26
Жұма,
Сәуір

һижри

Исламдағы ахлақ (этика) ғылымы

Исламдағы ахлақ (этика) ғылымы

Ислам тарихы

Мәдениетті болу мен көркем мінезді болу арасында жақынырақ байланыс бар. Мәдениет ұғымын жете түсініп, мәдениетті болудың алғашқы шарты кісінің көркем мінезге ұмтылуы және жағымсыз қылықтардан бойын аулақ ұстауында жатыр. Көркем мінезге ие адам ғана мәдениетті бола алады.

Сәйкесінше, мінезі нашар пенде мәдениетсіз ретінде саналады. Ислам діні, әрбір тұлғаның мінез-құлқының көркем болуына үлкен мән берген. Құран кәрімде де, Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде де ахлақ (мінез-құлық) тақырыбына көп тоқталынған. Тіпті көркем мінез-құлық мәселесінде

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірі бүкіл адамзат баласына ең үздік үлгі-өнеге бола алады. Бұл жайында Құран аяттарында былай делінген: «Алладан және ақырет күнінен жақсылықты үміт еткендер мен Алланы көп еске алған кісілерге Расулаллаға көркем өнегелер бар» («Ахзаб» сүресі, 21). «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4).

Расында да Пайғамбар (с.а.с.) дін тарату, үкім жүргізу, ел басқару барысында, т. б. іс-әрекеттерінде керемет үлгіні көрсетіп кеткен. Хадисінің бірінде: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім» деген. Бұл хадис Исламның өзінен бұрынғы тәңірлік діндерді толықтырып, көркейткен ең соңғы дін екенін көрсетеді. Әрі бұл міндетті атқаратын да Пайғамбарымыз (с.а.с.) екендігі білдірілген. Расулалланың (с.а.с.) Алла тағала тарапынан пайғамбар етіп жіберілуіндегі мақсатының өзі – көркем мінез-құлықты орнықтыру. Яғни, өзінің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, істеген ісі арқылы адам баласына үлгі болу. «Шынында, Алла тағала сұлу, сондықтан сұлулықты сүйеді. Көркем мінез-құлықтан разы болып, жаман әрі жағымсыз әдеттен жиренеді», «Мүминдердің иман жағынан ең күштісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны», «Сендердің ең қайырлыларың – әйелдеріңе ең жақсы қарағандарың және көркем мінезді болғандарың» сынды хадистері осыны айғақтайды. Ғұламалар Ислам діні мен көркем мінез-құлықты бұл дүниеміз бен о дүниеміздің баянды болуына бастайтынын айтуда. Пайғамбардың мына бір дұғасында бұл жайында анық айтылған: «Уа, Алла! Атқарған істерімнің кепілі болған дінімді баянды қыл. Өмір сүріп жатқан осы дүниемізді де баянды ет. Ақыретімізді де баянды қыл. Оларды әр түрлі қайырлы істерді атқаруға себепші ет.  Өлімді де (яғни, өлер шағымда жанымды қинамай, иманмен ал) әр түрлі жамандықтан сақта!» Көркем ахлақтың сүннетте орын алған ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – адамдарға қатаңдықпен емес, мейіріммен, дөрекі емес, биязылықпен, жатырқап, жақтырмай қарау емес, елпілдеп, құшақ жайып, жайраңдап қарсы алу. Сондықтан да Құран аятын да былай делінеді: «Мүминдер үшін былай делінген: «Ол тақуа кісілер, молшылықта да, жоқшылықта да Алла үшін (мал-мүлік) сарп етеді, ашу-ызаларын басып, адамдарды кешіреді. Алла тағала жақсылық жасаған кісілерді жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 134). Бір сөзінде сүйікті Пайғамбарымыз хазірет Айшаға (р.а.) қарап: «Айша, күдіксіз, Алла Рафиқ (биязы мінезді), биязылықты жақсы көреді. Қатаңдық және өзге де қытымыр мінездерге бермеген несібесін биязлықтың үлесіне береді» деген.

Бұдан шығатын нәрсе адамдарға кішіпейіл болып, ілтипат көрсету, бұл әрекетің несібеңді көбейтіп, көп сауапқа кенелтеді, ал қатаңдық пен дөрекілік абырой әкелмейді. Пайғамбардың салмақты да сабырлы, кішіпейіл әрі биязылығы туралы Құран кәрімде былай делінген: «(Мұхаммед ғ.с.), оларға Алланың мейірімімен жұмсақ сыңай таныттың. Егер тұрпайы, қатал болғаныңда, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларға кешірім етіп, жарылқау тіле, іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәуекел ет. Негізінде Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 159).

Тіпті, мешітке кіші дәрет сындырған наданға сахабалар ашуланып, жазаламақ болғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) ара түсіп әлгі кісіні кешірген. Пайғамбарымызға: «Уа, Алланың елшісі! Бәріміз де мейірімдіміз!» дегендерге былай деп жауап берді: «Бұл – біреуіңіздің жолдасына не тек бауырына ғана мейірім көрсетуі емес, барлығына бірдей мейірім көрсету». Сонымен қатар үлкенге құрмет, кішіге ізет жайында былай деген: «Үлкеніне кұрмет көрсетпеген, кішісіне мейірім, ізет етпеген әрі ғұламаларын танымаған адам менің үмбетімнен емес».

Бұл шексіз мейірімнен жан-жануарлар да несібелерін алды. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) аштықтан терісі сүйегіне жабысып, қарны қабысқан бір түйені көріп: «Сөйлеуге тілі жоқ мына жануарлар үшін Алладан қорқыңдар, оларды көлік етіп мініңдер, етін жұғымды етіп жеңдер» деген. Құрбанға шалынатын малдың да жанын қинамай шалуды, жан-жануарларға да мейіріммен қарауды үмбетіне үйретіп, былай деген: «Біріңіз құрбан шалатын пышағын жақсылап тұрып қайрасын, сөйтіп құрбанын қинамай шалсын». Ислам діні адамзат баласына жақсы мінез-құлық арқылы мәдениетті болудың ең әдемі үлгілерін ұсынған. Пайғамбарымыздың салып кеткен жолы, көрсетіп кеткен үлгі-өнегесі қияметке дейін мінез-құлығымыз бен болмысымыздың таразысы, өмір-тіршілігіміздің өлшемі болып қала бермек.

материал «Ислам және ғылым» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: