12
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Құран ілімдерінің хатқа түсірілген кезеңі

Құран ілімдерінің хатқа түсірілген кезеңі

Ислам тарихы

Уақыт өте келе жазба дәстүрі қыз-қыз қайнаған ғасыр туды. Осы кезеңде Құран ілімдеріне байланысты түрлі-түрлі кітаптар жазылды. Алғаш қолына қалам ұстаған ғалымдар бәрінен бұрын Құран ілімдерінің анасы әрі аяттарды түсіндіру барысында барынша кеңірек зерттеуге мүмкіндігінің болуы тұрғысынан Тәпсір іліміне күш-қайрат жұмсады.

Тәпсір іліміне алғаш қалам тартқандар: Шұғба ибн Хижаж, Суфиян ибн Ұяйнә, Уакиғ ибн Жаррах. Бұлардың тәпсірлері көбінесе сахабалар мен табиғиндердің аяттар мен сүрелерге қатысты айтқандарынан тұрды. Бұлар, һижри жыл санауы бойынша, екінші ғасырда ғұмыр кешкен ғұламалар. Содан кейін араға көп уақыт салмай ибн Жәрир әт-Табари (һижри жыл санауымен 310 жылы қайтыс болған) бұл ғалымдардың іздерін басты. Ол Құранды ең алғаш жүйелі түрде бастан-аяқ тәпсірлеп, риуаят тәпсірінің ең алғашқы үлгісін жазды. Бұл ғалымның кітабы тәпсірлердің ішінде шоқтығы биік, құнды еңбектерінің бірі болды. Себебі ол ең алғаш Құран аяттарына байланысты айтылған сөздерді бір-бірімен салыстыра салмақтап, қуаттырағын таңдауға алғаш қадам жасады. Бұл ғалым салып кеткен соқпақтың соңынан күні бүгінге дейін түрлі тәпсірлер жазылды. Тіпті жазылған тәпсірлердің ішінен қысқа-нұсқа жазылған тәпсірлер, аятқа қатысты әрбір саланы саралай жазған ұзын-сонар түсіндірмелер, екеуінің ортасын ұстаған көлемі жағынан орташа тәпсірлерді де таба аласыз. Бұған қоса, Құранның бір бөлігі ғана тәпсірленген, яки толықтай түсіндірме жазылған еңбектерді де байқауға болады. Кейде бірнеше сүрелер мен аяттардың ғана тәпсірлерін қамтыған және үкім аяттары ғана түсіндірілген кітаптар да бар.

Ал Құран ілімдерінің салаларына қалам тартқан ең алғашқы ғалымдар керуенінің басында әйгілі мухаддис имам Бұхаридің ұстазы Али ибн Мәдәни келеді. Бұл кісі алғашқы еңбегін «әсбәбун нузул», яғни Құран аяттарының немесе сүрелердің түсу себептеріне байланысты жазды. Әбу Убайда әл-Қасим ибн Сәләм атты ғалым насых пен мансұқ тақырыбында зерттеулер жүргізіп, құнды еңбек қалдырды. Соңғы аталған қос ғалым һижри жыл санауы бойынша үшінші жүз жылдықтың дарынды ғұламаларынан еді.

«Ғарибул Қуран» саласына қадам жасап қалам толғаған ғұламалардың ең алғашқылары болып Әбу Бәкір әс-Сижистәни аталады. Бұл кісі һижри жыл санауы бойынша төртінші ғасырда өмір сүрген. «Иғрабул Қуран» саласына үлес қосқан ғалымдардың ішінде Али ибн Сағид әл-Хауфи келеді. Ол кісі – V ғасырдың өкілі. VI ғасырдың майталман ғалымдарының ішінде «Мубһаматул Қуран» атты тақырпқа қалам тербеген Әбу Қасым Абдуррахман еді. Ол өз заманында Сәбили деген атпен танымал болатын.

Осылайша Құранға қызмет жасап, тер төккен ғалымдардың себебімен Құран ілімдері тоқтаусыз дами берді. Құран аяттарының астарлы мағыналарына қатысты Ибн Абдуссәләм жазса, қырағат мәселелерін Алимуддин әс-Сахауи қолға алды. Бұл екеуі жетінші ғасырдың ғалымдарынан еді.

Бара-бара ғалымдардың ықыластары күшейіп, Құран ілімдерінің жаңа салалары да пайда бола бастады. Ендігі жерде Құран ілімдерінің әр саласына арнайы жазылған еңбектер шоғыры көбейді. «Ақсамул Қуран», «Әмсәлул Қуран», «Хижажул Қуран», «Бәдиғул Қуран», «Расмул Қуран» сынды тақырыптарда жазылған таңғажайып туындылар әлем кітапханасының сөрелерін толтырып, қадірін арттырды.

Бұл ғалымдардан кейін бұл салаларда еңбектер жазып қалдыру толастаған жоқ, бүгінгі таңға дейін ғалымдар әртүрлі еңбектер жазып келеді. Есесіне Құран ілімдері қарыштай дамып, қазыналы қойнауын аша түсуде. Бұл Құран Кәрімнің қанша ғасыр өтсе де таусылмайтын кен екенін дәлелдейтін айқын мұғжизасы емес пе?! Бұл кітапқа ғасырлар бойы мыңдаған ғалымдар тер төгіп халыққа қазынасынан ұсынып жатса да, Құран ілімдері таусылар емес. Демек, бұл Құран Кәрімнің ғасырлар өткен сайын заманмен бірге жасара жасап, ғажайыптарының таусылмайтынын көрсетеді. Оның ілімдерін толықтай қамту жан баласының қолынан келер іс емес. Құранның сырлары мен құпиясын толықтай қамту Иесінің ғана ісі екенін байқаймыз.

Сонымен қатар, Құран ілімдеріне ардақты пайғамбарымыздың хадис шәріптерін де жатқызуға болады. Себебі пайғамбар хадистері екіұдай түсініліп кету ықтимал болған аяттардың мән-мағынасын ашып, бұлыңғыр болып көрінген тұстарын түсіндіріп береді. Пайғамбардың Құранға деген қызметі ұлы Раббымыздың тікелей бұйрығы: «(Уа, Мұхаммед!): Саған да осынау Зікірді (Құранды) адамдарға түсірілген (ақиқаттарды, иләһи үкімдерді, уағдалар мен ескертулерді) ашып түсіндіруің үшін түсірдік. Бәлкім, олар шындап әрі жүйелі түрде ойланар» («Нахл» сүресі, 44-аят).

«Егер пайғамбар хадистері мен ондағы ілімдерді Құран ілімдеріне әкеліп қосатын болса, толқындары буырқанып тынымсыз тасыған теңіз іспетті болады. Ал Құран ілімдеріне қалам тартқан ғалымдардың ғылыми әдістеріне көз салсаңыз, одан бетер таңырқай түсесіз. Олар өздерінің қадари-халдерінше Құранның тұңғиығына сүңгіп маржан сүзуге тырысқан. Ол «Құрандағы жаңа сөздер» (Ғарибул Қуран) мәселесін зерттеген, яғни мағынасын кейбір арабтардың өздері түсіне алмайтын әрбір сөзге жеке-жеке тоқталып, мән-мағынасын егжей-тегжейлі ашуға қарекет жасаған. Ал кімде-кім Құрандағы астарлы айтылған аяттарға (Мәжәзул Қуран) қалам тартса, Құран Кәрімдегі әрбір сөздің астарына жіті үңіліп, нендей мағынаны мұрат етіп тұрғандығын іздейтін. Сол секілді, қайсыбір ғалым Құранда келтірілген мысалдар жайын сөз етер болса, Алла Тағала аяттарында келтірген бірде-бір мысалды қалдырмай зерттеуге тырысқан. Міне, осылайша Құран ілімдерінің әрбір саласына қалам тербеген ғалымдар бұл ғылымның дамуына едәуір үлестерін қосты. Хасан Әйюб атты ғалым бұл жайлы былай дейді: «Һижри жыл санауы бойынша төрт жүзінші жылға дейін бұл ғылымды хатқа түсіріп, кітап ретінде жинақтаған яки ат қойып қағазға жазып кетуге ниеттенген бірде-бір ғалымды білмейміз. Себебі ол кезде бұлай жинақтап, кітап жазуға жеткілікті дәрежеде мүмкіндіктер болған жоқ. Алайда олар кітап жазбаса да ерекше есте сақтау қабілеттері арқылы өздерінен кейінгі ғұламаларға үйретіп кетті» (Хасан Әйюб «Әл Хадис фи улумил Қуран уәл Хадис» 11-бет).

Иә, расында, бұл ғылымның барлығы ғұламалардың кітапханаға бергісіз кеуделерінде сақталған еді. Біз мұның жарқын үлгісін әйгілі ғұлама имам Шәфиғидің өмірбаянынан кездестіреміз. Ол жеткен жетістігі мен теңіздей терең білімін қызғанатын адамдар тарапынан әртүрлі мазақ пен зорлық-зомбылықты басынан өткерді. Осындай қиыншылықтармен ұшырасып жүрген кездердің бірінде «Иемендегі Алауилер тобының жетекшісі» деген жалаға душар болады. Бұл жала бара-бара қылмыс ретінде көріліп, ақыры, Бағдат қаласында аяқ-қолы кісенделіп халифаның құзырына әкелінді. Халифа ол кісінің бет-жүзі мен өзін-өзі ұстауынан терең ілімге ие ізгі жан екенін аңғарады да, оған қарата: «Ей, Шафиғи, Алланың кітабына қатысты ілім деңгейің қаншалықты? Кез келген мәселе ең алдымен осыдан басталады емес пе?» – дейді. Сонда Шафиғи: «Уа, мүміндердің әміршісі! Сіз Алла Тағаланың қай кітабы туралы сұрап тұрсыз? Алла Тағала көптеген кітаптар түсірді ғой», – деп жауап қатады. Халифа Рашид: «Әп, бәрекелді, мен Құдай Тағаланың туысқаным Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәллам) түсірілген кітабы жайлы сұрап тұрмын», – деп сұрағын қайта сұрайды. «Уа, әділетті әмірші, Құран ілімдері өте көп, сіз қайсысын сұрап отырсыз? Мұхкам аяттар жайлы ма, мүташабиһтер туралы ма? Бірінші түсірілген аяттар жайлы ма әлде соңғы түскен аят турасында ма? Болмаса, насых мен мансұқ мәселесін сұрап жатырсыз ба? Әлде анау ілім бе әлде мынау ілімі ме, әлде... әлде... әлде?» – деп Құран ілімдерін санап береді. Сонымен қатар, халифа қойған әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, сол жердегілердің баршасын таң-тамаша етеді. Екінің бірі тура қарап, еркін сөйлей алмайтын халифаның алдында аспай-саспай, бүйрегі ақиқаттан бір елі бүлк етіп басқа жаққа бұрмай жауап бергені шынымен де ғажап. Бұл ғұламалар Құран ілімдерін кітапқа жинақтаудан бұрын көңілдеріне орнықтырып алуды басты мақсат, асыл мұрат деп санаған. Құран ілімдерімен құндақталған жүректері ақиқатты айтып жар салудан ешқашан қаймықпайтын. Олардың әрбір сөзі Құран аяттарынан құралатын. Имам Шәфиғи Ирак жерінде өмір сүрген уақытында әһл-рай мәзһабының өкілдері пайдаланатындай дәрежеде «Әл-хужжа» атты еңбегін жазған. Ал Мысырда әһл-хадис керегін таба алатын кітап жазды. Бұған қоса ижтиһад жасау арқылы үкім алу мәселелерінде бұрын-соңды болмаған ғажайып қағидалар қалыптастырып, ең алғаш усул әл-фиқһ іліміне қатысты еңбегін жазды. Бұл ілім де Құран ілімдерінің бір тармағы екені мағлұм. Ибн Халдун өзінің «Муқаддима» атты еңбегінде: «Ең алғаш Усул әл-фиқһ саласына сия саулатқан адам – Шәфиғи. Ол бұл салада өзінің әйгілі «Рисала» атты еңбегін қалдырды. Онда Құдай Тағаланың тыйымдары мен әмірлеріне қатысты мәселелерді қозғай отырып, насых жайлы, қияс жасау арқылы Құран мен сүннетке сүйене отырып үкім шығаруға әкелетін себептер жайлы баяндады». Демек, әрбір ғалым жер жүзінде қос аяғымен жер басып жүрген тірі кітапхана іспетті еді.

материал «Құран ілімдерінің негіздері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: