28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Зәмзәм суының сыры неде?

Зәмзәм суының сыры неде?

Ислам тарихы

Әбдімүттәліп ерекше басшылық қасиетімен көзге түсіп, арада жылдар зулап өтіп жатты. Тіпті бір күні Меккені басқаратын жағдайға да жетті. Бірде, жаздың аптапты ыстық күннің бірінде Қағба маңындағы Хижр деген жерде көлеңкеде демалып жатқан. Кенет ұйқы басып, көзі ілініп кетіп, түс көрді.

Түсінде жүзінен нұр тамған бір кісі келді де:
– Балам, қанеки, жылдам орныңнан тұр. Қолыңа қайла мен күрегіңді алып Таибаны қаз! – деді. Әбдімүттәліп:
– Таиба деп нені айтып тұрсыз? – дей беріп еді, әлгі кісі көзден ғайып болды. Сол сәтте өзі де оянып кетті. Орнынан апыл-ғұпыл тұрып, жан-жағына қарады. «Өңім бе әлде түсім бе, Таиба деген не нәрсе өзі?» Осыдан соң ол күні бойы ойланып жүрді. Бірақ түсі жайында ешкімге тіс жармады. Ертеңіне дәл сол жерге барып отырды. Тағы да ұйықтап кетіп әлгі адамды көрді. Ол:
– Тұр, балам! Ұйықтайтын кез емес. Қолыңа қайла мен күрегіңді алып жылдам Бәррәні қаз! – деді.
Ол сұрап үлгермей жатып оянып кетті. «Бәррә. Бәррә «жақсылық» деген сөз емес пе?» Үшінші күні тағы да түстің жалғасын көрді. Бұл жолы әлгі кісі:
– Балам, қазатын мезгіл жетті. Орныңнан тұрып Мәднунәні қаз! – деді де, әдеттегідей ғайып болып, өзі оянып кетті. «Мәднунә. Бұл – «көмілген қазына» деген сөз емес пе? Ондай қазынаны мен қайдан таппақпын. Расында бұл не өзі?» Төртінші күні ақырғы рет әлгі кісі қайта түсіне еніп:
– Балам, тұр орныңнан. Қолыңа қайла мен күрегіңді алып Зәмзәмді қаз! – деді. Әбдімүттәліп:
– Зәмзәм деп нені меңзеп тұрсыз, оны қайдан табамын? – деп сұрады.
– Зәмзәм құдығын қазсаң, өкінбейсің. Ол – сенің ата-бабаларыңнан қалған мұра. Зәмзәм – киелі су. Ол құдықтың қайнары ешқашан суалмақ емес. Суы қияметке дейінгі қажыларға жетіп артылады.
– Оны қалай табамын? – деп сұрайды.
– Ол құрбандардың қаны аққан жер мен ішек-қарын тазаланатын жердің арасында. Ала қанатты қарға келіп ол жерді шұқиды һәм сол маңайда құмырсқаның илеуі бар!
Ол ұйқысынан қобалжып оянды. Зәмзәм аңызы жайлы естігені бар болатын. Меккеде онсыз да бір дүйім елге жетерлік бірнеше құдық бар еді. Өте ерте заманда осы мекенде жүрһімлілер өмір сүрген-тін. Олар бірде алмағайып заман орнап, аяқ астынан Меккеден кетуге мәжбүр болады. Олар көшіп бара жатып бар байлығын Зәмзәм құдығына көміп, орнын білінбейтіндей етіп жауып кетеді. Бейбіт заман орнағанда, қайта Меккеге оралып, құдықты қазып, байлықтарын алмақшы болған. Әйтсе де олар сол кеткеннен мол кетіп оралмайды. Олар кеткелі талай ұрпақ өтті. Ал Зәмзәм құдығы туралы ақиқат ұрпақтан ұрпаққа жалғасып ақыр соңында ел аузында естіген жан басын шайқап, таңырқап тыңдайтын аңызға айналған еді. Жиын-тойларда ақсақалдар «Зәмзәм – дәмі балдай ғажайып су. Сахарада шөл қысқанда бір жұтым суының өзі шөліңді қандырады. Қарның ашса, ішіңе ел қондырады» деп бастағанда, жиылған жұрт құлақтарын түре қалатын. Ақын-жыршылар Зәмзәм туралы өлең оқып, жыр жырлағанда, жұрт бейне бір сол суды ішкендей сезініп, қиялға бататын.
Әбдімүттәліп баласы Харисті ертіп дереу айтқан жеріне барып, меңзеген жерді қаза бастады. «Мүмкін, расында, бұл жай ғана түс шығар, Зәмзәм ол ел аузындағы аңыз емес пе?» – деп екі ұдай ойға қалды. Бір кезде Харистің күрегі бір тасқа тиіп, «шыңқ» деген дауысынан селк ете түсті. Әне-міне дегенше құдықтың айналасына қойған тастар шыға келді. Оның баласы екеуі құдықтың аузын тапқанынан хабар алған Меккенің ақсүйек әулеттері де қолдарына күрек алып оған көмектесе бастады. Олар бұл құдықтың жай құдық емес, түбінде байлық жатқанын жақсы білді. Әбдімүттәліп оларға:
– Сендер маған қол ұшын бермей-ақ қойыңдар. Бұл – маған ғана тиесілі іс. Маған осылай аян берілген, – деді. Бірақ олар түк болмағандай қаза түсіп:
– Жо-жоқ, бұл – бәрімізге ортақ дүние. Бізбен келісуден басқа жолың жоқ. Кімге иек артып тұрсың? Мына жалғыз балаңа ма? Ясрибтен келгенің кеше ғана. Есіктен кіре салып төр менікі дейтін сен кімсің өзі? Біз көппіз, ал сен жалғызсың, – деп, уәж қайтарды.
Олардың мына сөздері сүйегінен өтіп кетті. «Қап, мыналарды-ай, Ясрибтен кеше ғана келдің» деп нені меңзеп тұр? Жалғыз балаң бар, ендеше, жалғызсың, деп қорлады-ау. Осыдан Алла маған он ұл нәсіп етсе, біреуін соның жолына құрбан етемін. Уа, Алла, Өзіңе осылай нәзір атадым! Сертімде тұрамын!» – деді іштей күбірлеп.
Олар құдықты кісі бойындай қазған кезде ойлағандарындай көп байлық шыға келді. Бар байлықты сыртқа шығарып әрі қарай қазды. Көп ұзамай бұрқылдап Зәмзәм суы да шыға бастады. Сол жердегілер жапа-тармағай суды ішкенде «расында, аңызда айтылғандай бар екен-ау», – деп, таңдай қағысты. Бірақ «Зәмзәм мен байлыққа кім ие болады» деп айтысып, оның арты дауға ұласып, елдің биіне жүгінді. Би мән-жайға байыппен қарап:
– Күні кешеге дейін осы байлық пен Зәмзәм ел аузында бар-жоғы аңыз ғана еді. Егер ақиқат екеніне сенсеңдер, неге осы күнге дейін Қағбаның маңайын қазып көрмедіңдер? Егер Әбдімүттәліп сендерге «қанеки, бірге іздейік» дегенде, сендер баратын ба едіңдер? Әрине, «аңыз бен ертегіге сену сағым қуғанмен тең» деп, бармас едіңдер. Оның үстіне сендер құдық табылған соң ғана көмекке бардыңдар. Ендеше, байлық теңдей бөлініп, жартысы Қағба қазынасына, жартысы Әбдімүттәліпке берілсін. Зәмзәм құдығына да Әбдімүттәліптің өзі мен әулеті иелік ететін болсын. Осымен дау бітті, – деп сөзін қайырды. Үкімге ешкім қарсылық білдіре алмай үнсіз тарасты.

материал «Пайғамбарлар падишасы – әз Мұхаммед (аләйһис-салату уәс-сәләм)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: