08
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

Тақуалық кемелдігінің белгілері

Тақуалық кемелдігінің белгілері

Ислам тарихы

Тақуалық кемелдігінің белгілерінің бірегейіне барлық шүбәлі амалдардан және хараммен араласқан істерден алыс болу жатады.

Өйткені Пайғамбар (с.а.с.): «...өз діні мен намысын (сақтау) үшін кім шүбәдан сақтанса, ол одан құтылады...», – деген.

Күдіктенуге себебі бар болса, рұқсат етілген халалдан бас тарту да осыған қатысты. Өйткені олар адамды харамға да апаруы ықтимал. Хасан әл-Басри: «Тақуалар харамнан қорқып, көптеген халалдан бас тартқанда ғана тақуалығын жоғалтпайды», – деп айтады.

Алла Тағаланың діні туралы ілімді игермей мұсылман адамның тақуалыққа (бұл сөздің толық мағынасында) жетуі мүмкін емес және ол өз жемісін бермейді, өйткені мұсылман аса Құдіретті де Ұлы Алладан қалай қорқу керек екенін білуі қажет. Өйткені Алла Тағала: «...шын мәнінде Алладан құлдарының ішінен ғалымдар қорқады», – деді.

Ал білімсіз адам не істеу керектігін, неден бас тарту қажеттігін білмейді. Білім – құлшылықтың ең жақсы түрі, жаннатқа апарар жол және Алла Тағаланың адамға жақсылық қалағанының белгісі. Пайғамбар (с.а.с.): «Ғұламаның құлшылық етушіден артықшылығы – сендердің ең төменгілеріңнен менің артықшылығымдай»;

«Кім ілім іздеу жолына түссе, Алла оның жәннатқа (барар) жолын оңайластырады»;

«Алла кімге жақсылық қаласа, оған дін (ілімін) үйретеді», – деген.

Адам баласы пенделік тұрғыдан әлденені ұмытуы, аңғармай қалуы немесе нәпсісінің азғыруына желігуі мүмкін. Кей сәттерде шайтанның азғыруына ілесіп, бағынудан кетіп күнә істеуі кәдік. Мұндай жағдайдағы тақуалықтың белгісі – оған әлденені ескерткен (есіне салған) немесе әлденені көрсеткен кезде оның тез тәубеге келуі және аса Құдіретті Алладан кешірім сұрауға асығуы. Алла Тағала тақуаларды сипаттап: «Сондай-ақ, олар қашан арсыздық істесе немесе өздеріне әділетсіздік етсе, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім тілейді. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Әрі олар істегендеріне (күнәләрына) біле тұрып қасарыспайды»;

«Тақуаларға шайтаннан бір қиял тисе, олар еске алады да қырағылық істейді», – деген. Тақуа мұсылман тәубеге келіп, Алладан кешірім тілеп, жалбарынумен қатар өз кінәсін жуып, күнәларынан арылу үшін игілік жасауға және мүмкіндігінше көп жақсы істер істеуге асығады, өйткені ол Алла Тағаланың уәдесіне сенеді.

Алла Тағала: «Шынында, жақсылықтар жамандықтарды жояды», – деп айтқан. Ол осылай ету арқылы Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығын орындайды. Пайғамбар (с.а.с.): «...жаман істен кейін оны жоятын жақсылық істе», – деген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: