01
Сәрсенбі,
Мамыр

һижри

Азық-түліктерді харам етуде Құран мен сүннеттің рөлі

Азық-түліктерді харам етуде Құран мен сүннеттің рөлі

Ислам тарихы

Тағамдардың бірқатары Құран аяттары арқылы, бірқатары сенімді сүннет арқылы харам етілген. Себебі сүннеттің Құрандағы умум айтылған мәселелерді тахсис етуі, мутлақ аяттарға тақийд жасауы, мужмәл аяттарды тафсил етіп және мубһам аяттарды тәпсірлеу секілді функциясымен қатар, Құранда мүлде қозғалмаған жаңа үкімдерді айтуы секілді рөлі бар. Басқаша айтар болсақ, Құраннан кейінгі кезектегі қайнаркөз болып табылатын сүннетте де кейбір нәрселер халал, кейбір нәрселер харам етіледі.

Құран кәрімде жануар атаулыдан харам етілгені – тек доңыз ғана. Сонымен қатар шариғат жолымен бауыздалмаған мал мен Алладан басқаның атын атап сойылған мал, сорғалап аққан қан да Құранның харам еткен жануарға қатысты тағамдарына жатады. Құранда желінуі харам етілген жануардан жасалатын тағамдар төрт түрлі аятта топтастырылып айтылған. Бұл аяттар мыналар:

«Алла сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалған малдың етін харам қылды» («Бақара» сүресі, 173-аят).

«Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атына сойылған малдың еті харам қылынды. Сондай-ақ жаны шықпай жатып (шариғатқа сай) бауыздап үлгергендеріңді қоспағанда, буынып, соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті һәм пұттардың алдында сойылған және жебемен (яки басқа нәрсемен) бал ашып немесе құмар ойындарын ойнап тапқан малдың еті (мен басқа да азық түрлері) харам етілді. Міне, осыларды жеу Аллаға бағынбауды білдіреді» («Мәида» сүресі, 3-аят).

«Алла тағала сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалған малдың етін харам қылды» («Нахыл» сүресі, 115-аят).

«Ендеше, оларға: «Маған келген уахидан осы айтқандарыңның ешбірінің жегісі келген жанға харам етілгенін көрген жоқпын. Тек өлексе, ағызылған қан, доңыз еті – өйткені, доңыз шүбәсіз, арам жануар – немесе хақ жолдан тайғандықты білдіретін, Алладан өзгенің атымен шалынған мал болса, оның жөні бөлек» («Әнғам» сүресі, 145-аят).

Жоғарыдағы екі аятта харам нәрселер тізбектеле келе, «тек қана», «жалғыз» деген секілді мағыналарды беретін сөзінің қолданылуы және басқа бір аятта Алла елшісіне «төрт нәрседен басқа харам нәрсенің жоқ екендігін» айт деуі, бұл мәселеде түрлі ижтиһад пен жорамалдардың туындауын себеп болған. Ибн Аббас, Ибн Омар, әзірет Айша, Сағид ибн Жубейр секілді сахабалар мен тағибиндердің және Мәлики мәзһабының басым көзқарасы бойынша, харам ас жоғарыдағы аятта аталған төрт нәрсемен шектеледі. Олар сахих сүннетте кездесетін тыйым салынған тағамдарды мәкруһқа жатқызу арқылы дәлелдердің арасын біріктіреді. Алайда көпшілік ғалымдар аталмыш төрт нәрседен тыс харам етілген тағамдардың бар екендігін айтады. Тіпті олар қияс дәлеліне және басқа да усул қағидаларына сүйене отырып, насста нақты айтылмаған кейбір жануарларды да харамға жатқызған.

Жоғарыдағы аяттардың қысқаша айтып өту тәсілімен келуі және кейбір сахабалардың тақырыпқа байланысты сөздері алғашқы көзқарасты жақтайтындардың келтірген дәлелдерінің арасында. Бұған қатысты Ибн Аббастың былай дегені риуаят етілген: «Надандық дәуірінің адамдары кейбір нәрселерді жейтін, ал кейбір нәрселерді тіксінгендіктен жемейтін еді. Кейіннен Алла тағала пайғамбарын жіберді және Кітабын түсірді. Сол арқылы халал мен харамды түсіндірді. Содан бастап Алланың харам еткені – харам, ал халал еткені – халал. Ал үкімін айтпаған нәрселерді Алла кешіреді», – деді де: «Ендеше, оларға: «Маған келген уахидан осы айтқандарыңның ешбірінің жегісі келген жанға харам етілгенін көрген жоқпын» деген аятты соңына дейін оқыды. Сонымен қатар әзірет Айша (р.анһа) анамыздан жыртық жануарлардың етін жеудің үкімін сұраған кезде ол кісі: аятын оқиды.

Ал сүннетте тыйым салынған тағамдар харам үкімінде болады деп есептейтін жумһур ғалымдар болса: «Олар – қолдарындағы Тәурат пен Інжілде (көптеген ерекшеліктері мен қасиеттері) жазылған «үмми» (еш уақытта оқымаған, жазбаған, ешбір елдің салт-санасы мен мәдениетінен әсерленбеген, ақыл-ойы, сана-сезімі һәм жүрегі тек көктен келетін уахи мен аянға ғана ауған) пайғамбар, ұлы Елшінің соңынан еретіндер. Сол пайғамбар оларды жақсылыққа үндеп, жамандық атаулыдан тыяды. Оларға таза һәм пайдалы нәрселерді адал етіп, лас һәм зиянды нәрселерді харам қылады» аятын дәлел ретінде келтіреді. Өйткені бұл аятта Алла елшісінің де халал не харам ету құқығы бар екендігі білдіріліп тұр. Яғни, аятта Алла Расулының ләс һәм зиянды нәрселерді харам ететіндігі айтылып тұр. Ал пайғамбарымыз не нәрселердің лас һәм зиянды екендігін түсіндіру арқылы аяттың мужмалын тафсил жасауда.

Басқа бір қырынан қарағанда, Құран кәрімнің басқа аяттарында харам етілген тағамдар мен сусындардың айтылуы харамдардың аталмыш төрт нәрсемен шектелмейтіндігін көрсетеді. Мәселен, «Мәида» сүресінің «Уа, иман еткендер! Арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу шайтанға ғана тән лас істердің қатарында. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар. Шүбәсіз, шайтан арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер) һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан қалдыруды (тыюды) ғана көксейді. Енді бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!» аяты арқылы ішімдік харам етілген. Бұған қоса, Алла тағала: «Сондай-ақ Алланың аты аталмай сойылған малдың етінен жемеңдер, өйткені, оны жеу хақ жолдан таю һәм күнә. Шүбәсіз, шайтандар өздерінің достарын, нөкерлерін сендермен күрессін деп үнемі (саналарына сұмдық ойлар салып) азғырады» деп бұйыру арқылы «бисмиллә» айтылмай сойылған малдың етін жеуге болмайтындығын меңзеген. Сонымен қатар Алла тағала пайғамбардың лас, зиянды нәрселерді харам ететіндігін айта отырып, бір жағынан зиян болып табылатын жануарлардың да харам екендігін білдірген. Бірқатар аяттарда Алланың берген ризықтарынан халал, жақсы болғандарын жеуді бұйыруы осыны көрсетеді.

материал «Адал ас» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: