10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сафа, Мәруа төбелерінің арасында жүгіру (қажылықтың үшінші уәжібі)

Қажылық

Сағи (араб тілінде) – шапшаң жүру, жүгіру деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: Мәсжидул-Харам жақта орналасқан Сафа және Мәруа төбелерінің арасында Сафа төбешігінен бастап, Мәруада аяқтау шартымен төрт рет барып, үш рет қайтып келу.

Сафадан Мәруаға бару – бір рет, Мәруадан Сафаға қайтып келу – тағы бір рет болып есептеледі. Сафа мен Мәруаның арасында сағи ету – қажылық уәжіптерінің біреуі. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 158-аятында: «Сафа және Мәруа Алланың нышандарынан, кімде-кім қажылық немесе умра жасау ниетімен Қағбаны зиярат етсе, Сафа мен Мәруаны тауап етуінде күнә жоқ», – деп сағидің маңыздылығын білдірген. Қажылық үшін жасалған сағи – қадум яки зиярат тауаптарынан кейін орындалатыны сияқты, умра үшін жасалатын сағи, умра тауабынан кейін жасалады. Сағи әрқашан тауаптан кейін істеледі. Сағиді тауаптан кейін дереу жасау – шарт болмағанымен өте маңызды сүннет.

Сафа, Мәруа төбелері және зәмзәм суы Ибраһим (а.с.) Алла Тағаланың бұйрығымен зайыбы Ажар анамызбен емшектегі баласы Исмайылды қазіргі Зәмзәм құдығының орналасқан жеріне әкеліп тастап кетті. Ол уақытта қазіргі Мекке қаласының орналасқан жерінде ішер судың жоқтығынан тірі жан мекендемейтін-ді. Ибраһим (а.с.) зайыбы мен ұлы Исмайылға қорек ретінде азғантай құрма мен су тастап, Алла Тағалаға деген тәуекелін берік ұстап, ол жерден ұзақтай түсті. Қорек пен суға тапшы мына шөлде Ажар анамыз бен баласы Исмайылға өмір сүру күннен-күнге қиындай түсті. Бірақ өздерін сол жерге қалдырып кетуді жаратқан иелері Алла Тағаланың өзі бұйырған болса, Ажар анамыздың бостан-бос қам жеп, уайымдауы орынсыз еді. Өйткені, әлсіз құрт, құмырсқа сияқты жәндіктерге ризық берген Алла оларды жапан далаға тастап, ұмыт қалдыруы мүлдем мүмкін емес. Міне, сондықтан Ажар анамыз: «Алла Тағала бізді қорғайды, мына сусыз шөл далаға бізді жалғыздан жалғыз, жәрдемсіз тастамайды» – деп, Ұлы Жаратушысына деген сенімін берік ұстап, пайғамбарша тәуекел етті.

Уақыт жылжыған сайын Ибраһимнің (а.с.) тастап кеткен азғантай суы таусылып, жас сәби Исмайыл су сұрап жылай бастады. Ана байғұс сәбиінің шырылдауына шара таба алмай шарқ ұрып, зыр жүгіруде. Анасы басқа не істесін, емізейін десе, омырауында сүт жоқ, су берейін десе, тамызықтай су да тапшы. Баласы Исмайылдың шырылдауына шыдап тұра алмаған ана өтіп бара жатқан тірі жанды кездестіріп қалармын деген үмітпен Сафа төбесіне шықты. Бірақ ешқандай тірі жанның қарасы көрінбегеннен кейін Сафа мен Мәруа төбешіктерінің арасында алқынса да, «үмітсіз шайтан» дегендей ерсілі-қарсылы жүгіре бастады. Мәруа төбешігіне жетінші рет шыққан кезінде құлағына беймәлім бір дауыс естіліп, қалт тоқтайды. Ажар анамыз: «Ей, дауыс иесі! Бізге даусыңды естірттің, егер бізге көмектесе алатындай күшің болса, көмектес», – деді. Ажар анамыздың осы мінәжаты бітісімен Зәмзәм бұлағының жанында періште Жебірейіл (а.с.) көрінді. Жебірейіл (а.с.) жерді қазып жатыр екен. Әне-міне дегенше су көрініп, аға бастады.

 Бұл құбылысқа қатты қуанып кеткен Ажар анамыз су ақпасын деген мағынада «зәм-зәм» дейді. Судың алдын бекітіп, кішігірім хауыз жасады. Ыдысына су алған сайын, орнына су қайнап шыға берді. Ыдысты суға толтырғаннан кейін мүбәрак судан қанып ішіп, ұлы Исмайылды емізе бастады. Жебірейіл (а.с.) Ажар анамызға былай деді: «Жоқ болып құрып кетеміз деп қорықпаңдар. Міне, мына жер – Бәйтулланың (Қағбаның) орны. Оны мына сәби мен әкесі салады. Алла Тағала бұл үйді салатындарды зиянға ұшыратпайды».

 Міне, Зәмзәм суының шығу тарихы осылай. Қазіргі кездегі қажылардың Сафа мен Мәруа төбелерінің арасында жүгірулерінің хикметі – Ажар анамыз бен ұлы Исмайылдың басынан өткен осы бір ғибратты оқиғаны сезіну және жандандыру. Зәмзәм суы – мүбәрак және киелі су. Пайғамбарымыз (с.а.у.) зәмзәм суының қасиеттері жайында: «Зәмзәм суын қандай мақсатпен ішетін болса, сол мақсатқа пайдалы» (Кутубус ситта) – деген. Яғни ауруыма шипа болсын деп ішсе ауруына шипа, азық болсын деп ішсе, азық болады. Ажар анамыз бен ұлы Исмайыл ұзақ уақыт басқа азық жеместен зәмзәм суымен қоректенген.


Ummet.kz

Бөлісу: