19
Жұма,
Сәуір

һижри

Бүгін – дұғалар қабыл болатын мүбәрак түн

Бүгін – дұғалар қабыл болатын мүбәрак түн

Ислам тарихы

Бараат – күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Биыл Бараат түні біздің елде бүгін яғни, 28 наурыздан 29 наурызға қараған түнге сәйкес келіп тұр.

Бараат түні жайында Айша анамыз (р.а) былай айтқан. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Сонда ол (с.ғ.с): «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да», – деді (Бәйһақи).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айша анамызға: «Бұл түнде не болатынын білесің бе?» – деді. Айша анамыз (р.а): «Уа, Алла елшісі! Бұл түнде не болады?» – деді. Ол (с.ғ.с): «Онда адам балаларының осы жылда туылатыны және осы жылы дүниеден өтетіндері жазылады. Онда олардың амалдары (Алланың құзырына) көтеріліп, ризықтары (пенделеріне) түседі (белгіленеді)», – деді («Мишкат әл-Мәсабих», 115).

Иә, бұл түнде Алла Тағала кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбіреуін мейірімінен ұзақтатады, біреудің дәрежесін көтеріп, біреудікін түсіреді, біреуін сыйлыққа жетелейді, тағы біреуін одан құр қалдырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бес түнді ұйықтамай құлшылықпен өткізген адам міндетті түрде жәннатқа кіреді. Олар – Тәруия, Арапа, Құрбан айт, Ораза айт және Шағбанның он бесінші түндері», – деген («Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб», 2/98).

Дұға – ғибадаттың мәйегі. Алла Тағала пендесіне әрдайым дұға жасауды бұйырады. Осы түні дұғалардың қабыл болуы әбден мүмкін. Ендеше, әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ызасы болмауы қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуі тиіс.

Бұл қасиетті түнде орындаған барша құлшылықтарымызды, дұға – тілектерімізді Алла қабыл еткей. Барша күнәмізден тазартып, Рамазан айына аман-есен жеткізгей!

ummet.kz

Бөлісу: