19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Ықылас пен ниет – құлшылықтың өзегі

Ықылас пен ниет – құлшылықтың өзегі

Ислам тарихы

Алла ризашылығына ұмтылған ықылас пен ниет ихсан ұғымын байыта түседі.  Әрбір пенденің түпкі мақсаты – екі дүниеде де бақытқа қол жеткізу. Алла ол бақыттың кілтін қасиетті Ислам дініне қойған. Ал ғалымдарымыз   бірінші ниет (амалда ықыласты)  дұрыс болуы, екінші іс-әрекетің сүннетке сай болуы шариғат талабы  дейді.

Ендеше, әрбір құлшылықта Ықылас пен Ниеттің  алар орны айрықша. Мүміннің әрбір амалы  тек Алланың разылығы үшін болатындықтан ниет сөзі ықылас сөзімен мағыналас болып табылады.

Сондықтан да, ықылас пен ниет сөзінің мазмұны ихсан  ұғымының кеңейте түсетінін  байқаймыз.

Ықылас пен ниет – құлшылықтың өзегі һәм рухы, яғни құлшылықтың ихсан дәрежесінде болуы ықыласқа байланысты. Амалдың қабыл болып болмауының негізгі өлшемі де  ықылас пен ниетке байланысты. Бір сөзбен айтқанда, ықылас пен ниет жүрек амалдарының ең маңыздысы және  негізгісі.

Ықылас сөзінің тілдік мағынасы أَّخْلَصَ етістігінен туындаған сөз. «Бір нәрсені тазарту, оған басқа еш нәрсені араластырмау» деген мағынаны береді.  Ғалымдар бұл сөзге: «Аллаға ықылас риядан арылу деген сөз» - деп анықтама берген.

Ал термин ретінде, ширктің қандай түрінен болсын аулақ болып, бір Аллаға ғана сыйыну, құлшылық ету һәм Оның ғана разылығын көздеу, пенденің сыртқы әрекеті мен ішкі жан дүниесінің бірдей болуы деп түсінгеніміз  жөн.

Жалпы ықылас – пайғамбарлардың ең негізгі сипаттарының бірі болған. Қатардағы адам шынайы ықыласқа араға жылдар салып немесе тұтас өмірін сарп ету арқылы қол жеткізуі мүмкін, ал пайғамбарларда бұл сипат туа бітті болады.   «Мәриям» сүресінің  51-аятында Мұса (а.с.) жайында:

وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ مُوسَى إِنَّهُ كَانَ مُخْلَصًا وَكَانَ رَسُولاً نَبِيًّا

«Шүбәсіз, ол Алланың таңдаулы да ықыласты еткен хас құлы әрі (өзіне кітап берілген) елші һәм хақ пайғамбар еді», -деуі ықылас туралы сөзіміді айғақтайды.

Ықылас пен ниет туралы түсінікті кеңейтііп аша түсу үшін малғұн Шайтанның Құдайдың рақымынан аластатылғаннан кейінгі адам баласын қияметке дейін жанын салып азғыратындығын айтып ант ішуін мысалға алсақ та жеткілікті. Құранда: «Ібіліс: «Уа, Раббым! Ендеше, мені азғырып, адастырғаның (сынап сүріндіргенің) үшін (ант етемін), олар үшін жер бетіндегі  (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп, безендіріп қоямын, сөйтіп, олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда, ықыласты етілген құлдарыңның жөні басқа (мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын)», - деді[1].

Бұл туралы және бір аятта: «Расында, иман келтірген және Раббыларына толық тәуекел еткен жандарға оның ешқандай да пәрмені жүрмейді. Оның ықпалы тек оны дос тұтқандарға және оны Аллаға серік етіп қосқандарға ғана жүретін болады»[2] - деп шайтанның Алла жолында ықыласты болған адамдарға үстемдігі жүрмейтіндігі баяндалған.

Құран Кәрімде ықылас сөзі «مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ» тіркесімен он бір жерде келеді. Мағынасы адамдардың ширктің (Аллаға серік қосу) қандай түрінен болсын аулақ болып, таза иманда болуын білдіреді.

Шын ықылас ниетпен Алланың разылығын қалайтын жандардың сипаты Құранда былай сипатталады:

«Ендеше, жақын туыстарыңа, пақыр-міскінге және (ел-жұртынан жырақ жүрген) мұқтаж жолаушыға (қолыңдағы дүниеңнен) тиісті хақысын бер! Алланың разылығын қалайтын жандар үшін ең қайырлы іс, міне, сол. Олар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұраттарына жететіндер»[3] - делінген.

Жәннаттықтардың сипаттарының бірі бұл дүниедегі көрсеткен ықыластары екендігі мына аятта айтылған:

«Біз сендерді тек Алла разылығы үшін тамақтандырудамыз. Бұл жақсылығымыз үшін сендерден ешқандай қарымта да, алғыс та күтпейміз»[4]

Ал хадистегі ықылас жайында айтылған сөздерге келер болсақ.

إِنَّماَ الْأَعْمَالُ  بِالنِّياتِ وَإنّماَ لِكُلِّ امْرِئٍ ماَ نَوَى

«Расында амалдар ниетке байланысты. Кім нені ниет етсе соған ие болады»[5]- деген.  

Көптеген хадистерде ықыластың маңыздылығына назар аудартады. Алла елшісі (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын):

«Менің шапағатым шын ықыласпен «Лә илһә иллаллаһ» деп айтқандарға нәсіп болады. Себебі ықыласты пенденің жүрегі тілін, ал тілі жүрегін мақұлдайды»[6] - деген.

Тағы бір хадисте:

«Кімде-кім жүрегін иманның тысындағы нәрселерден тазартып, тек иманмен көркейтсе, құтылушылардан болады»,- делінген.

Амал мен ықылас – дене мен рух секілді бір-бірінен ажырамас дүниелер. Амалсыз ықылас болмайтындықтан, адам ешқандай амал жасамай «мен ықыластымын» деуі де қисынсыз. Ықылассыз жасаған амал рухсыз өлі дене іспетті. Сондықтан да қандай жоғары деңгейде жасалса да, бірақ онда ықылас болмаса, бүкіл есіктерді ашу мүмкін, алайда «Алланың разылығы» деген есікті аша алмайды.

Ықыласым кәміл емес деп амалды тастап қоюға  болмайды. Өйткені Алла жүректерді толық білуші.

Ықыласы кем адам шайтанның тұзағына да оңай түседі. Сондықтан әрдайым ықыласты арттыруға әрекеттену керек. Мүмін құлшылығының қабыл болып-болмағандығы туралы ойланбауы керек. Бұл – Алланың ісі. Қабыл болады деген үмітте болу қажет.

Ықылас пен ниетті жасаған ісіне  ақы дәмету, мансапқұмарлық, тойымсыздық секілді нәпсі тілектері жойып жіберетіндіктен аса сақ болған жөн.

Амалдың қабыл болуы ықыластың болуына тікелей байланысты. Хадис шәріптерде: «Ықылассыз жүректен жасалған дұғаны қабыл етпейді»[7] - дегені туралы жоғарыда да айтылды.

Қорыта айтқанда, шынайы  ықылас пен ниет мүміннің әрбір амалын ихсан дәрежесіне жеткізіп көтеріп тұрады.

Алла баршамыздың Өзі сүйген құлдарының арасындағы шынайы ықыласты пенделерден болуымызды нәсіп етсін! 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1] «Хижр» сүресі, 39-40-аяттар.

[2] «Нахл» сүресі, 99-100-аяттар.

[3] «Рум» сүресі, 38-аят.

[4] «Инсан» сүресі, 9-аят.

[5] Бұхари, 1; Муслим, 1907.

[6] Муснад, 2/307.

[7] Нәсай 

Нариман Исенов,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: