20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Дұғалар кері қайтарылмайтын берекелі түн

Дұғалар кері қайтарылмайтын берекелі түн

Ислам тарихы

Шағбан айы – қасиетті Рамазанды сүйіншілейтін, әрі оған дайындайтын ай. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айда өзге айлардағы әдетінен көбірек ораза тұтатын болған.

Спортшылар олимпиада жүлдесіне қол жеткізу үшін қалай тер төгіп дайындалса, әрбір мұсылман да Рамазандағы сынақтан өту әрі сол айдағы ерекше сауап пен кешірім-жарылқауға жету үшін осы шағбан айынан дайындық жасауы қажет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) іс-әрекетінен осыны байқаймыз. Шағбан айындағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен Айша анамыз (р.а.) былай сыр шертеді: «Шағбан айындағыдай көп ораза ұс-тағандығын көрмедім» (Мүслім, Сиям, 176); «Алланың Елшісі кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім» (Бухари, Саум , 51);

Бұл айда құлшылық-ғибадаттардың көбірек жасалуының тағы бір сырын пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай ұқтырады: «Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен ережеп айларының ортасында мән бермей кететін айы. Бұл айда амалдар Алла тағаланың құзырына көтеріледі. Мен де амалдарымның ораза ұстаған кезімде Алланың құзырына көтерілгенін қалаймын» (Нисаи, Саум, 70).

Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Себебі шағбан айындағы елеулі де ерекше сәттердің бірі – Бараат түні. Бұл түн биыл наурыз айының 28-інен 29-ына қараған түнге сәйкес келеді. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан, бұл түнді пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді», – дей келе, «Алла тағала шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді», – деп те айтқаны бар (Сүнән-и Ибн Мажә, Иқамәтус Салат, 191).

Аллаға бір табан жақындаудың қамын жасау – баршамыздың шама-шарқымыздағы іс екені анық. Алланың мейірім-шапағатын шексіз төгем деген мүбәрак айлары да өтіп кетпей тұрып, сауапқа асығайық!

ummet.kz

Бөлісу: