28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Мұсылмандардың бірлігіне кедергі болатын жайттар

Мұсылмандардың бірлігіне кедергі болатын жайттар

Ислам тарихы

Мұсылмандардың бірлігіне кедергі болатын жайттар:

1. Қате ақида. Мұсылманның бұл фәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына байланысты. Аллаға деген сенім дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, жүрегі жай табады. Ал ақидасы қате болса, тура жолдан ауытқығаны, оның Алла разылығы үшін жасап жатқан амалдарынан еш пайда болмағаны. Сол себепті сенім ілімі ең маңызды ілімдердің қатарында. Ондай ауытқулар байқалған жағдайда міндетті түрде сенімді негіздерге сүйене отырып, жөнделуі тиіс. Сенім дұрыс қалыптаспаған адамдардың жүрегінде күмән болғандықтан әркез мұсылмандардың арасында осы дертін жаюға тырысады. Ақидадағы қате түсінік қазіргі уақытта еліміздегі мұсылмандар арасын бөлудегі негізгі себептерден болып отыр. Аллаға тән сипаттарды олар тікелей түсініп, Құранның ауыспалы астарлы мағыналарын қолдануға қарсы. Олардың сенімі бойынша Алла мүшелерден тұрады, оның екі қолы, көзі, беті, аяғы бар, ол аспанда тақта отыр және т.б. осы сияқты адасулар. Мұндай сенімнен әлбетте бас тарту керек. Осы орайда олар басқа мұсылмандардың ақидасын қатеге шығарып, мұсылмандардың бірлігіне, бауырмашылдығына жік салуда.

2. Мазһабсыздық. Ислами білім азайған уақытта дінге кірген мұсылмандардың бір ғалымның артынан еріп, оның айтқанына жүгінуі міндетті амалдардан. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап, Ислам мазһабтары мұсылман арасындағы бірліктің, ынтымақтың негізгі факторы ретінде қаралған. Өйткені, әр адам өз бетінше шариғатты түсінуге тырысса, уақыт өте мұсылман қоғамында бір-біріне қарсы, бір-біріне бағынбайтын бірнеше топтардың пайда болуына апарады. Бұл өз кезегінде мұсылмандар арасындағы алауыздықтың алғашқы қадамы.

3. Басшыға бағынбау. Басшылыққа бағынбау бауырмашылдыққа кедергі болатын негізгі себептердің бірі. Қазіргі замандағы мұсылман мемлекеттеріндегі нәубеттердің ең негізгі себебі – басшыға бағынбау. Алла тағала Құран кәрімде:
«Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы».
Мұның айқын көрінісі ретінде мешітке келуші кейбір жат ағым өкілдерінің заңды түрде мемлекет тарапынан бекітілген имамдарға бағынбауын, оларға мұсылмандарды қарсы қоюын мысалға келтіруге болады.

4. Діндегі парыз амалдардан сүннет амалдарды жоғары қоюы. Кейбір жат ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрған мұсылмандарға кейбір парыз емес, абзал болған амалдарды (сақал өсіру, мисуак қолдану, балақ қысқарту) міндеттеп, діннің негізі ретінде көрсетеді. Дінге жаңа ғана бет бұрған ол діннің негізі осы екен деп ол амалдарды жасамаған мұсылмандардың әрекетін жат көреді, оларды пасыққа шығарады. Осылайша, мұсылман қоғамын жік-жікке бөліп, бөлінуіне апарады. Сөйтіп, қарапайым халықтың алдында пайғамбарымыздың (с.а.у.) абзал болған сүннеті тұрпайы көрінуде.

5. Әл-уәләә уәл-бараа немесе Алла разылығы үшін жақсы көру, Алла разылығы үшін жек көру мәселесіндегі қате ұстаным.
Әл-уәләә – Алла тағаланы және оның пайғамбарын, мұсылмандарды жақсы көру.
Әл-Бараа – Алла тағалаға, пайғамбарға, мұсылмандарға қарсы шыққан кәпірлерді, мүшріктерді, екіжүзділерді, пасықтарды жек көру.
Бұл дегеніміз, Алланың әмірлерін, пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеттерін бұлжытпай орындайтын мүміндерді жақсы көріп оларға жәрдемдесу. Алла тағала Құран кәрімде:
«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла мейіріміне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана».
Егер мұсылман емес басқа дін өкілі болатын болса, ол сен үшін мұсылман бауырыңнан төмен болғанымен, онымен қарым-қатынаста шектен шығып астамшылдық жасауға болмайды. Тарих куә, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде де, одан кейінгі алтын ғасырларда мұсылмандар мен басқа дін өкілдері тату-тәтті бейбітшілікте өмір сүріп келген. Оларды діндері үшін қудалау, байлықтарына көз аларту кездеспеген. Мұның айқын көрінісі ретінде жүзден астам ұлттың Отанына айналған елімізді мысалға келтіруге болады.
Мұсылманды басқа қауымдардан жақын көру - шынайы мұсылманның сипаттарынан. Кімде-кім басқа қауымды өзінің мұсылман бауырына қарағанда жақынырақ тартса, бұл оның иманының әлсіздігі. Алла тағала Құран кәрімде:
«Шынайы түрде сендердің достарың Алла және Елшісі және де намазды толық орындайтын, зекет беретін әрі рүкуғ қылушы мүміндер».
Иманның кәміл болуының бірден бір жолы – біреуді Алла разылығы үшін жек көріп, Алла разылығы үшін жақсы көру. Пайғамбарымыздың хадисінде келгендей:
«Кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе және кім Алла разылығы үшін берсе, тыйым салса, иманы толық болады».
Мұсылмандар арасына жік салуды мақсат ететін кейбір жат ағым өкілдері осы ұстанымды негізге ала отырып, Аллаға құлшылық жасап, бес парызын орындап жүрген, алайда олардың ұстанымымен санаспайтын мұсылмандарды шектеп, Алла разылығы үшін жек көру керектігін алға тартады. Бұл ұстанымды қолдайтын жат ағым өкілдері өзге мұсылман топтармен байланыспай Исламдағы бауырмашылдыққа балта шабуда. Олар үшін бірінші болып амандасуға, қандай бір қиын жағдайда көмек қолын ұсыну, рұқсат етілмейді. Осы жолға шақырып жүрген кейбір уағызшылар өздерінен бөлек бағыттағы мұсылмандармен үзілді-кесілді қыз алысып, қыз берісуге де қарсы. Мүшрік, кәпірлерге қатысты түскен аяттарды өздеріне қарсы бағыттағы мұсылмандарға қолдануда. Бұл надандықтың, білімсіздіктің белгісі.
Жоғарыдағы аталған себептер Ислам үмбетін жегідей жеп, іштей құлдыратуда. Құран аяттарында, пайғамбар (с.а.у.) хадистерінде келген тікелей әмірге қарсы келуде. Мұсылман үмбетінің осындай кедергілерге мойымай, нәпсінің айдағанына ермей, таза ақыл-ойға жүгініп, пікір қылатын кез келді. Алла еліміздегі мұсылмандардың ынтымағын арттырсын!

материал «Ислам жарастыра ма, таластыра ма?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: