28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Шайтанның ішімдікті қолдануы

Шайтанның ішімдікті қолдануы

Ислам тарихы

Шайтан адамдардың тепе-теңдігін бұзу үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Ішімдік – оның ең көп қолданатын құралы. Ол ішімдіктер арқылы адамды Алла тыйым салған істерге итермелейді.

«Мәида» сүресінде шайтанның осы қырына назар аудартылып: «Шүбәсіз, шайтан арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер) һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан қақпайлауды (тыюды) ғана көксейді. Ендеше, бұлардан тыйылдыңдар ғой, солай емес пе?!» («Мәида», 91) делінген. Шайтанға ғана тән лас істердің бірі ретінде назарға ұсынылған арақ-шарап (сынды адамды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер) және құмар ойындардың көмегімен Ібіліс қоғамдық сананы жегідей жеп бітіреді. Ішімдіктен бұзылған жастар, ойрандалған отаулар, адамгершіліктің шегінен шыққан қылмыстар, әлеуметтік өмірді құлдыратқан қаншама оқиғалар, түсіндіруге келмейтін қоғамдық індетті ап-анық етіп көз алдымызға жайып салуда.

Адам өзінің ақыл-есін жоғалтқанда алуан түрлі жамандыққа бейімделеді. Мәселен, мас адам өзінің іс-әрекеттерін қадағалай алмайды және бірқатар жаман істерге барады. Бұл жаман істерді жеке тұлға да жасауы мүмкін, көпшілік болып жасауы да мүмкін. Шайтан да қандай жаманшылық бар болса, соның бәрін адамға 

сыбырлап азғыратыны үшін, ішімдіктің оған телінуі өте орынды. Онсыз да Құранда ішімдік шайтанмен байланыстырылған соң, артынша адамдарды ескертуде.

Ішімдік бүкіл жамандықтың басы екенін көрсететін мынадай бір оқиға бар: «Ертеде бір тақуалы адам өмір сүріпті. Күндердің бірінде ниеті жаман бір әйел әлгі адамға көңілі ауады. Қарамағындағы күңін жұмсап, әлгі адамды үйіндегі бір ісіне көмекке шақырады. Ол кісі көмек беруге келісіп, әйелдің үйіне келеді. Әйел ол кісіні үйге кіргізеді де, күңіне айтып, үйді сыртынан бекітіп тастайды. Бастапқыда не болғанын түсінбей дағдарған тақуа кісі сәлден кейін мән-жайды түсіне бастайды. Сол кезде барып, бөлменің ішінде бір сұлу әйелдің отырғанын, жанында кішкене бала мен бір құмыра шарап тұрғанын байқайды. Әлгі әйел оған: «Саған үш шарт қоямын. Менімен көңілдес боласың, бұған келіспесең, мына баланы өлтіресің, ал бұған да келіспесең, мына тұрған арақты ішесің», – дейді. Әрі-бері ойланып, ешбір амал таппаған әлгі кісі ақыры бір кесе арақ ішіп құтылуды жөн көреді. Арақты ішкеннен кейін қыза бастайды да, әйелдің құйып берген тағы бір кесесін ішіп жібереді. Бірнеше кесе ішіп мас болған соң, нәпсісіне ие болмай, әйелмен зина жасайды. Содан осының бәріне куә болған жас сәбиді де өлтіріп тынған екен».

Әбу Һурайра (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Бірде Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір мас адам әкелінді. Пайғамбарымыз оған жаза ретінде ұруды бұйырды. Жиналғандардың кейбірі қолымен, кейбірі аяқкиімімен, кейбірі киімімен ұрып жатты. Сол уақытта сахабалардың бірі: «Қап! Мына адамның істеген ісін-ай! Алла сені масқара етсін», – деп жазғыра сөйлеп еді, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қабағын түйіп: «Бауырларыңа зекіп, шайтанға болыспаңдар», – деп айтты. Хадистің басқа нұсқасында: «Оны зекімеңдер, Аллаға ант етейін, ол Алланы және оның пайғамбарын жақсы көреді», – деп бұйырған. Бұхари есімін атамаған кісі сол уақытта ашуына ие бола алмай әлгі сөзді айтып қалып, әбестік жасап, басқаларын да сол қателікке итермелеген.

Ашу – шайтаннан және оның соңы көбінесе опық жегізетін өкініш болады. Адам пайғамбардың (а.с.) ұлдарының арасында болған оқиға да осыны көрсетеді: «Оларға Адамның екі ұлының басынан өткен ғибратты оқиғаны айтып бер: Олардың әрқайсысы бір-бірден құрбан шалған еді. Сонда біреуінің (Абылдың) құрбандығы қабыл болып, енді біреуінікі (Қабылдікі) қабыл болмады. Сол кезде құрбандығы қабыл болмаған (Қабыл) бауырына: «Сені өлтіремін», – деді. Ол болса: «Расында, Алла өзіне тиісінше тағзым ететін һәм қарсы келмейтін тақуа құлдарынан ғана қабыл алады».

«Егер мені өлтіру үшін маған қол жұмсасаң, сені өлтіру үшін мен саған қол жұсамаймын. Шүбәсіз, мен әлемдердің Раббысы Алладан қорқамын».

«Сені өлтіріп күнәға батып, өз күнәма қоса сенің де күнәларыңды арқалағым келмейді. Ендеше, (жақсылап ойлан бауырым, мені өлтіретін болсаң) барлық күнә сенің мойныңа артылады да, тозақтықтардың қатарына қосыласың. Өйткені өзгеге һәм өзіне қиянат жасаушылардың жазасы сол», – деді.

(Қабылдың) нәпсісі оны азғырып, бауырын өлтіруге итермеледі. Ақырында, бауырын өлтіріп тынды. Сөйтіп, (өз күнәларына қоса өзгенің де күнәсін арқалап) оңбай зиянға ұшырағандардың қатарына қосылды. Сол кезде Алла оған бауырының денесін қалай жерлеуді көрсету үшін бір қарға жіберді. Әлгі қарға жерді тұмсығымен (қазып, ол жерге бір нәрсені көмгенін көргенде, ол өз-өзіне): «Қара бассын мені! Осы қарға құрлы болмағаным ба? Бауырымның денесін қалай жасыруды біле алмағанымды қарашы!» – деп аһ ұрып, опық жегендердің қатарына қосылды» («Мәида» 27-31).

материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: