19
Жұма,
Сәуір

һижри

Азанның шарттары

Азанның шарттары

Бес парыз
  1. Уақыттың кіруі. Намаз уақыты кірмей тұрып азан оқу – жақсы емес. Мұндай азанды уақыт кіргеннен кейін қайта оқу қажет.
  2. Азан арабша оқылуы керек.
  3. Азан мен қаматты жамағатқа естірту.
  4. Азан мен қаматтың сөздері рет-ретімен оқылуы керек. Рет-ретімен оқылмаған азан – мәкрүһ.
  5. Азанды бір адам ғана оқу керек.
  6. Ханафилар бойынша, азаншы – ер кісі, ақылесі түзу, тақуа, сүннетті және намаз уақыттарын жақсы білетін адам болуы керек. Қараңғы, пасықтардың азан оқулары –мәкрүһ. Әйелдердің және жүніп кісінің азан оқуы мен қамат айтуы – мәкрүһ. Дәретсіз адамның да қамат айтуы – мәкрүһ. Хадис: «Дәреті бар адам ғана азан оқи алады»[1].
  7. Азаншының даусы әдемі болуы керек. Бұған мына хадис дәләл: «Алла Елшісі (с.а.у.) жиырма адамға азан оқытты. Әбу Махзурәның даусы ұнап, оған азан үйретті[2].
  8. Азан естілу үшін жоғары бір жерге шығып оқу қажет. Әлбетте, қазіргі кезде дыбыс зорайтқыш болғандықтан қажет емес.
  9. Азан сөздері созылып оқылады. Қамат керісінше тез оқылады. Пайғамбарымыз (ﷺ) Хазіреті Біләлға былай дейді: «Біләл, азан оқыған кезде сөздерін созып оқы. Қамат (тәкбір) айтқан кезде тез-тез оқы»[3].
  10. Азан мен қаматты оқушы құбылаға қарап оқиды. «Хаййә ‘аләс-Саләһ» деген сәт – оң жаққа, «Хаййә ‘аләл-Фәләх» деген сәт – сол жаққа басын бұрады. Азан даусының жақсы шығуы үшін екі саусағын екі құлағына қояды. Әбу Жухайфә (р.а.) былай дейді: «Біләлдің азан оқығанын көрдім. Ол жүзін оң мен сол жаққа бұрып, «Хаййә ‘аләс-Саләһ», «Хаййә ‘аләл-Фәләх» – деп жатты. Екі саусағы екі құлағында болатын».
  11. Азан мен қамат уақыты намазбен қатар қаза намаздары үшін де сүннет.
  12. Азан мен қамат арасында аздап уақыт бөлген абзал. Пайғамбарымыз Біләлға: «Біләл, азан мен қамат арасында тамақтанып отырған адамның тамағын асықпай бітіріп, асықпай қажеттіліктерін өтейтіндай уақыт бер»[4], – деді.
  13. Азан оқыған уақытта сөйлеуін доғарып, тіпті Құран оқыған адам да тоқтап, азан тыңдауы абзал. Кейбір көзқарастар бойынша, мешіт пен үйінде Құран оқыған адам, Құран оқуын тоқтатпай жалғастыруына болады.

Азан мен қаматты естушінің азаншымен бірге құпия оқуы – мұстахап. Бірақ, «Хаййә а’ләс-Саләһ», «Хаййә а’ләл-Фәләх» оқылғанда, тыңдаушы: «لا حَوْلَ وَلا قُوَّةَ إِلا باللَّهِ» «Ләә хаулә, уә ләә қууәтә иллә билләһ (Нағыз күш-қуат Аллада)» – деп айтады.

Азан оқылған соң былайша дұға оқылады:

اللَّهُمَّ رَبَّ هَذِهِ الدَّعْوَةِ التَّامَّةِ وَالصَّلاةِ الْقَائِمَةِ ، آتِ مُحَمَّدًا الْوَسِيلَةَ وَالْفَضِيلَةَ ، وَابْعَثْهُ الْمَقَامَ الْمَحْمُودَ الَّذِي وَعَدْتَهُ ، إنّك لا تخلف الميعاد

«Аллаһумма рәббә һәзиһид-да’уатит-тәәммә уәс-салатил-қааймә, әәти Мухаммәдәнил-уәсииләтә уәл-фадииләтә, уәд-дәрәжәтәр-рафии’та. Уәб’асһу мақамәм махмудәниллази уа’аттәһ. Иннәкә ләә тухлифул-ми’аад».

Мағынасы: «Ей, мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббы! Хазіреті Мұхаммедке арқау болуды, ерен ерекшелікті және жоғары дәрежені бер! Және де оны өзің уәде еткен «Махмуд шыңына» жеткіз. Сен өзіңнің берген уәдеңді орындайтыныңа ешқандай күмән жоқ».

Намаздан тыс және кейбір себептерге байланысты азан оқу – мәндүп. Бұлар:

  1. Бала дүниеге келгенде құлағына азан оқу. Алла Елшісі ﷺ) немересі Хазіреті Хасан туылғанда құлағына азан оқыған[5].
  2. Соғыс уақытында, өрт жағдайында азан оқу.
  3. Қатты ашуланған, науқастанған, жаман мінезді адамның немесе жан-жануардың құлағына азан оқу – мәндүп.
  4. Жын мен шайтан қорқынышты бір бейнеде көрінген кезде, бұлардың кесірінен сақтану үшін азан оқылады. Өйткені шайтанның азан оқылған кезде қашатындығы хадисте айтылады.

 (Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды)

________________

[1] Тирмизи, Салат, 33.

[2] Дарими, Салат, 7.

[3] Тирмизи, Салат, 29.

[4] А.б. Ханбәл, Муснәд,V, 143.

[5] Әбу Дәәуд, Әдәб, 107.

Бөлісу: