08
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Киім киістегі ысырап мәселесі

Киім киістегі ысырап мәселесі

Пәтуа all

Ысырапшылдық – Алла Тағала сүймейтін іс. Өйткені, ысырапшылдық жеке тұлғаға, отбасына, қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұл дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла Тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан-алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла Тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Себебі, берілген дүние-мүлік пәни дүниедегі тіршіліктің сәні ғана.

Ысырап қылу мен бірге тым сараңдық таныту да Исламға жат қылық. Себебі, пендені күтпеген жерінен рызықтандырушы, мал-мүлік беруші – Алла. Бірақ таршылық көрсек, сабырлық танытқанымыз абзал. Адамзатқа ненің керек, ненің керек емес екенін жақсы білетін Алла Тағала әрбір істі хикметпен жаратыны сөзсіз. Олай болса, дүниені сарп ету мен оған сараңдық таныту тек бір Аллаға тән сипат. Өйткені, Ол – мүліктердің Иесі.

Киім киістегі ысырап мәселесіне келсек, негізінде, адам баласы киім киюге мұқтаж. Киімсіз жүруі мүмкін емес. Ол – пендесіне берген Алланың сансыз нығметтердің бірі. Өйткені, Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шынында Алла Тағала Өзінің нығметтерінің белгісін құлының бойынан көргенді ұнатады», – деген.

Демек, таза әрі жарасымды киінген құлын Алла Тағала жақсы көретін болғаны. Бірақ адамдарға көрсету мақсатында немесе мақтану ниетімен менмендікке салынса, киімі тұрып мода қуып бірінің үстіне бірін алып жатса, ол – ысырап. Одан сақтанғанымыз дұрыс. Ысырапты Алла жек көреді.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

                        

Бөлісу: