29
Жұма,
Наурыз

һижри

Ражаб (ережеп) – Жәннаттағы сүттен ақ, балдан тәтті өзен

Ражаб (ережеп) – Жәннаттағы сүттен ақ, балдан тәтті өзен

Ислам тарихы

Ислам діні бойынша әрбір айдың өзіндік қадір-қасиеттері болады. Айларды Алла тағала Құран кәрімде былайша баяндайды: «Расында Алла қасында көктер мен жерді жаратқаннан бері Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі – құрметті айлар». Осылайша, Құранда он екі ай аталып, оның төртеуі құрметті айлар екендігі ескертілген.

Осы төрт құрметті айдың бірі – ережеп айы. Қасиетті ережеп айында әрбір мұсылман пенде дұға, мінәжат, ғибадатын күшейтіп, Жаратушы Иемізді ұлықтап, пәктеуді бұрынғыдан да арттырады.

«Ережеп» сөзі араб тіліндегі «ражаба», яғни ұлықтау, мадақтау деген мағынаны білдіреді. Бұлай аталуының бірден-бір себебі – арабтар Исламнан бұрын осы айды ерекше ұлықтап, қадір тұтып барлық жағымсыз істерден іргесін аулақ салған. Ал, Ислам келгеннен кейін ережеп айының мәртебесі тіпті өсті. Бұл айда соғыспайтын, ұрыс-керіс, жанжал болмайтын. Бұл айда тәубә етушілерге Алланың рақметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннатта сүттен  ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол Ережеп деп аталады. Кімде-кім ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су  ішкізеді», – дейді. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы», – деген. Сондықтан, бұл айлардың қадірін біліп, босқа өткізіп алмай, Алланы көбірек еске алып, біліп-білмей істеген қателеріміз үшін кешірім сұрап, тәубеге келіп, Құран оқып, ілім үйренумен өткізгеніміз жөн. Төрт халифаның бірі Омар (р.а.) әр күні кешке өзінен: «Бүгін Алла үшін не істедім?», – деп сұрайтын. Яғни, әрбір адам күнде кешкісін Алла үшін не істегені жөнінде өзінен-өзі есеп алып отыруы керек.

Бұл айда ерекше істеген игі істерімізді тек бір Алланың разылығын табу мақсатында ғана жүзеге асырған дұрыс. Ал, «күнәларымызды кешірсін, ауруымызға шипа берсін, қарыздарымыздан құт-қарсын, кемшіліктерімізді толықтырсын, әлсіздерімізді қуаттандырсын, тіпті тозақ-тан қорғап, жәннатқа кіргізсін» дегеннен де бұрын «Алла өзің ғана бізге риза бола гөр» деп тілеген жөн. Егер де Алла разы болса, барлық ісіміз оңалады деген сөз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Сондай-ақ, ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) – деген дұғамен қасиетті айларды (ережеп, шағбан, рамазан)  бастайтын.

Иә, ережеп, шағбан айларында түрлі құлшылық пен игі істерді молайтып, сауапқа кенелсек, екінші жағынан солар арқылы алдымыздағы айлардың төресі Рамазанға  дайындық жасаған боламыз.

Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса,  жиырма жетінші түні – миғраж сапарына дөп келеді.

«Рағайыптың» сөздік мағынасы – «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал, «рағибә» «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарды білдіреді. Осыған байланысты «Ләйлә Рағайып» тіркесін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түні адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ айтып, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған.

Сөздік мағынасына қарасақ, бұл түн рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Бұл мүбәрак түннің бір ерекшелігі – қасиетті Рамазан айының келетіндігінен хабар беруінде. Ережеп, шағбан, Рамазан айлары бірінен соң бірі келеді, демек мұсылман-дар өз-өзін қадағаласа, бірте-бірте тақуа-лықтың шыңына шыға алады. Ережеп айының алғашқы жұмасының түніндегі Рағайып түні халық арасында он екі айдың сұлтаны деп танылған Рамазан айын, көңіл мен рухты және сананы кірден, жат ойлардан арылтып, пәк көңілмен бастауға әзірлену керектігін мұсылмандарға паш етеді.

Демек, Рағайып түні мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш сүйіншілеген хабаршы деуге болады.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дұшпандармен табанды күрес жүргізіп, әбден қажыған шағында, қасиетті Миғражды (түнгі серуен) нәсіп еткен еді.

Миғраж, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді.

Міне, ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріптің сауабы жүз немесе мыңға дейін көбейсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше, Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.

Сөз соңында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисін айта кеткенді жөн көрдік: «Бес түн бар дұға қайтарылмайтын, ережеп айының бірінші түні, шағбанның ортаңғы түні, жұма түні, екі айт түндерінде», – деген. Сондықтан, мол дұға жасауды ұмытпайық.

 Алла тағала қасиетті айлар мен қадірлі түндерде жасалған құлшылық, ғибадаттарымызды қабыл еткей! Әмин!

ummet.kz

Бөлісу: