21
Сәрсенбі, Қараша

һижри

Азанның шығу тарихы

Азанның шығу тарихы

Бес парыз
Шрифт

Меккеде жүргенде, мұсылмандар ғибадаттарын жария түрде орындай алмай, намаздарын жасырын түрде, ешкімге көрінбей ғана оқитын еді.

Осыған байланысты ол кезде халыққа жар салып, ашықтан-ашық намазға шақыру ойға да кіріп шықпайтын нәрсе еді. Ал, Һижреттен кейін, яғни, мұсылмандар Мәдинаға көшкеннен кейін жағдай күрт өзгерді. Бұдан былай халықта діни бостандық бар еді. Мұсылмандар еш қысылмастан ғибадат-құлшылықтарын жасай алатын болды. Бұрынғыдай кәпірлердің зорлық- омбылықтарынан құтылып, жандары жай таба бастаған еді. Көпшіліктің күшімен Пайғамбар мешіті де тұрғызылып қойған еді. Алайда намаз уақыты кіргенде халықты мешітке жинайтындай бір шақыру түрі әлі белгіленбеген болатын. Мұсылмандардың бір бөлігі мешітке ерте келіп, намаз уақытының кіруін күтіп отырамыз деп, басқа істері бітпей қалып жүрді. Енді біреулері намазға кешігіп, қапыда қалып жүрді. Пайғамбарымыз бір күні сахабаларын жинап, намазға шақыру түрін белгілеу үшін мәжіліс құрады. Кейбір сахабалар христиандар сияқты қоңырау шалуды ұсынса, енді біреулер еврейлер тәрізді сырнай тартуды алға тартты. Тіпті, отқа табынатын мәжусилер құсап, намаз уақыты кіргенде от жағуды еске алғандар да болды. Бірақ Пайғамбарымыз (ﷺ) бұлардың ешқайсысын қабылдамады.

Сол кезде Омар (р.а.) сөз алып:

– Пайғамбарым, халықты намазға шақыру үшін неге бір адам тағайындамасқа? – деген ұсынысты алға тартты. Осыны орынды көрген Пайғамбарымыз (ﷺ) Хазреті Біләлге бұрылып:

– Тұр, Біләл, намазға шақырып халыққа жар сал! – деп әмір етті. Бұны естіген Біләл біраз уақытқа дейін Мәдинә көшелерін аралап: «Әс-салаһ, әс-салаһ (Намазға асығыңдар, намазға асығыңдар)» деп жар салып жүрді. Бірақ бұл да жеткіліксіз еді. Осыдан көп ұзамай, Абдулла бин Зәйд атты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен. Ол өзі былай әңгімелейді: «Ұйқылы-ояу халімде маған біреу келді. Үстінде екі жасыл киімі бар. Бір кішкене тамның үстіне шығып алды. Қолында бір қоңырау бар екен. Мен оған:

– Сен мынауыңды маған сатасың ба? – дедім.  Ол:

– Бұны не істейсің? – деп сұрады.

– Намаз уақытында қоңырау шаламыз, – деп жауап бердім. Сонда ол:

– Мен саған одан да жақсы бір шара үйретсем қалай қарайсың? – деді.

– Әрине, тіпті жақсы болар еді, – дедім мен. Сонда жаңағы кісі құбылаға қарай бұрылды да, азан сөздерін толығымен айтып берді. Содан кейін сәл бөгелді де, азан сөздерін қайта айтып, аяғына таман 2 рет «Қад қаматиссалаһ» деген сөйлемді қосты (бұл иқамет болатын)».

Абдулла (р.а.) таң атар-атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін келіп Пайғамбарымызға (ﷺ) айтып береді. Пайғамбарымыз (ﷺ) тыңдап болып, азанды сол қалпында айтуды лайық көреді де, Абдуллаға (р.а.) көрген түсін халыққа айтып, азан сөздерін Хз.Біләлға үйретуді бұйырады. Осыдан кейін, Біләл (р.а.) өзінің зор даусымен азан айтып, Мәдинәні жаңғырта бастайды. Мәдинәні жаңғырықтқан азанды естіген Хз. Омар сол арада Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасына келіп мән-жайды білген соң былай дейді:

– Пайғамбарым, сені хақ дініңмен елші қылып жіберген Аллаға ант етейін, Абдулланың көрген түсін мен де көрдім. Пайғамбарымыз (ﷺ) екі кісінің бірдей түсті көргеніне Аллаға шүкір етті. Сол түні 7 сахабаның дәл сондай түс көргендігі де айтылады. Сөйтіп, азанның дәл сол қалпында айтылуы керектігіне еш күмән қалмайды. Исламның соншалық табиғи, таза дін екендігін осы азаннан да білуге болады. Жансыз, мағынасыз, сезімсіз бір қоңырау шалу, немесе сырнай тарту, от жағу сияқтылардың ешқайсысы азанмен теңестіріле алмасы анық.

Категория бойынша