25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Перғауын әулетінен шыққан мүміннің уағызы

Перғауын әулетінен шыққан мүміннің уағызы

Ислам тарихы

Перғауынның иман келтіргендерге қауіп төндіруі

Мұса жеңдi. Сиқыршылар Мұса мен Һарунның Раббысы Аллаға бас иiп, сәжде жасады. Перғауын қатты ашуланып, Мұса мен сиқыршыларға тісін қайрады. Ол сиқыршыларға: «Сендер қалайша бұл сиқыршыға сенiп, оны елшi дейсiңдер? Сендердің Мұсаға ерiп, Аллаһқа иман келтiрулеріңе мен рұқсат бермеймін. Сендер Мұсамен бірігіп, мені алдауға және өтiрiк айтып, сиқыр жасауға келiсiп алғансыңдар. Демек, Мұса – сендердiң ұстаздарың», – деп зекiдi. Перғауын сиқыршыларға зекуін жалғастырып: «Егер сендер менен өзге құдайға сенетiн болсаңдар, сендердi бұған дейін ешкiм естiмеген ауыр жазамен жазалаймын. Сендердiң бір қол, бір аяқтарыңды шауып, сыңар аяқ, сыңар қолдарыңнан ағашқа асып қоямын. Сонда сендер менiң жаңа Раббыларыңнан да күшті екенiме көз жеткiзетiн боласыңдар», – дедi. Бiрақ сиқыршылар имандарында берiк тұрды. Олар Перғауынның қорқытқанына мойымай: «Ей, Перғауын! Бiз бiрде-бiр пендені Алладан артық көрмеймiз. Қалағаныңды жаса. Бiзге Алла Тағаланың қалағанынан өзге ештеңе болмайды. Бiз – мүмінбіз. Өз жанымызды бұл дүниеде құрбан етуге дайынбыз. Егер бiздi өлтiрудi қаласаң, өлтiре бер. Бұдан бiз ешқандай зиян шекпеймiз. Өйткенi бiз Раббымызға қателiктерiмiздi және iстеген сиқырларымызды кешiруi үшiн иман келтiрдiк. Алла сенен жақсы әрi Ол мәңгi. Бiз Аллаға иман келтiрiп, Оның жолында құрбан болуымызға сенің рұқсатыңның қажеті жоқ», – деп жауап бердi. Иман келтiрген сиқыршылар таңғаларлық сөздерiн жалғастырып: «Ей, Перғауын! Қиямет күнi кәпiр, күнәкар болып өткен адамға тозақ оты бұйырылады. Ол нендей жаман орын! Ал мүмін болып, игi iстердi жасағандар үшiн жаннат нәсіп болады», – дедi. Перғауынның иман келтiргендерге деген кегі, ашу-ызасы артып, нөкерлерiне Мұса мен Һарунға ерген әрбiр адамды асып, азаптап өлтiруге бұйрық бердi. Нөкерлері мүміндерді азаптап, қуа бастады. Өйткенi мүміндер Алла Тағалаға сенiп, Перғауынды мойындамады, оның құдаймын деген өтiрiгiне сенбедi. Дегенмен Перғауын мен оның нөкерлерi мүміндердің бiр Аллаға иман келтiргеннен өзге ешқандай күнәлары жоқ екенiн бiлетін едi. Мүміндер бастарына төнген ауыр азапқа төзе алмай, Мұсаға келiп, Перғауын мен оның нөкерлерiне шектеу қоюын өтiндi. Мұсаның қолынан не келсін?! Әрбiр мүміннің Алла Тағала жолында азап пен қиындықтарға жолығары сөзсiз. Иман келтiргеннен кейiн сабыр керек. Сондықтан да Мұса оларды: «Алладан жәрдем сұраңдар. Сабыр сақтаңдар», – деп қиындықтарға шыдамды болуға үндедi. Сонымен қатар оларды сүйіншілеп, соңғы жеңiстің тақуалар үшiн болуы күмәнсіз екенiн, Алла Тағала оларға көмек беретiнiн, егер Перғауын оларды өлтiрсе де, ақырында баратын жерлері жаннат екенін айтты.

Перғауынның ащы кегі

Осылайша Перғауынның қулық-сұмдықтары бітіп, күш қолданудан басқа амалы қалмады. Перғауын уәзірлері мен нөкерлерін жинап: «Олардан құтылудың жолы қандай? Өз билiгiмiздi сақтап қалу үшін не істейміз? Сиқыршылардың иманында берiк тұрулары баршамызды естен тандырды. Сиқыршылардың көзін қалай жоямыз?» – деп ақыл-кеңес сұрады. Олардың әрқайсысы Мұсадан құтылу жолындағы өз ой-пiкiрін ортаға салып, ұсыныстарын айтты. Бiрақ Перғауын ешқайсысының пiкiрiмен келiспеді. Ол: «Мұсаны өлтiруім керек. Мен оны өзім өлтiремiн. Қалағанын жасасын. Раббысы оны қалай құтқарып алатынын көрейін. Бұл – менiң соңғы шешiмiм. Мұсаны өлтiремiн», – деп тiстендi. Жақтастары бір-біріне қарап, үнсіз қалды.

Перғауын әулетінен шыққан мүміннің уағызы

Перғауын Мұсаны өлтiруге шешiм шығарды. Негізінде, Перғауын Мұсаның пайғамбарлығын іштей мойындайтын. Бiрақ ол билiктi қолынан шығарып алудан қорықты. Перғауынның жамағаты да оның зорлықшыл, залым екенiн және өзiн Алла Тағаланың орнына қойып, жасанды құдай етiп алғанын бiлетiн. Бiрақ олар да Перғауынның қолындағы билiкті пайдаланып, өздерiнiң үстем болуларын қалайтын. Егер олар Перғауынды қолдап-қуаттаса, Перғауын да оларды қолдайды. Сөйтіп, олар атақабыройлы, беделдi үстем тап өкiлдерi болып қала бермек. Дегенмен Перғауын жамағатының iшiнен Аллаға шақырушы бiр мүмін кiсi шықты. Ол өз серiктерiнiң халыққа зорлық жасап, оларды қанайтынынан хабардар еді. Ол Мұсаның хақ пайғамбар екенiн және ондағы Перғауынның өтiрiкшi залымдығын көрсететiн дәлелдерді көрiп, нағыз шындықты таныды. Сондай-ақ ол Мұсаға көмек берудің мiндеттiлігін әрі шындықты көрiп, үндемей тұрудың күпiрлiк пен екiжүздiлiк екенiн түсiндi. Оның Перғауынның Мұсаны өлтiруге шешiм шығарғанын естiп тұрып, үндемей қалуға дәтi шыдамады. Бұл кiсi өзінің иман келтіргенін жасырып жүретiн. Ол Перғауын жамағатынан бөлініп, олардың адасқандықтарын дәлелдеу үшін әдiл сөздерімен оларға өз қарсылығын бiлдiрiп: «Мұсаны «Раббым – Алла» дегенi үшiн өлтiресiңдер ме? Сендер Мұсаны өлтiруге үкiм шығардыңдар. Бiрақ бұл үкiммен оны қылмыскер етiп қойғандарыңды ойладыңдар ма? Негiзiнде, Мұса қылмыс саналатын еш амал жасаған жоқ. Ол «Менiң де, сендердiң де Раббыларың – Алла. Аллаға ғана сиыныңдар. Перғауынға сиынуларыңды қойыңдар» деп шындыққа үндедi емес пе? Кiнәсi не?» – деді. Перғауын әулетінің бұл шешіміне келіспейтінін бiлдiрiп, сөздерiн жалғастырған мүмін кiсi: «Ей, қауымым! Алла Тағала Мұсаны сендерге адамдарға зорлық жасаудан, үстемшiлдiк етуден, оларды қорлап, құл етуден тыйылуларың үшiн пайғамбар етiп жiбердi. Мұса сендерге Алла Тағаладан шын сөздер мен жеткiлiктi дәлелдердi әкелдi. Ей, қауымым! Алла Тағаладан қорқыңдар. Мұсаны өлтiрмеңдер. Оны еркiне жіберіңдер. Адамдарды хақ дінге шақыруын жалғастырсын. Оның ұлы пайғамбарлық мiндетiн атқаруына тосқауыл болмаңдар. Егер оның сөздерi жалған болса, жазасын өзi тартады. Ал егер сөздерi шын болса, онда оның уәдесіндегі Қиямет күнi болатын азапқа ұшырайсыңдар», – деп қауымына өзінің шын жанашырлығын білдірді. Ол: «Ей, қауымым! Мен де сендердi иманға шақырамын. Мен сендердiң, егер күпiрлiктерiңде қала берсеңдер, бұл дүниенiң өзiнде-ақ Алла Тағаланың қаһарына ұшырауларыңнан қорқамын. Қиямет күнi иманға келмегендер қатты азапқа ұшырайды. Қиямет күнi Алла Тағала әрбір пендені адамдардың алдына шақырып, олардың көз алдында бұл дүниеде iстеген әрбiр iсiнің есебін алады. Сендер адасушылық пен күпiрлiкте берік болып, Мұсаны өлтiремiз деген арам пиғылдарыңнан қайтпасаңдар, ауыр азаптың бастарыңа түсуi ғажап емес. Ей, қауымым! Алладан қорқыңдар. «Раббым – Алла» деген кiсiнi өлтiрмеңдер», – деп Мұсаны қауымынан арашаламақ болды. Мүмін кiсi өз қауымдастарына бұл жаман пиғылдарының жаңадан пайда болмағанын, тiптi олар ертеден, Мұсаның келуінен бұрын-ақ осы тәрізді жаман iстердi iстеуге әдеттенiп кеткендiктерiн ескертiп: «Расында, Мұсадан бұрын Юсуф сендерге пайғамбарлық дәлелдерімен келген еді. Ал сендер оның келтірген дәлелдерінен үнемi күдiктендіңдер. Юсуф қайтыс болғанда, «Алла Юсуфтан кейiн ешқандай пайғамбар жiбермейдi» дедiңдер. Алла шектен шығушы, күдiктенушi кiсiнi жолдан осылай адастырады», – дедi. Демек, ол қауымын: «Сендердiң бұл iстерiң жаңалық емес. Сендер бұрын Юсуфқа да сенбей, жалғаншы деп күдiктенгенсіңдер. Алла Тағала сендерді тәубеге келiп, Аллаға бет бұрсаңдар ғана тура жолға бастайды», – деп үгіттеді. Ол кiсi насихатын жалғастырып: «Ей, қауымым! Бұл дүниенің өткiншi екендігі шындық. Ал Ақырет – мәңгiлік мекен. Кiм бiрер жамандық жасайтын болса, оған жасаған жамандығына сай тиiстi жазасы берiледi. Сондай-ақ кiмде-кiм ер немесе әйел екендігіне қарамастан, Аллаға иман келтірген күйінде жақсылық жасаса, жәннатқа кiредi. Әрі оған есепсiз ризық-несiбелер берiледi», – дедi. Перғауын әулетінен шыққан мүмін кiсi осындай әсерлі де сырлы сөздерiмен өз қауымын тура жолға үндеп, Алла Тағаланы риза ететiн iзгi iстерге шақырды. Кiмде-кім иман келтiріп, iзгiліктер жасаса, Алла Тағала оны Қиямет күнi жаннатқа кiргiзiп, тозақ азабынан құтқаратынын баяндады. Сонымен қатар оларға ұстанған жолдарының қателігін және өзiнiң жолының хақ екендiгiн, олардың Қиямет күнi барар жерлерiнің тозақ болатынын әрi iстеген амалдарына қарай жаза берiлетiндiгiн айтты.

Соңғы ескерту

Бұл мүмін кiсi жалықпастан үгiт-насихатын айтып, дұрыс жолды егжей-тегжейлi түсiндiрiп бергенiмен, Перғауын жамағатының ешқайсысы оның сөзiн тыңдамады. Ақырында оларға ең соңғы насихатын айтып: «Жақында менiң айтқандарымды еске аласыңдар. Мен iсiмдi Аллаға тапсырамын. Алла – пенделерiн көрiп тұрушы», – деп ескерттi. Яғни сендер аз уақытта Алланың алдына барғандарыңда менiң қазiргi айтқандарымның хақ екенiн бiлесіңдер. Алла Тағала сендердi үнемi көрiп, бiлiп тұрады. Егер Мұсаны өлтiремiз десеңдер, Мұсаның Раббысы таяуда сендерді азапқа ұшыратып, бұл дүниеде және Ақыретте қиын жағдайға тап болдырады дегенді түсіндірді.

материал «Құран Кәрім хикаялары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: