28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Шайтанның адамның денесіне кіріп алуы

Шайтанның адамның денесіне кіріп алуы

Ислам тарихы

Кейбір хадистерде шайтанның адамның денесіне кіріп, орнығып алатындығы айтылады. Әбу Һурайра (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ұйқыдан тұрғанда, үш рет сіңбіріңдер, өйткені шайтан мұрынның ішіне түнейді», – деген.

Хадистегі «хәйшум» сөзі мұрын қуысы, мұрының ең жоғарғы бөлігі, мұрынның жалпы құрылысы немесе мұрынның ең жоғары жағындағы миға жақын жердегі шеміршекке ұқсайтын бөлік деген мағыналарға келеді. Бір-біріне жақын бұл мағыналардың бәрінде де мақсат бір. Шайтан мұрын тесіктерін пайдаланып адамның ішіне кіріп сол жерде түнейді.
Қади Ияд секілді кейбір ғалымдардың пікірінше, Алла елшісінің бұл сөзі ақиқат. Өйткені мұрын дененің жүрекке ашылған терезесі. Құлақ пен мұрыннан басқа үздіксіз ашық тұратын тесік жоқ. Ал шайтан жабық тұрған нәрсені аша алмайды.
Имам Нәуәуи бұл хадисті ауыспалы мағынадағы теңеу деп жорыған. Өйткені шаң-топырақ және ылғал, бірқатар зиянды микробтар мұрын тесіктерінен ішке кіріп, адамның денсаулығына қауіп төндіреді.
Шайтанның адам денесінде жасырынатын орынның бірі – тырнақтың асты. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сақалдарыңды қысқартып, тырнақтарыңды алыңдар. Себебі шайтан тырнақтың астына кіреді» деп айтқан. Бұл хадисті алдыңғы хадиспен бірдей шеңберде қарастыруға болады. Өсіп кеткен тырнақтың астында көптеген лас, кір, зиянды нәрселер мен микробтардың жиналатынына һәм ұсқынсыз болып көрінетініне күмән жоқ.
Тура сол категорияға жатқызуға болатын басқа бір жайт – «есінеу». Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Есінеу – шайтаннан. Кімде-кім есінегісі келсе, шамасы келгенше жеңуге тырыссын» деген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім есінесе, қолымен аузын жапсын, өйткені шайтан ауыздан ішке қарай кіреді» деп айтылған.
Негізінде, есінеу – адамның жалқаулығы мен ғапылдығынан болады. Мұндай халдерді шайтан жақсы көретіндігі үшін соған телініп, «Есінеу – шайтаннан» делінген. Есінеу – түшкіруге керісінше, дененің ауырлағанын, қарынның тоқтығын, рақат пен жалқаулыққа деген бейімділікті көрсетеді. Бұлардың барлығы – шайтанның адамға ықпал ететін жолдары.
Шайтанның ашу-ызаны қолдануы. Адам қалыпты жағдайда ұстамды болады және мұндай кезде күнәдан алыс тұрады. Алайда шайтан көбіне-көп адамға өзінің ықпалын тигізіп, оны өзінің табиғатына қайшы әрекет етуге итермелейді. Ашу қысқан сәтте адамдардың төзімсіз болатыны һәм ақыл-ойы мен іс-қимылын басқара алмайтыны мәлім.
Ашу – адамның табиғатында бар сезім. Ашуланбайтын адам жоқ. Ол біреуде аз, біреуде көп болады. Барлық нәрсе әрқашан сен қалағандай бола бермейді. Кейде біреудің айтқан сөзі немесе жасаған қимылы сенің мазаңды кетіріп, ашулануың мүмкін. Бұл бір жағынан қалыпты жағдай. Қалыпты нәрсе болмаса, ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүлде ашуланбас еді. Онсыз да адамнан талап етілетін нәрсе ашулану емес, бәлкім, ашуланған сәтте оны жеңуге тырысу, тура сол сәтте ашуланбағандай болып әрекет ету. Дінімізде ашуланбау емес, ашуды жеңу талап етілген. Ашу тудыратындай сәтте ұстамды болу немесе ұстамсыз әрекетке барудан ашу-ызаның нәтижесі де өзгереді. «Ашу-ызалы кезде адамның тепе-теңдігі бұзылады, не істеп қойғанын білмейтін халде болады, яки өзгелерді ұрысып-балағағаттайды, төбелесіп, ұрып-соғады, қол көтеру сынды артынан өкініп опық жейтін әрекеттерге жол беріп, осылайша Алла тыйым салған нәрселерді жасайды. Бір сәттік ашу адамға қылмыс жасатып, өмір бойы бақытсыз ететін іс-әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Бақылаудан шыққан ашудың соңы көбінесе бұдан кейін ешбір пайдасы жоқ өкініш болады. Олай болса, ашу абсолютті түрде жоғалып кетпейді. Оған шыдап төзе білген адамға сауап жазылады. Құран тақуа иелерінің сипаттарын тізбектегенде: «Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді», («Әли Имран», 134) дейді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Нағыз күшті адам − ашуланған кезде ашуын жеңе білген адам», – деп айтқан.
Пайғамбарымыз да кейде ашуланған, бірақ әр уақыт Алланың разылығын көздеп әрекет еткен және сондай сәтте де әдептілігімен біздерге үлгі болған. Шақиқ (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Ардақты Пайғамбар соғыстан түскен олжаны таратып жатқанда, ансарлардан біреу: «Бұл жерде Алланың разылығы көзделмеді, әділдік болған жоқ», – деді. Мен: «Аллаға ант етейін, мұны Расулаллаға барып айтамын дедім. Ардақты Пайғамбарға келіп едім, қасында адамдар бар екен, әлгі кісінің айтқандарын құлағына сыбырлап айттым. Алла елшісі дереу сол сәтте қатты ашуланды, тіпті жүзі қызарып кетті. Артынша: «Алла тағала Мұсаға рақым етсін. Ол бұдан да бетеріне душар болып жәбір шекті және сабыр етті» деп айтты».
Тақырыпқа қатысты мынадай оқиға айтылады: «Бір күні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдында отырған екі кісі бір-бірімен салғыласып, аяқ астынан ренжісіп қалады. Біреуі қатты ызаланып, терісіне сыймай қып-қызыл болып кетеді. Мұны көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен бір сөз білемін. Егер мына ашуға булыққан адам сол сөзді айтса, Алла оның ашуын басады. Ол сөз – «Әғузу билләһи минәш-шайтанир-ражим» (Алланың мейірімнен мақұрым қалған шайтанның азғыруынан Аллаға сиынамын)» – дейді. Әлгі адамға «Алла елшісінің айтқанын естімедің бе?» – делінгенде, ол: «Мен жынды емеспін» деп қарсылық білдірген».
Ашуын жеңген адамның һәм ашуландырған адамнан һәм ол адамның шайтаны мен өзінің шайтанынан үстем болатыны хабар берілген126.
Бұрқ еткен ашу – адамның шайтанның ізіне қадам басуы деген сөз. Өзіне ие болып ашуын жеңгендер, бір қарағанда өзіне жағымсыз болып көрінген жағдайды сабыр етіп сауап алуымен өзінің пайдасына өзгерткен болады.
Туылған нәрестені шайтанның түртуі
Адам баласының табиғаты қатпар-қатпар тылсымға толы. Оның болмысы өте тамаша жаратылған. оның тұла бойында бірқатар рухани һәм физикалық механизмдер мен сезімдер бар. Бұлардың бәрінен хабардар шайтан адам баласы жүрген барлық жерге мұрнын тығуға тырысады. Тіпті адам жүрмекші болған барлық жолда оның алдынан шығуды мақсат етеді. Біреуінде болмаса әйтеуір бірінде оның аяғын тайдырып, омақаса құлатуды көздейді. Алланың тура жолында кесе-көлденең отырып алып адамды өткізбеуге тырысады. Осы жайлы шайтанның сөзі аятта былай берілген: «Мен де оларды тынбай азғырып, адастыру үшін Сенің тура жолыңа кесе-көлденеңдеп отырып аламын. Содан кейін олардың кейде алдынан, кейде артынан, кей кезде оң жағынан, кей кезде сол жағынан келіп азғырамын» («Ағраф», 16, 17). Шайтан өз жоспарын жүзеге асыруды уақыт жоғалтудан бастайды. Адам баласы ана жатырында түскен сәттен бастап оған қол салғысы келеді. Сол үшін Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге: «Сіздердің біріңіз әйеліне жақындаспақ болса, «Бисмиллә, Аллаһуммә жәннибнәш-шайтана уә жәннибиш-шайтана мә разақтанә» деп айтсын. Егер осы (төсек қатынасының нәтижесінде) араларында бала пайда болса, ол балаға шайтан ешқашан зиянын тигізе алмайды» деп кеңес берген. Себебі ерлі-зайыптылар қосылмақшы болған сәттен бастап жын-шайтандар араласатын орта туындайды. Егер жоғарыдағыдай дұға болмаса, шайтанның кесір-кесапаты ата-анаға және олардан пайда болатын балаға да тиюі мүмкін, әсіресе жатырдағы шаранаға әсер етуі мүмкін. Әбу Һурайра (радиаллаһу анһ) Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласынан туылған әрбір нәрестені шайтан (сұқ) саусағымен түртеді. Осы себепті нәресте шыр етеді. Тек Мәриям бинт Имран мен оның ұлы Иса бұдан тысқары» деген хадисті жеткізген соң, «қаласаңдар, мына аятты оқыңдар» деген: «Мен оны һәм ұрпағын рақымыңнан қуылған шайтаннан сақтай көр деп, бір Өзіңе сиынамын» («Әли Имран», 36) деп, анасы әзірет Мәриямға жүкті болған кезінде, Алла тағаладан оны қорғауын сұрап, дәл осылай дұға еткен болатын.
Қади Иядтың пікірінше, Иса пайғамбар мен оның анасы әзірет Мәриямға қатысты айтылған бұл жағдай күллі пағамбарларға да қатысты. Иса пайғамбар мен әзірет Мәриямға тиіспеген шайтанның ғаламның мырзасы Мұхаммед Мұстафаға да (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тиіспейтіні анық.

материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: