19
Жұма,
Сәуір

һижри

Алла Тағаланы танудағы басты қағидаттар

Алла Тағаланы танудағы басты қағидаттар

Ислам тарихы

Ислам мәдениетіндегі ең жоғарғы  құндылық Алланы танудағы басты қағидаттар мынадай:

Алла  тағала  Өзі  жаратқан  жаратылыстардың ешқайсысына  ұқсамайды. Алла Тағаланың бар болуының белгілі бір бастауы жоқ – әзәли, соңы жоқ – мәңгі. Ал Алладан өзгенің барлығы, яғни бүкіл әлемнің белгілі бір бастауы және кеңістіктен алатын орны бар.

Аллаға мекен мен заманның ықпалы жүрмейді. Себебі  бұлар кейіннен жаратылған. Ал  Алла тағала  мекен  де,  уақыт та жоқ кезде бар  еді. Түптеп келгенде, мекен мен заманның өзі Алла Тағаланың билігіндегі нәрселер. Құранның: «(Уа, Мұхаммед!) «Көктегілер мен  жердегілер  кімге тиесілі? Бәрі Алланікі» деп айт оларға», – деген мекеннің  де,  оның ішіндегілердің де Алланың иелігінде екендігін білдіреді [11, «Әнғам» сүресі, 12 аят].

Осылардың қатарына Алланың Аршысы да кіреді. «Әл-буруж» сүресінің 15-аятында «(Алла) Ұлы Аршының иесі» деп арнайы атап  көрсетіледі. Оның өзіндік сыры бар. Аршының сөздіктегі тура мағынасы «тақ» дегенді білдіреді. Діни деректерге сүйенсек, оның астында «Күрси» деп аталатын текше бар екен. Пайғамбарымыздан Әбу Зарр жеткізген хадисте: «Жеті қабат көк (аспан) курсидің жанында сахарада жатқан жүзік секілді. Сахара әлгі жүзікпен салыстырғанда қандай болса, Аршы курсиден сондай үлкен» деп түсіндірілген [69, 403 б.]. Мұхаммед Али әс-Сабунидің айтуынша: «Бұл аятта Алла Тағала  алпауыт аршыны өзіне атап тіркеуінің себебі, аршы күллі жаратылыстағы  ең үлкен дене болып табылады. Ол көк пен жерден әлдеқайда үлкен. Аршының осыншама кең болып жаратылуы оны Жаратқанның ұлықтығын ұғындырады».

материал «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: