19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Исламда (ер мен әйел) киім мәселесіндегі өлшем қандай?

Исламда (ер мен әйел) киім мәселесіндегі өлшем қандай?

Ислам тарихы

Ислам терминологиясында, ер болсын, әйел болсын, мұсылмандардың жабылуы тиіс болған ағзаларын «әурет» дейді. Ер мен әйелдің әуретті жерлері бір-бірінен өзгеше болады.

Бір еркектің жұбайларынан басқа адамдардың алдында, мейлі ол еркек болсын, әйел болсын, әурет жері – Ханафилердің көзқарасы бойынша, кіндігінің астынан тізесінің астына дейін. Тізе де әурет болып саналады, ал кіндік әуреттен емес. Өйткені, Әзірет Паййғамбарымыздың (с.ғ.с) риуаят еткен бір хадисінде: «Кіндік пен тізенің арасы – әурет жер» делінген. Бұл айтылғандар дененің жабылуы тиіс болған ең төменгі шекті көрсетеді. Әрине, одан да артық жабыну дінімізде мұстахаб амал болып табылады.

Шафиғи мен Ханбәли мәзһабтары бойынша да, ер кісінің әурет жері тізе мен кіндіктің арасы. Алайда, бұл мәзһабтарда кіндік пен тізенің өзі әурет боп саналмайды. Сонымен қатар, Шафиғилерде әйелдерге, қандай да бір қажеттілік туындамайынша, бөгде ер кісілердің жүзі, қолы және аяқтарынан бөлек жерлеріне қарауға рұқсат жоқ.

Әйелдің әурет жерлеріне келетін болсақ, мәңгі бақи үйленуге рұқсат етілмеген ер кісілерге және үйленуге тыйым салынбаған бөтен ер адамдарға қарай әйелдердің әуретті жерлері әртүрлі болып келеді.

Үйленуге тыйым салынбаған бөтен ер кісілер үшін әйелдердің әуреті – қолдары мен жүзінен басқа барлық жері. Бұл мәселеде осы күнгі мәзһабтардың көзқарастарында қандай да бір айырмашылық жоқ. Құран Кәрімде Раббымыз әйелдердің жабылуына байланысты былай дейді:

«Мүмин әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Әуретті жерлерін ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ, еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауына дейін түсіріп тартсын». Бұл аяттағы «еріксіз көрінетін» жерлер – күнделікті өмірде көрсетуге болған қолдары мен жүзі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) балдызы Әсма дене пішімін көрсетіп тұратын киіммен жанына келгенінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан жүзін теріс бұрып:

«Әй, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен соң, (қолы мен жүзін көрсетіп) мына-мына жерлерінен басқа жерлерін көрсетпеуі керек» - дейді.

Әйелдердің аяқтарының әурет болып-болмайтындығы жайында Ханафилер арасында талас-тартыс бар. Басым көзқарас бойынша, аяқтар жабылуы керек болған жерлерден бөлек болып есептелінген. Қажеттілік туындамаған жағдайда бұл жерлерден бөлек ағзаларды бөтен еркектерге көрсетуге болмайды.

Ійелдердің мұсылман әйел алдындағы әурет жерлері – барлық мәзһабта бірдей тізесі мен кіндік арасы. Ал мұсылман әйелдердің мұсылман емес әйел алдындағы әурет жерлері – бөтен еркектердің алдындағы әуретті жерлеріндей.

Әйелдердің мәңгі үйленуге тыйым салынған әке, бауыр, ағасы, немере ағасы, нағашы секілді жақын туыстары алдындағы әурет жерлері – кеуде мен тізе арасы. Шаш, бас, құлақ, мойын, қол мен балтыр секілді ағзалардың бұл ер кісілерге көрінуінде әбестік жоқ.

Ер болсын, әйел болсын, жоғарыда көрсетілген өлшем шеңберінде киінген жағдайда киетін киімінің түрі, түсі, матасына қатысты қандай да бір шектеу жоқ. Исламда міндетті түрде киілуі тиіс бірыңғай киім үлгісі жоқ. Тек қана ескерілуі керек нәрсе: киген киімі дененің пішімін айқара етіп тұратындай жұқа және тар болмауы керек.

материал «Ислам дегеніміз не?» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: