19
Жұма,
Сәуір

һижри

Қиямет күні есеп беруге қатысты мысалдар

Қиямет күні есеп беруге қатысты мысалдар

Ислам тарихы

Бірінші: Рия ретінде, жұртқа көрсету үшін амал қылғанның сұраққа алынуы.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні болғанда Алла пенделеріне үкім шығару үшін түседі. Барлық үмбеттер тізерлеп тұрады. Ең алдымен шақырылатын (пенде) – Құранды жаттаған адам(яғни қари), Алла жолында өлген адам және мал-дүниесі көп адам. Алла қариға: «Елшіме түсіргенімді саған үйретпедім бе?» – дейді. (Қари): «Иә, уа, Раббым!» – дейді. (Алла): «Үйреткен нәрсеме қандай амал қылдың?» – дейді. (Қари): «Күні-түні оны (Сен үшін) оқитын едім», – дейді. Алла оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Періштелер де оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Алла оған: «Бәлкім, «пәленше қари!» деп айтылуын қаладың! Солай айтылды!» – дейді. Сосын мал-дүние иесін әкеледі. Алла оған: «Біреудің қолына қарамайтындай етіп, саған кеңшілік жасамадым ба?» – дейді. «Иә, уа, Раббым!» – дейді. (Алла): «Саған бергендерім бойынша қандай амал қылдың?» – дейді. «Туыстарыммен қарым-қатынас жасадым, садақа бердім!» – дейді. Алла оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Періштелер де оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Алла оған: «Бәлкім, «пәленше жомарт!» деп айтылуын қаладың! Солай айтылды!» – дейді. Сосын Алла жолында өлгенді әкеледі. Алла оған: «Не үшін өлдің?» – дейді. Ол: «Сенің жолыңда соғысуға бұйырылдым да, соғысып өлдім», – дейді. Алла оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Періштелер де оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Алла оған: «Бәлкім, «пәленше батыр!» – деп айтылуын қаладың! Солай айтылды!» – дейді», – деген. Сосын Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғастырып Әбу Һурайраға: «Ей, Әбу Һурайра! Осы үшеуі Қиямет күні тозаққа ең алдымен отын болатындар!» – депті. Осы хадисті естігенде Муғауия (Алла оған разы болсын): «Кім дүние тіршілігін әрі оның сән-салтанатын қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз. Сондай-ақ олар онда кемшілікке ұшырамайды. Соларға Ақыретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниеде жасағандары жойылып кетеді. Негізінде, олардың істегендері босқа», – деген аятты оқитын болған.

Екінші: Жаратушының пендеге күнәларын көрсетуі Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Алла мүмінге жақындап, оны (басқалардан) тасалап, жасырып: «Мына күнәңді білесің бе? Мына күнәңді білесің бе?» – дейді. (Мүмін): «Иә, уа, Раббым!» – дейді. Күнәларын мойындағанда, өзінше: «құрыдым!» деп ойлайды. (Алла): «Сен үшін дүниеде (күнәларыңды жұрттан) жасырған едім. Ал бүгін кешіремін!» – деп, жақсылықтар кітабы беріледі. Ал кәпірлер мен екіжүзділер болса бүкіл жұрт алдында: «Міне, бұлар – Раббыларына өтірік айтқандар. Алланың қарғысы залымдарға тән!» – деп масқара етіледі», – деген.

Үшінші: Пенденің кейбір сауапты істерді орындамағаны үшін сұралуы Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні Алла тағала: «Ей, Адам баласы! Ауырдым, сен менің көңілімді сұрауға келмедің», – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Сенің көңіліңді қалай сұрап бармақпын?! Өзің әлемдердің Раббысы болсаң?», – дейді. (Сонда Алла тағала): «Сен білмедің бе? Пәлен деген пендем ауырғанда көңілін сұрап бармадың. Сен білмедің бе? Егер оның көңілін сұрап келгеніңде, Мені оның алдынан табар едің», – дейді. (Сосын): «Ей, Адам баласы! Сенен тамақ сұрадым, Маған тамақ берген жоқсың», – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Сені қалай тамақтандырамын?! Өзің әлемдердің Раббысы болсаң», – дейді. (Алла тағала): «Сен білмедің бе? Сенен пәлен деген пендем тамақ сұрағанда, тамақтандырмадың. Сен білмедің бе? Егер оны тамақтандырғаныңда оныңды Менің алдымнан табар едің», – дейді. (Сосын): «Ей, Адам баласы! Сенен су сұрадым, су бермедің», – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Саған қалай су беремін?! Өзің әлемдердің Раббысы болсаң», – дейді. (Сонда Алла тағала): «Сенен пәлен деген пендем су сұрағанда бермедің. Егер оған су бергеніңде, оныңды Менің алдымнан табар едің», – деп айтады», – деген.

материал “Ақырет өткелдері”кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: