28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Жындар мен шайтандардың мүминдерге бас июі

Жындар мен шайтандардың мүминдерге бас июі

Ислам тарихы

Пайғамбарымыздың шайтанды ұстап алуы

Әбу Һұрайра Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дегенін баяндайды: «Кеше кешкісін бір жын намаз оқуыма кедергі жасау үшін алдымнан шықты. Алланың құдіретімен оны тырп еткізбей ұстап алдым. Былайғы жұрт тамашалап, көрсін деп оны мешіт бағаналарының біріне шандып байлап қойғым келді. Бірақ сол сәтте бауырым Сүлейменнің мына дұғасы есіме түсті: «Ей, Раббым! Мені кеше гөр. Маған менен кейін ешкімге нәсіп болмайтындай мүмкіндік бер. Себебі сен жақсылықтарды үйіп-төгіп беретін Уаһһабсың!» (Сад, 38/35). Осы дұғаны іштей күбірлеп, оны қуып жібердім.

Басқа бір риуаятта мынадай қосымша дерек бар: «Егер Сүлейменнің (а.с.) дұғасы болмағанда, ібіліс сол жерде соры қайнап, байлаулы тұратын еді. Сөйтіп, Мәдина балаларының ермегіне айналар еді».

Омардың (р.а.) шайтанмен күресі және оны жеңуі

Әбу Уаил (р.а.) әңгімелейді: «Мұны мен Абдуллаһтан естіген едім: «Бірде шайтан бір сахабамен кездесіп қалып, екеуі алыса кетеді. Сахаба оны астына жығып алады. Алқымынан алып, буындырады. Зәресі ұшқан шайтан: «Егер мені босатсаң, саған естіген заматта шайтан атаулының барлығы тым-тырақай қашатын бір аят бар, оның қандай аят екенін айтамын», – деп жалынды. Сахаба оны босатып еді, шайтан берген сертінен айнып шыға келеді. Сахаба оны екі бүктеп қайта астына жығып алды. Тағы да сөз беріп, жанын арашалап алған шайтан баяғы әніне басады. Үшінші рет жерге жыққанда амалы таусылған шайтан құпия аяттың «Бақара» сүресіндегі «Аятүл-Күрси» екендігін жайып салды. «Ей, Абдуллаһ! Ол батырдың есімі кім?» – деп сұрағанда, Абдуллаһ: «Хазірет Омардан басқа кім болушы еді», – деп жымиды.

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: