24
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Халал мен харамның арасындағы шүбәлі істер

Халал мен харамның арасындағы шүбәлі істер

Ислам тарихы

Ән-Нәуәуи (Алла оған рақым етсін): «Демек, барлық іс-амалдар үш топқа бөлінеді.

Бірінші топқа халал екендігі бүкпесіз анық іс-амалдар кіреді. Бұған мысал ретінде нан жеу, сөз сөйлеу, жүру, т.б. сол сияқты іс-әрекеттерді келтіруге болады. Екінші топқа харам екендігі анық іс-амалдар кіреді, мәселен, арақ ішу, зинақорлық, т.с.с. Ал шүбәлі істер дегеніміз – халал немесе харам екендігі белгісіз істер. Сондықтан да адамдардың көпшілігі оларды айырмайды. Ал ғұламалар мұндай іс-әрекеттің үкімін Құран аяттары немесе Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері не қияс (салыстыру) арқылы біледі. Егер халал мен харам арасында бір іс кездесіп, ол туралы Құран мен сүннетте нақты нұсқау берілмесе және бұл мәселе туралы ғұламалардың бірауызды пікірі қалыптаспаған болса, онда мужтаһид өздігінше шешім іздейді және шариғаттың ұқсас үкімдерін негіз етіп алып, оның халал не харам екендігі туралы қорытынды жасайды», – деген. Шүбәлі дүние мен істерден бас тарту – тақуалықтың белгісі. Мәселен, дүние-байлығының табыс көзі күмән келтіретін немесе өсімқорлыққа қатысы бар адамдармен іскерлік байланыс жасамау, сондай-ақ харам делінбеген, бірақ одан аулағырақ жүру тиімді болатын істерден алыс болу. Шүбәлілерге қатысы жоқ (мәселен, үлкен қалада тұратын әйелдердің біреу-міреуі туысым болып қалуы мүмкін деп ойлап, үйленуден бас тартуы немесе шөлдегі суды нәжіс түскен болуы мүмкін деп ойлап, ішуден бас тарту секілді) амалдар тақуалықтың белгісіне жатпайды, бұл шайтанның азғыруының нәтижесі болып табылады.

Ибн Мунзир шүбәлі заттар мен амалдарды үшке бөледі:

а) Харам екені адамға әу бастан белгілі болған, бірақ оның халал не харам екендігі туралы ойларға беріліп, ақырында күмән тудыра бастайтын заттар мен істер. Мұндай істерді анық көз жеткізгеннен кейін ғана істеуге болады. Мәселен, біреуін пұтқа табынушы (немесе мұсылман емес адам) сойған, алайда қайсысы екені анық емес екі қойдың етін жеуге болатыны немесе болмайтыны туралы күдік.

ә) Керісінше халал заттың және істің тыйым салынғандығына қатысты қандай да бір күмән пайда болуы. Мысалы, талақ етілгені күмәнды әйел немесе анық дәрет алғаннан кейін, ешқандай белгісі болмаса да былғану болды ма деген күдік.

б) Халалдығы да, харамдығы да бірдей шүбә келтіретін заттар мен істер. Ең жақсысы – олардан аулақ болу. Хадисте жерде жатқан құрмаға байланысты Пайғамбар (с.а.с.): «Шын мәнінде, сондай болады, мен үйге келгенімде төсегімнің үстінде жатқан құрманы көремін және (алдымен) оны жемек болып көтеріп алып, бірақ садақадан ба деп күмәнданамын да, одан бас тартамын», – деген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: