Алла Тағала Адам мен жұбайын жаратып жұмаққа кіргізеді. Ол жерден қалағанша жеп-ішуіне рұқсат беріп, тек аты аталмаған ағашқа жоламауды бұйырады. Әйтпесе, (өз-өздерінің обалына қалған) залымдардың қатарына қосылатындарын айтып ескертеді.
«Тек мына ағашқа жоламаңдар», – деп, жоламаулары тиіс ағашты көрсетіп, әзірет Адамды сынаққа алған. Тәпсіршілер бұл жердегі ағаштың атауы не болғаны жайлы түрлі пікірлер кездеседі. Бірі жүзімнің сабағы десе, бірілері інжір, бидай деген. Басқа да ағашты атағандар болған. Жаратушымыз Адамға және жұбайына екеуіне бірдей жаннат ағаштарынан бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салды. Екеуі де сол ағаштың жемісін жеді. Бұл ағаштың нақты не екенін білмейміз. Себебі Құранда болсын, сахих хадистерде болсын бұл ағаштың аты кездеспейді. Бірақ бұл ағаштың бидай немесе жүзім жапырағы екені айтылады. Осы екеуінің біреуі болуы әбден мүмкін. Негізінде, мұның қайсысы болуы маңызды емес. Себебі оны білуде анау айтқандай пайда жоқ. Оны білмеуде де ешқандай зиян жоқ. Алла Тағала Адам мен жұбайына шайтанның оларға қас дұшпан екенін ескертіп, абайлауларын, малғұнның бар мақсаты екеуін жаннаттан шығарып жіберу екенін ескертеді. Оларға осыншалықты үгіт жүргізгеннен кейін, мекен еткен жерлерінің қаншалықты жанға жайлы екенін түсіндіреді. Ол жерде аш-жалаңаш қалмайтындықтарын, шөлдемейтіндіктерін және күннің аптабына да душар болмайтындарын айтады. Бұндай керемет бір жердің қайталап келмейтіндігін, сол үшін шайтанды қас жауы ретінде біліп, оның азғыруына бой алдырмауын ескертеді. Адамға жеуге рұқсат етілген жемістерден бас тартып, жеуге тыйым салған ағашқа жоламауларын бұйырады. Осыншама насихаттан кейін де шайтан өз ойлағанынан тайынбай, адамға жақындап оған сан түрлі күмәндар сала бастайды. Бірде Адамға: «Уа, Адам! Саған мәңгілік ағашын әрі әсте зауалға ұшырамайтын патшалықты көрсетейін бе?» – деп азғырды». Басқа бір аятта: «Раббыларың екеуіңді қос періштеге айналып немесе мәңгілік өмір сүретіндердің қатарына қосылып кетпесін деп қана сендерге бұл ағаштың жемісін жеуге тыйым салды», – деп келеді. Осылай азғыру арқылы Раббылары «жеме» деген ағаштан дәм таттыруды көздейді. Бұнысымен қоймай өзін шын жанашыр ақылшы ретінде насихат айтқанын айтып ағынан жарылады. Осыншалықты күмән салып, басы айналған Адам мен жұбайы Раббыларының үгітін бір сәтте-ақ ұмытып, тыйым салынған ағаштың жемісін жейді. Сол арада олардың абиыры көз алдарында ашылды да қалды. Содан екеуі жанталасып жұмақтағы жапырақтармен тәндерін бүркей бастады. Әрине, олардың жасағандарын Алла Тағала көріп, бақылап тұрған еді. Оларға: «Мен екеуіңді ол ағаштан тыймап па едім және шайтан екеуіңе анық дұшпан» деп айтпап па едім?» – деп үн қатты». Сөйтіп екеуі қаншалықты қателікке ұрынғанын біліп, Жаратушыларына жалбарынып тәубе жасады. Рақымды Алла олардың тәубесін қабыл алды. Осылайша олардың барлығын бір-біріне дұшпан ретінде жаннаттан түсірді.
Олардың жаннаттан түсірілуі жайында ескі тәпсіршілерден қалған жылан оқиғасы, шайтан қиссасы, Ібілістің жаннатқа қалайша кіргені мен Адамды қалайша алдағаны жайлы небір мағлұматтар кездеседі. Ибн Кәсирдің ойынша, бұлар Исраилаттардың ескі наным-сенімдерінен туған, сондықтан оларға көңіл бөлмеуді ескертеді. Сонымен қатар, тәпсіршілер арасында Алланың адамды орналастырған жаннаты жер бетінде ме әлде ме көкте ме деген пікір қайшылықтары орын алған. Көбісі көкте деген ойға тоқталып, жөн көрген. Адам мен жұбайы жаннаттан түсірілмес бұрын тәубе қылып, тәубелері қабыл болған. Бірақ соған қарамастан, жер бетіне түсірілді. Жер бетінде біршама уақыт қана тұрақтайтынын ескертті. Біршама уақыт қалған соң қайда баратындары келесі бір аятта баяндалған: «Біз оларға: «Жұмақтан түгелдей (жерге) түсіңдер. Менен сендерге міндетті түрде тура жол (көрсететін пайғамбар һәм кітап) келеді. Кімде-кім Менің тура жолымды басшылыққа алса, оларға
ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар, әсте, жабықпайды», – дедік. Ал күпірлік қылғандарға һәм (Кітаптағы) аяттарымызды (әрі болмыстағы және өз бойларындағы ақиқатты көрсететін) айқын дәлелдерімізді жалғанға шығарғандарға келсек, олар тозақтықтар. Олар онда мәңгі-бақи қалады».
«Алла Адам мен жұбайына (һәм екеуі арқылы күллі адамзатқа): «Екеуің де жұмақтан (жерге) түсіңдер! Бәрің де (жерге) түсіңдер, бұдан былай біріңе-бірің дұшпансыңдар. Менен сендерге тура жолды (көрсететін пайғамбар, кітап, т.с.с.) келген кезде кімде-кім Менің тура жолымды басшылыққа алса, міне, сол әсте асдаспайды және (екі дүниеде де бақытсыз боп) сорламайды», – деп айтты».
Алла Тағала Адам мен жұбайын ескерткенін, бірақ соған қарамастан, шайтанға алданғандығы, олармен қоса шайтанның да жаннаттан қуылғандығы баяндалған. Жер бетіне түсірілгеннен кейін олардан көп ұрпақ тарайды. Бұл аяттарда сол тарайтын нәсілдер жайында белгілер бар. Кітап түсірілетін пайғамбарлар мен елшілердің жіберілетіндігі де белгі ретінде айтылған. Аятта өтетін «һидаят» турасында да пікірлер жан-жаққа тарасқан. Әбул Әлия: «һидаят – пайғамбарлар, расулдар және иләһи баяндар»; Маукатил ибн Хайян: «һидаят – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)»; Хасан: «һидаят – Құран» деген әртүрлі тұжырымдар жасайды. Ибн Кәсир екі тұжырымның да дұрыс екенін меңзеген. Бірақ Әбул Әлияның тұжырымын кең мағынада әрі жалпыға ортақ екенін ерекше бағалаған.
Алла Тағала «Таһа» сүресінде «Екеуің де жұмақтан (жерге) түсіңдер! Бәрің де (жерге) түсіңдер, бұдан былай біріңе-бірің дұшпансыңдар. Менен сендерге тура жолды (көрсететін пайғамбар, кітап, т.с.с.) келген кезде, кімде-кім Менің тура жолымды басшылыққа алса, міне, сол әсте асдаспайды және (екі дүниеде де бақытсыз боп) сорламайды. (Ибн Аббас: «дүниеде сорламайды, ақыретте бақытсыздыққа ұшырамайды» деп келтірген). Ал кімде-кім Мені еске алудан бас тартып, Кітабымнан сырт айналса, оның дүниедегі тіршілігі таршылық пен қиындыққа толы болады әрі қиямет күні оны көрсоқыр етіп тірілтіп, махшарға да су қараңғы соқыр күйінде келтіреміз», – деп бұйырады. Басқа бір аятта: «Ал күпірлік қылғандарға һәм (Кітаптағы) аяттарымызды (әрі болмыстағы және өз бойларындағы ақиқатты көрсететін) айқын дәлелдерімізді жалғанға шығарғандарға келсек, олар тозақтықтар. Олар онда мәңгі-бақи қалады», – делінген. Яғни бұл топтағылар тозақ отында мәңгі жанады, қашып-құтылуына еш мүмкіндік жоқ. Бұл аяттарда адамдардың жер бетіндегі тіршіліктерінің басталуы,
Жаннаттықтар мен жаһаннамдық болып бөліне бастауларының негізгі себебі де – шайтан мен оған бас июшілер екендігі айтылған. Яғни шайтанның уәсуәсаларына алданып, соңынан ергендердің – жаһаннамдық, Алланың әмір мен тыйымдарын бұлжытпай орындағандар – жаннаттық болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әзірет Адамның қиссасы ескі Ахитте де өтеді. Бірақ ол жердегі Құраннан айырмашылығы шайтанның орнына жыланды қолдануында. Яғни күмән салған жылан екендігі айтылады. Екі кітапта бірдей тыйым салған ағаш жайлы айтылған. Бұл жемісті кім жегені жайлы Құранда адам мен жұбайы жеді деп келсе, ескі Ахитте жылан Хауа анамызға жемісті тартымды қылды, Хауа ана оны жеп кейін оны күйеуіне ұсынды. Содан кейін күйеуі де сол жемісті жеді дегенге келтіреді.
материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,
ummet.kz