27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Зинақорлықтың қоғамға келтіретін зардабы

Зинақорлықтың қоғамға келтіретін зардабы

Пәтуа all

Жалпы зинақорлықтың, некесіз төсек қатынастарының жеке адамға да, қоршаған орта, қоғамға да тигізетін зиян-зардабы орасан зор. Оның зардаптары қазіргі заманғы түрлі ғылыми зерттеулермен де дәлелденген. Азғындықтың салдары туралы сонау алтыншы ғасырды өзінде-ақ ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтып өзінің хадистерінде баяндап өткен болатын.


Имам Ахметтен жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Менің үмбетім олардың арасында зинақорлық жайылғанға дейін амандық-саулықта болады. Ал зинақорлық жайылса, Алла Тағала олардың барлығына бірдей азап жіберуі ықтимал».

Әбу Яғладан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Менің үмбетім олардың арасында зинадан туған бала пайда болғанша дініне берік болады».

Баззардан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Егер зинақорлық жайылса кедейлік пен қаріп-қасерлік те жайлады».

Мұсылман үмбетінің алдыңғы толқындағы тақуалары, ғұламалар осы бір азғын күнәдан дін қарындастарын қатты ескертіп кеткен.Пайғамбардың (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Бір ауылда зина мен риба жайылса, Алла Тағала ол ауылды жоюға пәрмен береді».

Ибн Әбу Дуния Әнес ибн Мәліктен (р.а.) мынадай риуаят жеткізді: «Бірде ол қасында бір кісі бар Айша анаға (р.а.) барады. Сонда қасындағы кісі: «Уа, мұсылмандардың анасы! Зілзәлә туралы айтыңызшы», – дейді. Сонда Айша (р.а.): «Адамдар зинақорлыққа рұқсат беріп, арақ ішіп, аспаптарда ойнағанда, Алла Тағала жерге: «Сілкін! Егер олар райларынан қайтып, тәубе етсе тоқтат, әйтпесе, оларды құртқанша сілкін», – деп бұйырады. Сонда әлгі кісі: «Уа, мұсылмандардың анасы! Бұл олардың жазасы ма?» – деп сұрады. Сонда Айша (р.а.) : «Әрине. Бұл – иман келтіргендер үшін бір үгіт және рахым, ал кәпірлер үшін қорқыту, ескерту», – деген.

Табаранидың Муғжам кітабында Сағид ибн Жубәйр және тағы басқалардың Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаяттарында Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Қандай да бір қауым өлшем мен таразыны кемітіп өлшейтін болса, Алла Тағала оларға бір тамшы да жаңбыр түсірмейді. Қандайда бір елде зина жайылса, оларда өлім де жайылады. Қандай да бір елде риба-өсімқорлық жайылатын болса, оларға жындыларын үстем қылады. Қандай да бір елде кісі өлтіру көбейсе, оларға дұшпандарын үстем етеді. Қайбір елде Лұт қауымының күнәсы көбейсе, оларда жер жарылу, тарту оқиғалары көбейеді. Қандай да бір қауым жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюды тастайтын болса, олардың ізгі амалдары қабыл болмайды, дұғалары естілмейді».

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: