20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құран Кәрімнің Алла Тағала тарапынан жіберілгендігінің дәлелдері

Құран Кәрімнің Алла Тағала тарапынан жіберілгендігінің дәлелдері

Ислам тарихы

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде арабтардың ауыз әдебиеті, сөз өнерінің, әсіресе, ақындықтың шыңына жеткені соншалық ақындар бір шумақ өлеңдерімен бейбіт жатқан екі елді соғыстырып немесе қылыштарын қындарынан шығарып, соғысуға шақ қалған екі елді татуластыратындай дәрежеде болған.

Жыл сайын сөз өнерінде жарыстар ұйымдастырылып, алғашқы жеті орынға ие болған шайырлардың есімі мен өлеңдерін Қағбаға алтынмен әшекейлеп жазып, іліп қоятын болған. Тіпті, жалпы қара халықтың өзі бір-бірімен тақпақтасып сөйлескен. Міне, сөз өнерінің осындай шыңына жеткен уақытында Пайғамбарымызға (с.а.у.) Құран түскен. Қазіргі дін дұшпандары сияқты сол дәуірдің кәпір шайырларының Пайғамбарымызға: (с.а.у.) «Құранды өзің ойдан жазып жатырсың» деген жалаларына қарсы Алла Тағала: «Оларға былай деп айт: Ант етейін, егер адамдар мен жындар мына Құранның ұқсасын жасау үшін жиналып, тіпті бір-бірін қолдап, күштерін жинаса да оған ұқсас бір кітап жаза алмайды» (Исра/88) – деп аят түсіріп, олардан Құранға ұқсас бір кітап жазуларын талап етеді. Алайда араб ақын, шешендері Құранға ұқсас бір кітап жазу қолдарынан келмегендіктен ауыздарына құм құйылады. Алла басқа бір аятта: «Жоқ, әлде олар (кәпірлер) Құранды өзі құрастырып алды деп жатыр ма? (Мұхаммед (с.а.у.) оларға айт: Егер айтқандарың рас болса Алладан басқа шақыра алатындарыңды (жәрдемге) шақырыңдар, (бәрің бірігіп) сендер де сол сияқты құрастырылған он сүре жазыңдар!» – деп, әншейінде намысшыл болып келетін шайырлардың намысына тиіп, олардан құрастырылған он сүре жазуларын талап етеді. Бірақ шайырлардың жұмған ауыздары ашылмай, дәрменсіздіктен Алланың бұл талабын да жауапсыз қалдырды. Он сүре жазуға шамалары келмеген шайырларды Аллаһ Тағала басқа бір аятта былай деп, бар білетін өнерлерін көрсетуге шақырады.

«Егер құлымызға түсіргенімізге (Мұхаммедге түсірілген Құранға) күмәндансаңдар, қанеки, бір сүресіне ұқсас сүре жазып әкеліңдер және Алладан басқа сенетіндеріңнің барлығын шақырыңдар, егер айтқандарың рас болса. Бұны жасай алмасаңдар, – ешқашан жасай алмайсыңдар да! Ендеше, отыны адамдар мен тастардан тұратын кәпірлерге әзірленген тозақ отынан сақтаныңдар». (Бақара, 23-24) Әншейінде намысшыл келетін шайырлар бұл жолы тағы да Алланың талабын орындауда дәрменсіздік танытып, Құранға ұқсас кітап емес, тіпті он сүре де емес жалғыз сүре жазу қолдарынан келмегендіктен құлаққа ұрған танадай үнсіз қалды. Иә, күмән келтірген арабтардың өздерінен талап етілген Құранға ұқсас бір кітапты, яки он сүресін, тіпті жалғыз сүресін жазу Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаңа дініне тосқауыл болудың ең қысқа әрі оңай жолы бола тұра, мал-жандарын қатерге соғатын соғыс жолын таңдауларының астарында Құран сүрелерінің ұқсасын жаза алмаулары бар еді. Өйткені, Құран мағынасындағы тереңдігі мен тәсіліндегі ерекшелігі жағынан арабтардың қара сөздеріне де, өлең шумақтарына да ұқсамайды. Он төрт ғасырдан бері Құран сүрелеріне ұқсас бір сүрені күллі адам баласының жаза алмауы – Құранның Алла Тағала тарапынан жіберілген хақ кітап екендігінің айқын дәлелі.

• Құран тәсілі мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінің тәсілі арасында жер мен көктей ерекшелік бар. Ерекшелігі соншалық – кез келген арабша білетін адам мағыналары бір болып келетін Құран аяттары мен хадистерді, «мынау – аят», «мынау – хадис» деп оп-оңай ажырата алады. Арабтар пайғамбарымыздың хадистерін өздерінің сөздеріне ұқсас деп біліп, Құранды өздері қолданатын сөйлеу тәсілдерінің ешқайсысына ұқсата алмай, қайран қалатын. Себебі, Құранда арабтардың қолданған қара сөздеріне де, өлеңдеріне де ұқсамайтын, жалпы барлық адами сөйлеу тәсілдерден мүлдем өзгеше өзіне ғана тән иләһи (құдайлық) тәсіл бар.

• Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін оқыған уақытымызда терең толғанып, Алланың ұлылығының алдында бас иіп, тебіреніп айтып тұрған адам бейнесі сезіледі. Ал Құранды оқыған уақытымызда Алланың ұлылығы мен жаббарлығының үні байқалып, сөздің жұмыр басты адамнан емес, бүкіл әлемдердің Ұлы Жаратушысынан келіп тұрғандығы сезіледі. Пайғамбарымыздың бір-бірінен тым басқаша екі тәсілді әр жерде еш ойланбастан, оп-оңай түрде ажыратып қолдануы Құранның Иләһи екендігінің ашық дәлелі болса керек.

• Мектеп, университет оқымаған, оқу-жазу білмейтін адамның еш кемшіліксіз жеке тұлғалық, отбасылық, қоғамдық, экономикалық және заңға байланысты ережелер қойып, жүйе құруы және бұл жүйенің ғасырлар бойы дос-дұшпан, сан алуан ұлттар тарапынан іс жүзінде қолданылып, ескірмеуі, тіпті заман ескірген сайын бұл иләһи ереже-қағидалардың жаңара түсуі – Құранның хақ екендігінің айғағы. Тарихта көптеген құнды кітаптар жазылған. Бірақ жұмыр басты пенденің туындысы болғандықтан, заманның жаңалығына өз шешімін беріп, адамзаттың күн сайын дамыған ой-өрісін қанағаттандыра алмағандықтан, жаңа толқын тарапынан «ісің бітті» делініп, сөредегі орнынан беймәлім жаққа тәрк етілген. Ал, Құранға деген адамзаттың мұқтаждығы күннен-күнге артып отыр. Иә, заман ескірген сайын Құран жаңара түсуде. Өткен ғасырларда тәпсірленіп, сол ғасырлардағы аса көкейкесті мәселелерге дауа болған Құран аяттары бүгінде басқа қырынан тәпсірленіп, құдды жаңа ғана түскендей адамзаттың шешімін күткен небір заманауи күрделі күрмеулері мен сансыз сауалдарына жауап беруде және қияметке дейін бере бермек. Сөйтіп, өзінің сарқылмас қазынаға толы мәңгілік мұғжиза, ескірмес иләһи кітап екенін дәлелдей бермек.

• Әлемде миллиондаған адам жатқа білетін және күн сайын жалықпастан оқылатын дәл Құрандай екінші кітап жоқ. Алты жүзден аса беттен тұратын Құран Кәрімнің араб тілін білмейтін миллиондаған адамдар тарапынан сөзбе-сөз толықтай оңай жатталуы және адамның жан дүниесіне ағыла құйылып, баурап алатын, тек өзіне ғана тән ерекше әуені мен әуезі – Оның иләһи кітап екендігінің нақ белгісі.

• Құранның бұрын болып кеткен оқиғалар мен келешекте болатын оқиға, жаңалықтардан хабар беруіне ат үсті қарап, оны адам баласының жазған туындысы деу ақылға сыйыспайды. Бұл жерде барлығын қамтып жазудың мүмкін еместігін ескерте отырып, кейбіреулеріне тоқтала кеткенді жөн көрдік.

• Салих, Лұт, Мұса (а.с.) сияқты пайғамбарлар мен қауымдарының ежелгі дәуірде ғұмыр кешкен мекендері мен өмір сүру ахуалдарын Құран баяндағандай енді ғана зерттеп тапқан қазіргі археология ғылымы Құранға еріксіз таңқалуда.

• Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде румдықтар мен сасанидтер үнемі бір-бірімен шайқаста болатын. Румдықтар сасанидтерден соңғы соғыста қайта бас көтерместей ойсыра жеңіліске ұшырайды. Осы жеңілістен кейін румдықтардың бірнеше жылдың ішінде жеңіс тұғырына қайта көтерілетіндігіне ешбір кемеңгер, данышпанның болжам жасауы мүмкін емес еді. Міне, осындай ешбір болжамның ұшы да көрінбеген кезеңде Құран Кәрім румдықтардың осы жеңілістерінен кейін сасанидтерді бірнеше жылдың ішінде қайта жеңетіндігін дөп басып айтып салады: «Рум жеңілді, сендерге ең жақын жерде. Олар бұл жеңілістерінен кейін бірнеше жылдың ішінде қайта жеңіске жетеді...». Құран айтқандай-ақ румдықтар сасанидтерді бірнеше жылдың ішінде қайта жеңіп, Құран баянын растайды.

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: