03
Жұма,
Мамыр

һижри

Шарапаты мол Шағбан

Шарапаты мол Шағбан

Ислам тарихы

Бүкіл әлемнің Раббы Аллаға мадақ! Пайғамбарымыз Мұхаммедке, отбасына және оның жолымен жүрген бүкіл үмметіне Аллаyың сәлемі мен игілігі болсын!

Міне, 4-наурыздан бастап мүміндер үшін ерекше құнды уақыт саналатын Шағбан айы басталды. Шағбан айы – ислам күнтізбесіндегі қасиетті үш айдың ішінде екінші болып, Алланың бізге рақымына айналған – Рамазан айының алдындағы ай. Бұл құлдың Жаратушысына одан сайын жақындайтын, Алланың мейірімінің есіктері бұдан да кең ашылатын, күнәлар кешірілетін, ғибадат пен жақсылықтың одан да үлкен сауапқа ие болатын кезі.
«Ережеп – егіс айы, шағбан – суару, Рамазан – орақ айы» деген атақты сөз бар. Ережеп айы – кешірім мен мейіріммен сипатталса, шағбан – тазару, ал Рамазан – көп сауап жинау екені белгілі.

Бұл айдың қадір-қасиеті туралы Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Шағбан менің айым, Ережеп Алланың айы, Рамазан үмбетімнің айы», - деп осы айға да баса назар аударған.
Хадистерде Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айынан кейін ең көп осы айда ораза ұстайтындығы айтылады. Хазіреті Айша (Алла ол кісіден разы болсын): «Алла елшісі(Алла ол кісіден разы болсын) шағбан айында ұстағандай өзге айларда ораза ұстамады. Ол шағбан айының басым көпшілігін оразамен өткізетін. Ол: «Амалдарды шамаларың жеткенше жасандар. Өйткені Алла сендер амалдан жалықпайынша (сауап беруден) жалықпайды» дейтін» дейді. Басқа бір хадисте: «Шағбан – ережеп пен рамазан айының ортасындағы ай. Бірақ адамдар оның ерекшелігінен бейхабар. Алайда сол айда құлдардың амалдары әлемнің Раббысына қарай көтеріледі. Мен де ораза ұстаған күйімде амалдарымның Алла Тағалаға көтерілуін қалаймын» дейді.
Алла Тағала баршамызға Шағбан айының берекесіне кенеліп, құлшылықтарымыз арқылы тақуалыққа, иман ләззатын сезінуге бір табан жақындай түсуді нәсіп етсін!

Алтынбек Аманжолов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің азаншысы

 

Бөлісу: