Бұл дүниеде мұсылман не жат елдік, не жолаушы тәрізді. Ол бұл дүниеге сеніп қалмайды, оның қызық-думан, сән-салтанатына алаңдамайды және ондағы дүниелерге алданбайды.
Өйткені бұл дүние оған тәуелді болуға және сол үшін тер төгуге тұрмайды, ол тұрақты тұру үшін емес, тек өткел болуға ғана арналған. Алла Тағала: «Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі», – деген. Мұсылманның жан-дүниесін бұл өмірде өз отанынан ұзақтап, өз отбасынан алыста жатжерлік адам сияқты тіршілік етіп жүргендей сезім еш уақытта тастап кетпейді. Ол күндіз-түні өз отанына, туған жеріне асығады және отбасымен, бала-шағасымен, туған-туысқан, дос-жарандарымен кездесуді аңсайды. Сондай-ақ жат жерде қанша жыл өмір сүрсе де, жүрегі жат жерден кетуді қалайды да тұрады, сондықтан да ол бөгде елде ешқандай ғимарат тұрғызбайды, қымбат дүние-мүлік те сатып алмайды, тек өз еліне барғанда бала-шағасымен, туған-туысқандарымен рақаттану үшін қор жинайды, сыйлықтар дайындайды, ал өзі күнделікті қажеттіліктерді пайдаланумен ғана қанағаттанып жүреді. Себебі ол өзінің тұрақты мекені сол мәңгілік отанында екенін біледі. Осыдан барып мұсылман баянсыз жалған дүниеден баз кешеді, өйткені бұл дүние ақыреттік өмірге қарағанда қас қағым сәт қана болатын дүние. Алла Тағала: «Негізінде, дүние тіршілігінің пайдасы Ақыретке қарағанда өте аз ғана»; «Ақырет, ол сөзсіз тұрақты мекен», – деген.
Хасан әл-Басри: «Мұсылман бұл дүниенің қорлығынан қорықпайтын және оның атақ-даңқы үшін күреспейтін жат жерлік сияқты. Оның өз мүддесі бар, ал адамдардың өз мүдделері бар», – дейді. Ибн Ражаб: «Алла Адам атаны (аләйһис-сәләм) жаратқан кезде, оны әйелімен бірге жаннатқа орналастырды, содан кейін одан кетуге бұйырды. Бірақ оларға өздерінің және олардың ізгі үрім-бұтағының (жаннатқа) қайта оралуына болатынын уәде етті, сондықтан мұсылман өз отанын үнемі аңсаумен жүреді», – деді. Сондай-ақ мұсылман бұл дүниеде өз елінен алыстағы жат жерлікке қарағанда әлдеқайда аз байланыс жасап өмір кешеді. Кейде жат жерлікке өмір сүріп отырған жері ұнап қалып, онда үй-жайлы, бала-шағалы болуы мүмкін, ал мұсылманның бұл дүниедегі жағдайы басқаша. Бұл дүниедегі мұсылман жан-тәні өз елі мен тұрақты мекеніне ұмтылған, жол үстіндегі, сол жолдан айнымайтын жолаушы сияқты. Жолдың әр бөлігін жүріп өткен сайын оның кеудесі қуаныш-шаттыққа толады, ал қандай да бір кедергі жолдан тосса, ол бұны өкінішке түсіріп, уайым-қайғыға ұшыратады. Сапар кезінде жолаушы өзін аса қажеттіліктермен ғана қамтамасыз етіп, үйліжайлы да болмайды, дос-жарандарды да көбейтпейді, тек қана осынау жолды басып өтуге және мақсат-мұратына жетуге қажеттіні ғана місе тұтады. Осы теңеуді бұл дүниелік зат-мүліктерден Ақыреттегі мақсатмұратына жетуіне жәрдемдесетін қажеттілерді ғана пайдаланатын мұсылманға қатысты айтуға болады. Ал оның мақсат-мұраты – тек Алла Тағаланың разылығына жету. Алла Тағала: «Ол сондай (Алла) қайсыларың амал тұрғысында жақсырақ екенін сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», – деген. Ол өзіне тура жол көрсететін және қауіпсіз жағалауға жетуге жәрдемдесетін достарды таңдайды. Алла Тағала: «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады», – деді. Сахара шөлде келе жатқан жолаушы ұры-қарақшыдан қандай сақтанса, ол аса Құдіретті де Ұлы Алла мен Оған бойсұнудан алыстататын әрекеттерден сондай дәрежеде сақтанады. Алла Тағала: «Ол күні әрбір залым бармағын шайнап: «Әттеген-ай! Пайғамбармен бірге жол тұтқан болсам еді. Сорым құрсын! Әттең! Пәленшені дос тұтпаған болсам едім. Шынында ол, Құран келгеннен кейін мені одан (Құраннан) адастырды», – дейді. Негізінде, шайтан адам баласы үшін опасыз болады», – деген. Жолаушы сапарына керекті заттарды жинайды, ал мұсылман бұл дүниеде Ақырет үшін қажетті қорды ғана жинайды. Алла Тағала: «Азық алыңдар. Ал азықтың ең жақсысы – тақуалық. Ендеше ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар!» – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz