12
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Тазалықта секемшіл болудың ғибадатқа тигізер қаупі

Пәтуа all

Ғалымдардың пікірінше, тазалықта шамадан тыс кету өз кезегінде өте машақатты іс. Зерттеулерге сүйенсек балалық шақта, яғни организмнің қалыптасу кезеңінде кірден, микробтан қатты сақтанғандарда жүре келе астма (демікпе) не өзге де аллергиялық және автоиммунды ауруларға жоғары бейімділік байқалады екен.

Мамандар осы кезге дейін астманың пайда болу және өршу себебін қоршаған ортаның, ауаның ластануынан деп түсіндіріп келген. Тыныс демікпесі (бронхиальная астма) бұл – тыныс алу жолдарындағы асқынған аллергиялық ауру және өкпедегі ұсақ бірліктердің бейбастақ иммундық реакция беруінен ұстайды. Мәселен, Польшаның ауасы ластанған көптеген қалаларынан Оңтүстік Швецияның климаты әлдеқайда тәуірірек. Дегенмен, онда астма және өзге аллергиялық аурулар Польшадағыдан әлдеқайда көптеп ұшырасатын көрінеді.

Лондон Гигиена және тропикалық медицина мектебінің эпидемиологы Дэвид Страчанның айтуынша, әдетте үлкен отбасынан шыққан балаларда аллергиялық тұмау, балалар экземасы, астма секілді аурулар сирек кездескен. Дәрігер мұның себебін «ойын балалары салдыр-салақ болып түрлі инфекцияларды үйге әкеледі, сөйтіп кішкентай бауырларында иммунитет қалыптастырады», – деп түсіндіреді.

Чарлотсвайл Вирджиния университетінде қызмет істейтін астма маманы Томас Платс Милстің айтуынша, Американың шалғай аудандарында балалар жұқпалы аурулармен ерте жастан ауырады екен, сондықтан осы өңірлерде астмамен ауырудың жоғары қаупі байқалмаған. Д. Страчанның пікірінше, белгілі жас аралығында бастан кешкен инфекция адамда өсе келе пайда болатын аллергиялық сезімталдықтың алдын алады.

Қазіргі таңда гигиена саласындағы ғалымдар шамадан тыс тазалықтың адамның иммундық жүйесіне тигізетін зардабын анықтау бағытында жұмыс істеуде. Мамандардың ендігі мақсаты – адам денсаулығына қандай гигиенаның зияны күштірек екенін анықтау. Балалар арасындағы жұқпалы аурулар мәселенің тек бір жағы ғана, мұның екінші жағын тіршілік ортасы адам ағзасы болып табылатын микробтар құрайды.

Лондон Университетінің қызметкері, бактериолог Джон Стэнфорд Хук кірдің құрамында бактериялардың ерекше түрлері өмір сүретіндігін және оның арамыздағы ластау кісілерді астма, аллергиялық тұмау тағысын тағы аурулардан қорғайтынын жазады. Батыста адамдар уақытының тым аз бөлігін үйден және жұмыс орнынан тысқары жерлерде өткізеді, яғни табиғат аясына көп шықпайды. Мұндай жағдайда микробтың организмге ену ықтималы төмендейді. Батыстықтардың астма және өзге де аллергиялық ауруларға шалдығу қаупінің тым жоғары болу себебін бәлкім осыдан іздегеніміз жөн шығар.

Қазіргі таңда адамды қоршаған ортадан толықтай оқшаулаған, стерилді (зарарсыздандырылған) шамадан тыс гигиеналық өмір салты бар. Дегенмен, адамның иммундық жүйесі қоршаған ортамен қарым-қатынасқа әбден мұқтаж. Біздер күнделікті тұрмыста бактериялар мен вирустарға ұшыраспасақ, оларды жасанды жолмен организмге егуге мәжбүр болуымыз мүмкін. Өйткені гигиена талаптары денсаулығымызды біршама сақтаса да ішінара пайдалы жақтарынан мақұрым қалдырады. Сондықтан, автоиммунды және аллергиялық аурулар пайда болады. Адамның иммундық жүйесін қайта үйрету арқылы астма, т.б. аллергиялық сырқат түрлеріне қарсы екпе (вакцина) табу жолында жаңа зерттеулер жүргізілуде.

Оксфорд университетінен Джулиан Хопкинс деген ізденуші астмамен, аллергиялық тұмаумен ауыратын қырық адамға микробактерия вакцинасын егіп, бақылау жүргізуде. Егер гигиенашылардың дегені дұрыс болып, сәтті шықса қолда бар вакциналарды қайта қарау, сондай-ақ, көптеген жаңа вакциналар жасап шығару қажеттігі туындайды. Мұндай жағдайда гигиена тұрғысынан микробтарды қатаң бақылауға алған батыстықтардың да бастапқы пікірлерін өзгертуге мәжбүр болары анық.

Мәселен, тазалық ауруымен өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ғалымдарының бірі шейх Әбу Саид деген кісі де ауырған. Бұл кісі ешкімге қолын ұстатпайтын, өзгелерге де қол тигізбейтін жан екен. Үйінде күндізтүні монша жағып, күніне тоғыз мәрте шомылған көрінеді. Уәзірі Әбу Саидтің жайын патшаға жеткізгенде патша онымен жүздескісі келеді. Сонда уәзір тұрып:

«Тақсыр, ол келмейді, мұнда келсе сарай әдебі бойынша өзін қолтықтан сүйеуге, оған сіздің құзырыңызда шашақты сүюі қажет болады. Ол шейх бұлардың бірін де істей алмайды», – депті. Патша Әбу Саидті көру үшін қалыптасқан қағидаларды алып тастайды. Осылайша сарайға бас сұққан Әбу Саидке: «Жастарды білім нәрімен сусындатқаныңыз үшін Алла сізге разы болсын», – дейді. Дереу уәзіріне бұрылып: «Шейхтің күндік жалақысы қанша?», – деп сұрайды уәзір: «Жүз ақша», – деп жауап қатады. Сонда патша тұрып: «Жүз ақша жетпейді. Менің атымнан сабын алуға жүз ақша тағы қосыңыз, біраз жүрегіндегі секемшілдік мен күдікті жуып шайсын», – деген екен. Мынадай тауып айтылған уәжден тосылған шейх Әбу Саид тазалық турасындағы шамадан тыс секемшілдігін қойып кетіпті деседі.

Тазалықта секемшіл болудың көңілді ғибадаттан суытуға, тәрк етуге апарып соғатын қаупі де бар. Адам алған бетінен таймаса, әу бастан-ақ мақсаты иманнан бездіру болған шайтанның өз қуыршағына айналдыруы оп-оңай. Олай болса, шектен шығудың арты жақсылыққа соқпайтынын ескеріп, тазалықта да таразы басын тең ұстаған абзал.

материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: