27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Шайтанның кешкі уақытта айналаға жайылуы

Шайтанның кешкі уақытта айналаға жайылуы

Ислам тарихы

Хадистерде айтылған тағы бір мәселе шайтандардың күн батып қас қарайған уақытта әрекетке сыбанып кірісетіндігі жайлы.

Әзірет Жәбирдің (радиаллаһу анһ) риуаятында Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Күн батып, айналадағы ала көлеңкенің орнын түннің қараңғылығы басқанға дейін балаларың мен малдарыңды сыртқа шығармаңдар. Себебі бұл уақытта айналаға шайтандар жайылады. Қараңғылық әбден түскеннен кейін оларды шығарсаңдар болады» деп бұйырған.

Тақырыпқа қатысты басқа бір хадисте: «Күн батып, айналадағы ала көлеңкеліктің орнын түннің қараңғылығы басқанға дейін балаларыңды сыртқа шығармаңдар. Түннің бір сағаты өткеннен кейін балаларды демалдырып, есіктің ілмешегін іліп, Алланың есімін ауыздарыңа алыңдар. Себебі шайтан жабылған есікті аша алмйды. Қапшықтың аузын кымтап, Алланың есімін ауыздарыңа алыңдар. Ыдыстың бетін жауып, Алланың есімін ауыздарыңа алыңдар. Сосын шамды өшіріп, тағы да Алланың есімін ауыздарыңа алыңдар» делінген.

Біздің ойымызша, бұл хадистерде осы дүниелік өмірді ақыреттік мағынаға жеткізу сабағы берілуде. Есіктерді жабу, су ыдысының бетін жабу, тамақ ыдысының аузын қымтап жабу секілді дүниелік істер жасалғанда Алланың аты айтылуда, демек, шайтаннан құтылудың жалғыз жолы – Аллаға сиыну. Осы пікірді қуаттайтын хадистер де бар. Жәбир (радиаллаһу анһ) риуаяты бойынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Адам өз үйіне кіргенде және ас ішкенде Алланы есіне алса, шайтан өзінің шабармандарына: «Сендерге (мұнда) пана да, кешкі ас та жоқ», – дейді. Егер адам үйіне кіргенде, Алланы есіне алмаса, шайтан шабармандарына: «Сендер паналы болдыңдар», – дейді. Ал егер адам ас ішкен кезде, Алла Тағаланы есіне алмаса, шайтан: «Сендер пана да таптыңдар, ас та ішесіңдер», – дейді». Бұлардан бөлек, әрбір істі Алланың атымен, яғни «бисмилләмен» немесе Оған шүкіршілік етіп бастауды кеңес еткен хадистер де бар. Шайтандар жарық пен күнді жақсы көрмейді, керісінше, жамандық шақырады деп қараңғылықтан медет тілейді. Себебі олар күн батып, қараңғылық түскенде басқа уақытқа қарағанда оңай әрекет ете алады. Бұдан ұғынатынымыз, шайтандар дәл осы уақытта шартарапта қаруын сілтеп адамдарды азғыру және адастыру істерін тездетеді.

материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: