03
Жұма,
Мамыр

һижри

Ханса – Ислам тарихындағы тұңғыш ақын әйел

Ханса – Ислам тарихындағы тұңғыш ақын әйел

Ислам тарихы

«Егер таңертең, Алла қаласа, аман-есен тұрсаңдар, жауларыңа қарсы жігерлене шабыңдар! Соғыстың қызғанын көрсеңдер, оның ортасына кіріңдер. Құрмет-абыроймен жеңіске жетіп, мәңгілік бақи мекенге қол жеткізіңдер».

Ислам тарихында тіпті Исламнан да бұрын танымал атақты ақын әйел. Хансаның есімі – Тумадир. Хансаны Пайғамбарымыз (с.а.с.) тіпті араб халқының даңқты ақыны Имрулқайстан жоғары қоятын. Бір риуаятта хабар етілуінше, Ади ибн Хатим: «Имрулқайс – біздің бірінші ақынымыз», – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Керісінше, Ханса оның алдында тұрады», – деген.

Ханса поэзиясының шоқтығы оның жәһилият кезінде ағасы Сахрды жоқтап шығарған жыр шумақтарында көрінеді. Әлі күнге дейін араб поэзиясында осы жоқтаулардың алар орны ерекше. Оның жоқтауларында «Төңірегімнің бәрі жылап-сықтаған адамдар болмағанда, өз-өзімді өлтірер едім» деген мағынадағы өлең жолдары кездеседі. Ханса бұл жыр шумақтарына жүрегінің мұң-шерін, көңіл зарын арқау еткен.

Ал Ислам дәуірінде Сағд ибн Әбу Уаққастың (Алла оған разы болсын) парсыларға қарсы жүргізген Қадисия шайқасында Ханса төрт бірдей ұлын ұрысқа шығарып салып тұрып: «Балаларым менің, шын мәнінде, сендер өз еріктеріңмен дінге кіріп, өз ықтиярларыңмен қоныс аудардыңдар. Одан өзге құдай болмаған Алламен ант етейін! Сендер – бір әйелдің ұлдарысыңдар. Ешқашан әкелеріңе қиянат жасаған емеспін, нағашыларыңды да ұятқа қалдырған жоқпын. Тектеріңді былғамадым, нәсілдеріңді өзгертпедім. Сендер кәпірлерге қарсы соғыста Алла мұсылмандар үшін әзірлеген сыйды білесіңдер ме? Біліп қойыңдар, бақи мекен фәни мекеннен қайырлы.

Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Шыдаңдар! Сабырлылық танытыңдар! Мығым болыңдар! Алладан қорқыңдар! Әрине, құтыларсыңдар», – деген. «Егер таңертең, Алла қаласа, аман-есен тұрсаңдар, жауларыңа қарсы жігерлене шабыңдар! Соғыстың қызғанын көрсеңдер, оның ортасына кіріңдер. Құрмет-абыроймен жеңіске жетіп, мәңгілік бақи мекенге қол жеткізіңдер», – деп өсиет айтқан.

Міне, осылайша ағасының өліміне соншалық көз жасын төккен Ханса өз ұлдарына соғыстың ортасына кіріп, өліммен бетпе-бет келуге насихат етеді. Осы шайқаста оның төрт ұлы бірдей бірінен соң бірі шәһид болады. Ұлдарының қазасы жайлы хабар жеткенде Ханса: «Әлхамдулилләһ! Мұны мен Алланың алдында алға тартамын және олармен бірге жаннатта жинауын Алладан үміт етемін», – деген. Алла оған разы болсын!

материал «Асыл аналар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: