29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

Уағыз жүргізу бұйрығының келуі

Уағыз жүргізу бұйрығының келуі

Ислам тарихы

Пайғамбарымызға пайғамбарлығы білдірілген алғашқы уаһи осылай келген болатын. Уаһи осыдан кейін тоқтап, үш жылға дейін келмеді. Осы арада Исрафил алейһиссалам деген періште келіп, біраз нəрселер үйретті. Бұлар уаһи емес болатын.

Осы кезең ішінде кей кездері пайғамбарымызды мазасыздық басатын. Пайғамбарымыз ренжіген кезде Жәбрейіл алейһиссалам көрініп: «Ей, Хабибалла! Сен Алла тағаланың пайғамбарысың» - деп жұбататын. Пайғамбарымыз былай дейді: «Уаһи тоқтаған кез болатын. Хира тауынан түсіп келе жатқанда кенеттен көктен бір дауыс естідім. Көкке қарадым. Жәбрейіл алейһиссаламды көрдім. Ол жер мен көктің арасындағы бір орында отыр екен. Мен қорықтым. Үйге барып, мені бір нәрсемен жабыңдар дедім. Хақ тағала уаһи жіберді «Ей бүркенген пайғамбар! Тұр да (қауымыңды Алла тағаланың азабымен) қорқыт. (Иман келтірмесе азапқа ұшырайтындықтарын хабарла). Раббыңды тәкбір ет. Киіміңді таза ұста» (деген мағынадағы) Мүддәссир сүресінің алғашқы аяттарын жеткізді. Бұдан кейін аяттар үзілмеді.» Пайғамбарымыз адамдарды Исламға шақырып, Алла тағаланың бұйрықтары мен тыйымдарын уағыздай бастады. Жәбрейіл алейһиссалам уаһи әкелгенде кейде адам кейпіне еніп, сахабалардан Дыхья Кәлбидің түрінде келетін. Кейде пайғамбарымыздың жүрегіне білдіретін. Пайғамбарымыз оны көрмейтін. Кейде түсінде, кейде қорқынышты гуіл болып келетін. Уаһидің ең ауыры осы болатын. Бұл сәттерде суық күннің өзінде пайғамбарымыздың маңдайынан тер сорғалайтын. Түйенің үстінде болса уаһидің ауырлығынан түйе жерге жата кететін. Жанындағы сахабалар да уаһидің ауыр болып келгенін сезінетін. Жәбрейіл алейһиссалам бірнеше рет өзінің кейпінде келді. Алла тағала періштесіз және пердесіз, яғни ешқандай аралық құралсыз да пайғамбарымызға уаһи айтқан. Бұл Миғраж оқиғасында орын алды. Алғашқы уаһидің келуімен пайғамбарлық қызметін бастаған Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) Исламды уағыздауды жиырма үш жыл жалғастырды. Оның он үш жылы Меккеде, он жылы Мәдинада өтті. Құран кәрім 22 жыл 2 ай 22 күн мерзімде уаһи болып түсіп біткен. Мұхаммед алейһиссалам «үмми» болатын. Яғни, кітап оқымаған, жаза алмаған, ешкімнен сабақ алмаған. Меккеде туылып, белгілі адамдардың арасында өскен. Солай бола тұра ол Тәурат пен Інжілде грек және римдіктер кезеңінде жазылған кітаптардағы мәліметтерден хабар берген. Исламды тарату үшін хижреттің алтыншы жылында Кіші Азия, Иран және Хабәш (Эфиопия) билеушілеріне және басқа да араб патшаларына хаттар жіберді. Оған алпыстан астам шетел елшісі келген. Бұл жағдай Құран кәрімде: «Сен бұл Құран кәрім келместен бұрын бір кітап та оқыған жоқсың. Жазу жазбадың. Оқып-жаза алатын болсаң басқалардан үйрендің деулері мүмкін еді»- деп хабарланған («Анкәбут» сүресі, 48). Хадис шәрифте де: «Мен үмми пайғамбар Мұхаммедпін. Менен кейін пайғамбар келмейді» деген. Сондай-ақ, Құран кәрімде былай делінген: «Ол (Мұхаммед алейһиссалам) өздігінен ешнәрсе айтпайды. Оның сөздері оған уаһимен білдіріледі, үйретіледі». («Нәжм» сүресі, 3,4).

материал «Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: