Діни еңбекте «Таухид» (Алла Тағалаға ортақ қоспау, оны бірлеу) сенімі шайқалған кезең – қараңғы заман. Жер мен көктің нұры болған Алла сенімі жүрекке ұяламаса, ондай жүректі, рухты, ар-ожданды қара түнек қаптайды» делінген.
Жалпы, біз барлық ұлт пен ұлыстарға тоқталмай-ақ, алғаш Құран түскен араб қауымына тоқталсақ та жеткілікті. Сол бір замандарда дін, дінге тиісті барлық негіздер жойылып кеткендіктен, Араб қауымы қараңғылықтың тауқыметін шеккен еді. Олар Қағбаның айналасындағы 360 пұтқа қатты құрмет көрсетіп, сонымен қоса, ағашқа, тасқа, топыраққа, күн мен айға, жұлдыздарға табынатын. Тіпті халуа, сүзбе тәрізді азықтардан пұт жасап табынып, бірақ қарны ашқан сәтінде оларды жеп қоятын. Олар Алла Тағаланың барын білетін. «Біз оларға (пұттарға) бізді тек Аллаға жақындатсын деп қана табынамыз» деп айтатын. Сенім өте әлсіз-ді. Сонымен қоса, олардың арасында христиан мен ханифтер де бар еді. Ханиф Алланың бір екеніне сеніп, оған ортақ қоспай, хазіреті Ибраһимнің дінінде болған адамдар. Дегенмен олар өте аз болатын. Ол заманда мейлі аристократ арасында болсын, мейлі төменгі сатыда болсын, әйел затының қоғамда ешқандай маңызы мен рөлі жоқ еді. Бұл тіпті қыз дүниеге келісімен басталатын. Бір адамның әйелі ұл туса, қатты қуанатын. Ал егер әйелі қыз туса, қылмыс жасағандай есептелетін. Қыздың әкесі болу олар үшін, масқаралық, қарабет болу деп саналған. Көшеге шығып, жұрттың көзіне түсуге ұялатын. «Не істесем екен, енді қайттім, қайдан ғана қыз туды» деп байыз таппайтын. Сондықтан да ол қызын туа сала ешкімге білдірмей өлтіріп, немесе өскен соң біреуге сатқанға дейін өзінің ішіндегі осы азаптан құтыла алмайтын.
Мұндайдың алдын алған олар, әйелі босанатын кезде, сахарада елден аулақ жерге бір шұңқыр қазып, әйелін сол жерге апаратын. Қыз туса, жерге тірідей көметін. Ұл туса, алып бағатын. «Мейлі, өмір сүрсін» деген шөл адамдары қыздарына күннің қара суығында, аптапты ыстығында қой, түйе бақтырып қоятын. Кейде алты жасқа келгенде туысқандарына апарамын деп әдемілеп киіндіріп, сахараның шексіз шөліне апарып, тірідей жерге көміп тастайтын. Ол туралы Фараздың түп атасы болған Сасаа мұсылман болғанда, өзінің басынан өткенін хазіреті Пайғамбарымызға айтады: «Пайғамбарым! Қараңғылық заманда істеген істерімнің маған бір пайдасы бар ма?». Алланың Елшісі: «Не істедің?» – деп сұрайды. Сасаа: «Мен бір күні түйемді жоғалтып, іздеуге шықтым. Іздеп жүріп, сахарада екі шатыр көрдім. Ол екі шатырдың біріндеқарткісіменкездестім. Бізәңгімелесіп отырғанда әйелі келіп қыз туғанын айтты. Күйеуі оған: «Оны жерге көм», – деді. Мен, олай істемеңдер, мен оны сатып аламын деп араша түстім. Сөйтіп, оған боталы екі түйе мен астымдағы түйемді беріп, ол қызды құтқардым. Исламның келуіне дейін осындай 360 нәрестені құтқардым. Бұлардың әр біріне екі ұрғашы және бір еркек түйе бердім». Алла Елшісі: «Осы жақсылығың үшін Алла Тағала саған Исламды нәсіп етті», – деді.
Бір сахаба Алланың Елшісіне келіп, қараңғылық дәуірінің тағылығы жайында: «Пайғамбарым! Біз қараңғы заманда сәби қыздарды тірідей жерге көметін едік. Менің де бір қызым бар еді. Бір күні мен оның анасына “мынаны жақсылап киіндір, нағашысына алып барамын, дедім» – деп баян ете бастады. Әлбетте, әйелі байғұс бұл сөздің астарын жақсы біледі. Еркелетіп, мәпелеп өсірген ботақаны құдыққа тасталып, шарқ ұрып, жанталасып барып, тұншығып өлетінін де анасы сезіп тұр. Алайда, қолдан келер не шара, өйткені, ол заманда әйел затының мұндай тағылыққа қарсы тұрар қауқары да, хұқы да жоқ еді. “Әйелім айтқанымды екі етпеді. Қыз шынымен-ақ нағашысына барамын деп қатты қуанды. Мен оны жетектеп алып кеттім. Алдын ала қазып дайындап қойған терең шұңқырдың жанына әкеліп, оған шұңқырға қара дедім. Ол еңкейіп қарай бергені сол еді, артынан бір теуіп, шұңқырға түсіріп жібердім. Ол қолымен қармап шұңқырдың аузына жабысты. Шығуға тырысып, жанталасып, “Көкешім-ай, үстің-басың шаң болды ғой”, – деп киімімді қағуға тырысты. Мен оған қарамастан, тағы бір теуіп, ішіне түсірдім де, оны тірідей топыраққа көміп тастадым” – деп әлгі сахаба сөзін тәмәмдады. Осы оқиға айтылып жатқанда Алланың Елшісі мен жанындағылар көз жастарына ие бола алмай, еңіреп жылады. Сол жерде отырған біреу: “Ей, пенде, Пайғамбарды мұңайттың”, – дей беріп еді, Рақым Пайғамбары әлгі адамға: “Тағы бір рет айт”, – деді. Ол оқиғаны қайталап айтты. Хақ Пайғамбардың жанарынан аққан жас қасиетті сақалынан төмен сырғыды. Біреуге жар болғанда да әйелдің күні күн емес еді. Еркектер оларға бір мүлік ретінде қарайтын. Арабтар қалағанынша үйленетін. Үйленуде белгілі бір шек қойылмады. Ұнамаса дереу тәрк ететін. Бірақ бұл тек арабтарға ғана тән емес, Рум және Сасани империясында да әйелдерге осылай қарайтын. Оларда да әйел затының қоғамда орны жоқ еді. Қараңғы заманда олардың азғындауына себеп болған шарап еді. Ішіп алған олар сұрқия жамандықтарды жасайтын. Сонымен бірге, олардың ішінде шарапқа тыйым салғандар да кездеседі. Олардың бірі болған Қайс ибн Асым шараптың зияндығы туралы: «Өміріме ант етейін, егер мен шарап ішуді қоймасам, малымды жоғалтып, қонақтарды күте алмай, достарымнан айрылып қаламын», – деп қорықты.
Арабтарда шешендік өнер кең тараған. Әсіресе шайырлық өнері. Қараңғылық заманда ақындар зиялы қауымнан саналатын. Ақынның сөзінен екі тайпа соғысып, ақынның бір ауыз сөзінен соғыс тоқтайтын. Мүшайра болып, жеңіп шыққанның өлеңі Қағбаға ілінетін. Әр қоғамдағы секілді, арабтарда да өткеннен және келешектен хабар беретін сәуегейлер баршылық-ты. Олардың арабтар арасында бедел иеленгені соншалық, оларды құпия бір күшке ие болған ғажайып адамдар деп бағалап, қатты құрмет көрсеткен. Сондықтан да арабтар бастарына іс түскенде немесе жолға шығатын болса, немесе ауыр науқастанып қалса, я болмаса өткені мен болашақты сұрау үшін сәуегейлерге барды. Өйткені олар сәуегейлердің табынған пұттарының ішіндегі жындармен сөйлесіп, ғайыптан хабар беретініне сенетін. Осындай қараңғы заманда Алла Тағаладан хазіреті Жебірейіл арқылы хазіреті Мұхаммедке (с.а.с) Құран түсірілді. Ол қасиетті бір кітап болып қана қоймай, араб әдебиетінің алғашқы туындысы болып, жазылу тәсілі жағынан ешқандай адамның теңдесі жоқ кітабына айналды. Оның аса ғажайып жазу стилін дос пен дұшпан да қастер тұтып, қабыл етуге мәжбүр болды. Ол тау суындай сарқырап, жан мен тән, ар мен жүректегі кірді тазалап, адамзатқа үлкен бақыт әкелді. Құранның арқасында әйел затына теңдік беріліп, әке баласына «қыз» деп, «ұл» деп бөліп жармады. Кеше ғана қызын тірідей көміп, міз бақпайтын әке енді бүгін құмырсқаға да аянышпен қарайды... Кеше ғана бір-бірімен қырық пышақ қырқысқан ру мен тайпалар бүгін арасынан қыл өтпейтін дос, бауыр болып жатты. Әкешешені тыңдаудан қалған бала бүгін атаанасын қатты құрметтеп, оларға қарсы тіпті «уһ» деп те айтпайтын болды. Әсіресе анаға, әйелге үлкен құрмет көрсетіліп, «Жаннат – аналардың аяғының астында» деп үлкен баға берілді. Осылайша, Құран зұлматтың қара түнін қақ жарып, адамзат пен әлемге нұрын шашты.
материал «Ислам және дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,
ummet.kz