19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

«Әһли бәйт» деген кімдер?

«Әһли бәйт» деген кімдер?

Ислам тарихы

Ислам дінінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жанұясы мен ең жақын туыстарын «Әһли бәйт» деп атайды. Әһли бәйтке жататындар – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайлары, хазреті Әли және оның отбасы мүшелері, хазреті Жағфар бин Әбу Талиб, хазреті Ақил бин Әбу Талиб, хазреті Аббас бин Абдулмутталиб және бұлардың отбасы мүшелері.

Міне, осы аты аталған ұлы тұлғалар және олардан тараған ұрпақтар пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең жақын адамдар болғандықтан, әһли бәйт деп аталады. Мұсылмандар арасында әһли бәйттің орны ерекше. Оларды өте қатты сыйлап, үнемі құрмет көрсетіп, тіпті қызметіне дайын тұрған.

Өзге мұсылман халықтары секілді, қазақ халқының да пайғамбар әулетіне деген құрметі шексіз болды. Абдулла ибн Аббастан риуаят бойынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Нығметімен сендерді ры-зықтандырғандығы үшін Алланы жақсы көріңдер. Мені де Алланы жақсы көргендерің үшін жақсы көріңдер. Мені жақсы көргендерің үшін әһли бәйтімді жақсы көріңдер» (Тирмизи, Манақиб (3792)).

Әһли бәйт мұсылмандар арасында сондай бір құрметке лайық болғанымен, оларға Алла кейбір мәселені харам етті. Атап айтар болсақ, әһли бәйт мүшелеріне Алла тағала зекет пен садақа алуды харам еткен. Оның орнына Алла тағала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әулетіне хадия (сыйлық) мен олжаның бестен бірін алуды халал еткен.

Мұсылмандардың баршасы әһли бәйтке құрмет көрсетуі пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жақсы көргендіктерінен туындайды. Алайда, шиит сенімін ұстанушы мұсылмандар әһли бәйт шеңберін тек қана пайғамбардың (с.ғ.с.) отбасы мүшелері, жұбайлары және Әли, Хасан, Хусейнмен шектейді. Жоғарыда аты аталған өзге тұлғаларды әһли бәйттен санамайды.

Құранда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайлары барша мұсылмандардың аналары саналғандықтан, әһли бәйтке кіретіндігі айтылады. «Ахзаб» сүресінің 33-аятында бұл жайында былай дейді: «(Ей, пайғамбардың жұбайлары!) Үйде отырыңдар, бұрынғы надандық кезіндегі жеңілтек әйелдер сияқты әлем-жәлем жасанып жүрмеңдер. Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, Аллаға және оның пайғамбарына бойұсыныңдар. Ей, пайғамбардың үй ішіндегілер! Алла сендердің күнәдан аулақ болғандарыңды, мүлде пәк болғандарыңды қалайды». Міне, осы аятта «әһли бәйіт» (үй ішіндегілер) деп айтылғандықтан, Абдулла бин Аббас, Уруа бин Зубайр, Икрима, Ата, Кәлби, Муқатил, Сайд бин Жубайр сынды ғалымдар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайлары да әһли бәйтке жататындығын білдірген. Сонымен қатар, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұбайлары  мүміндердің  анасы екендігін мына аят баян етеді: «Мүміндер пайғамбарларды өздерінен артық көруге тиіс. Пайғамбардың әйелдері олардың анасы тәрізді» («Ахзаб», 36).

Әһли бәйт мүшелері ішінен хазреті Әли (р.а.) мен хазреті Фатима анамыздан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпағы тарағандықтан, мұсылмандар оларды ерекше жақсы көретіні анық. Олар жайында да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жекелеген хадистері бар.  Сол хадистерге тоқтала кетейік: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде Әли, ұлдары Хасан мен Хусейн (р.а.) бірге болған кезде қолдарынан ұстап, үйге кіріп, Әли мен Фатима анамызды алдына отырғызып, Хасан мен Хусейнді құшақтап алып, үстіндегі киімін олардың үстіне жауып тұрып, мына аятты оқиды: «Әй, әһли бәйт! Алла сендердің күнә-дан аулақ болғандарыңды, мүлде пәк болғандарыңды қалайды» («Ахзаб», 33). Осы аятты оқып болып, артынан былайша дұға етеді: «Аллам, бұлар менің әһли бәйтім (отбасыларым). Бұлардың күнәларын өшір. Бұларды кірлерден тап-таза ет». (Тирмизи, Ахмад б. Ханбал, Мүслім риуаяты).

«Хз. Әнәс бин Мәлік былай дейді: «Әй, пайғамбар жанұясы (әһли бәйт)! Алла сендердің күнәдан аулақ болғандарыңды, мүлде пәк болғандарыңды қалайды» («Ахзаб», 33) деген аят нәзіл болған кезде пайғамбар (с.ғ.с.) таң намазына бара жатып, 6 ай бойы қызы Фатиманың есігінің алдынан өткен сайын: «Әй, әһли бәйт, намаз, намаз» деп «Ахзаб» сүресінің 33-аятын оқитын» (Тирмизи риуаяты).

«Сайд бин Әбу Уаққас риуаят етеді: «Ал Иса жайында саған мәлімет келгеннен кейін өзіңмен кім таласса да оларға: «Келіңдер! Балаларымызды, баларыңды, әйелдерімізді, әйелдеріңді, өздерімізді және өздеріңді шақырып алайық. Сонсоң Алланың лағынеті өтірікшілерге болсын!» деп қарғасайық де» («Әли Имран», 61) деген аят нәзіл болған кезде, Расулулла Әлиді, Фатиманы, Хасанды, Хусейнді шақырып, былай деді: «Аллам! Бұлар менің әһлім (жанұям)» (Тирмизи риуаяты).

Әһли бәйттен болған жандарға зекет алу, яғни зекеттен болған затты пайдалану харам деген едік. Бұл жайнда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Зекет Мұхаммедке (с.ғ.с.) де, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туыстарына да керек емес. Ол адамдардың кірі» (Мүслім, Зекат 167).

«Біз әһли бәйтпіз, бізге зекет халал емес» (Әбу Дауд, Зекат, 29).

Әбу Хүрәйрадан риуаят бойынша, Хасан бин Әли (р.а.) бала кезінде зекеттен келген құрмалардан бір құр-ма алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған қолындағы құрмасын тастауын бұйырып: «Сен білмейсің бе, біз зекет жемейміз», – деді (Бұхари, Зекат 57,60).

Язид бин Хайян Зәйд бин Әркамнан былай деп риуаят етеді: «Расулулла (с.ғ.с.): «Хабарыңыз болсын! Мен сендерге екі ауыр жүк қалдырдым. Бұлардың бірі – Алла тағаланың кітабы. Ол – Алланың жібі. Кім одан ұстаса, хидаятқа жетеді, кім оны тәрк етсе, адасады. Екіншісі – менің жанұям (әһли бәйтім)». Біз Зәйд б. Әркамнан: «Әйелдері де әһли бәйттен бе?», – деп сұрадық. Зәйд: «Жоқ! Аллаға ант етемін, әйел белгілі бір уақыт ер кісімен бірге болады. Содан кейін күйеуі оны талақ етсе, әйел де әкесіне, қауымына оралады. Расулулланың (с.ғ.с.) әһли бәйті өзінің жанұясы және өзінен кейін садақа алу харам болған туыстары», – деді» (Мүслім, Фазаилус сахаба 37).

Міне, көріп отырғаны-мыздай, әһли бәйттен болғандарға Алла зекет пен садақаны алуға, жеуге тыйым салған. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін бұл тыйым Әли, Ақил, Жағфар мен Аббас (р.а.) ұрпақтарына харам болып саналады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қажылық сапардан қайтар жолда, яғни Мекке мен Мәдинаның ортасында «Хум» деген құдықтың басына тоқтаған кезде жанындағы сахабаларына уағыз-насихат айта келе былай дейді: «Естеріңде болсын, ей, адамдар! Мен жай ғана бір адаммын. Раббымның елшісінің келуі және менің кетуім жақындағандай. Мен сендерге екі үлкен аманат қалдырамын: Біріншісі – Алланың кітабы, онда хидаят пен нұр бар. Сол себепті сендер Алланың кітабын ұстанып, оған қатты жабысыңдар. Екіншісі – әһли бәйтім (отбасым). Мен әһли бәйтім жайында сендерге Алланы еске түсіріп жатырмын» (Мүслім,Фәдаилус сахаба, 37).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сөзімен біздерге өзінің туыстарына дұрыс қарау мәселесін тілге тиек етті. Алайда, осы хадисті шиттер басқаша мақсатта қолданып, Әли (р.а.) және оның ұрпағы халифалыққа ең лайық деп ұранға айналдырды. Сол себепті Әлиден (р.а.) алдыңғы әділетті халифалар болған Әбу Бәкір, Омар, Османға (р.а.) тіл тигізіп, халифалығын мойындамаған.

Шииттердің сенімі бойынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығынан  қайтып келе жатып, Ғадир Хум деген жерге тоқтайды. Өйткені, өте маңызды мәселені сахабаларына айтпақ болады-мыс. Сол жерде Әлидің (р.а.) өзінен кейін мұрагер екендігін, оның имамдығын (халифалығын) және оның ұрпағы қияметке дейін имамдықты атқаратындығын жариялады-мыс. Шииттер осы екі аманат жайындағы хадисті сол жерде айтты деп, өз ұстанымдарын дәлелдеуге тырысады. Осындай жағдайларды тізбектей келе шииттер Әлиден тараған, күнәсіз деп қабыл еткен 12 имамға сенуді міндеттеп, оларға иман етуді иманның шарттарына қосады.

Ал әһли сүннет бойынша, ол жерде Әлиді мұрагер етіп қалдыру жайында әңгіме болмаған, бұл ойдан шығарылған негізі жоқ әңгіме. Егер Әлиді мұрагер етіп қалдырғанда, пайғам-барымыз (с.ғ.с.) өмірінің соңында 17 парыз намазға Әбу Бәкірді емес, Әлиді имамдыққа өткізер еді және соңғы сәтінде де бұл жайында ешқандай өсиет қалдырмады.

Ислам тарихына көз жүгіртер болсақ, расында да әһли бәйт үшін көптеген жанжалдар болғанын кө-реміз. Қала берсе, әһли бәйтті қудалауға ұшыратқан. Жазықсыз қудалауға ұшы-рағандықтан Хасан мен Хусейн (р.а.) ұрпақтарынан қаншама тұлғалар халифа билігіне қарсы көтеріліс жасады да.

Дегенмен, Ислам әлемінде әһли бәйтке көрсетілген құрметтің орны бөлек. Қаншама халифалар, хандар өз заманында әһли бәйттен болғандарға үлкен құрмет пен қошеметті жасағандығы мәлім. Ғалымдарымыз Хасаннан тараған нәсілге «шәриф», Хусейннің ұрпақтарына «сәйид» деп атау берген. Қазіргі таңда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әһли бәйтінен тараған ұрпақтар Ислам әлемінің көптеген жерінде өмір сүруде.

Мақаламыздың негізгі мақсаты – біреудің дәрежесін көтеру, екінші біреудің дәрежесін түсіру емес, тек шариғатымызда бұл жайында не айтылғандығын жеткізу ғана. Әрине, Алланың құзырында ешкім тегі мен ұлтына, нәсіліне қарап дәрежеленбейді. Құранда айтылғандай, Алланың құзырында ең ардақты жандар – тақуалар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да бір хадисінде ешбір арабтың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ деген.

материал «Мәзһабтар тарихы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: