-Харамға құрбандық малын жіберуі – уәжіп. Құрбандық малы әл-Харамға жетіп, шалынғаны өзіне айқындалғанда ихрамнан шығады. Бұл амал: «Алла үшін қажылық пен умраны толық атқарыңдар. Егер (оларды атқаруларыңа) кедергі пайда болса, мал түрінен мүмкіншілігі жеткенін шалыңдар», – деген аятқа негізделеді. Малды пәлен күні шалуға жіберген кісісімен келісіп алып, сол күні ихрамнан шыға береді. Сондай-ақ мал құрбан шалынатын күннен бұрын шалынса да болады. Малдың әл-Харамнан басқа жерде шалынуы дұрыс емес. Қиран қажылығына ниет еткен кісі екі мал шалады.
2. Келер жылы қазасын өтеуі – уәжіп. Ансарлық Хажжаж ибн Амру (Алла Тағала оған разы болсын) Алла елшісінің: «Кім бір мүшесін сындырып алса немесе ақсаңдап қалса, ихрамнан шыққан саналады. Және қажылықты келер жылы атқаруы – уәжіп», – деп айтқанын жеткізген. Кімнің ниетінде умра болса, келесі келгенінде умра атқаруы ғана уәжіп. Кімнің ниеті қажылық болса, келесі келгенде қажылық пен умра атқаруы уәжіп. Кімнің ниетінде қиран қажылығы болса, қажылық пен екі умра атқаруы уәжіп. Екі жағдайда да бір умраның қосылу себебі – қажылықтың парыздарын атқарусыз өткізіп алған қажы ихрамнан умра амалдарын атқаруымен шығады. Алланың елшісі Худайбия жылында бастаған және толық атқара алмаған умрасынан Худайбияда ихрамнан шыққанымен келер жылы оның қазасын өтеген және ол умрасы «қаза умра» деп аталған.
Арафадағы тұрыс атқарылған соң пайда болған кедергіге қатысты үкімдер
1. Кедергі дұшпан болса, қажылықтың әр уәжіп амалы үшін қой шалады да қажылығы дұрыс болады.
2. Кедергі ауру не өлім болса, «Қажылық дегеніміз – Арафа» деген хадистің негізінде қажылығы дұрыс саналады.
Меккенің ішінде пайда болған кедергіге қатысты үкім
Арафадағы тұрыс пен әл-Ифада тауабын кедергінің себебінен атқарусыз өткізіп алған кісі қой шалуымен ихрамнан шығады.
Кедергінің жойылуына қатысты үкім
Қажы кісі ихрамнан шықпай кедергі жойылса және ол қажылық күндері Меккеге жетіп үлгерсе, қажылықты толық атқарады. Бұл жағдайда кедергінің себебінен әл- Харамға жіберген құрбандық малын шалмаса да болады. Кедергі қажылық күндері өтіп кеткенде жойылса, ихрамнан құрбандық малын шалуымен шығады.
материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,
ummet.kz