04
Сенбі,
Сәуір

һижри

Алла Тағаланың кітабына деген адалдықтың көрінісі

Алла Тағаланың кітабына деген адалдықтың көрінісі

Ислам тарихы

Мұндай адалдық Алла Тағаладан түсірілген барлық кітаптарға, ал Құран сол кітаптардың соңғысы және оларға куәлік етуші екеніне, сондай-ақ Құран Алла Тағаланың жүректерде және жазбаша түрде сақтаған теңдесі жоқ сөздері екеніне иман келтіруде көрініс табады.

Бұл туралы аса Жоғары Мәртебелінің Өзі: «Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі, шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деп уәде берген.
Алла Тағаланың Кітабына қатысты мұсылмандардың адалдығы мына мәселелерде көрініс табады:

а) Оны оқу мен жаттап алуда. Өйткені Құран оқу білімнің көбеюіне, танымға ие болуға септігін тигізеді, жанды тазалауға мүмкіндік туғызады, рухани пәктікке жеткізеді және тақуалықты арттырады. Құран оқығаны үшін адам өте үлкен сауап алады және Қиямет күні оған шапағат жасалу құқығына ие болады. Пайғамбар (с.а.с.): «Құран оқыңдар, ол Қиямет күні өзін оқыған адамға шапағатшы болып келеді», – деген.
Егер Алла Тағаланың Кітабын жаттап алу туралы айтсақ, оның нұрымен жүрек сәулеленеді, оны жаттап алған мұсылман бұл дүниеде ерекшеленіп, үлкен құрмет пен сыйға ие болады, ал Ақыретте қанша сүрені жатқа білгеніне қарай оның дәрежесі де жоғарылай береді. Пайғамбар (с.а.с.): «Құранды жатқа білген кісіге: «Оқы және жоғарылай бер, жердегі өмірде барлық ережесіне сай қалай оқыған болсаң, солай оқып бара бер, соңғы аятты оқыған жер сенің (жәннаттағы) орның болады» делінеді», – деген.

ә) Әсем дауыспен оқылған Құранды жүрек жақсы тыңдайды, ал оқылған аяттар жанымызға терең әсер қалдырады. Пайғамбар (с.а.с.): «Құранды қирағатпен дауыстап оқымағандар бізден емес», – деген.

б) Құранды оқығанда оның мағынасы туралы ойланып, аяттарын түсінуге әрекет жасау. Алла Тағала: «Олар Құран туралы ойланбайды ма?! Әлде жүректерінде құлыптары бар ма?!» – дейді.

в) Алла Тағаланың Кітабын сақтап қалу жауапкершілігін мұсылмандардың келер ұрпағы өздеріне алу үшін оларға Құранды үйрету. Құранды оқып-үйрену және оны басқаларға үйрету біздерді даңқ пен бақытқа жеткізетін жол болып табылады. Пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деген.

г) Құранды түсінуге және оны іс жүзінде қолдануға ұмтылу. Өйткені тиісінше амалға аспаған түсінуден пайда жоқ. Тек қана үйрену, түсіну және амалға асыру арқылы ғана Құранның бізге берерінің ең маңыздысын ала аламыз. Егер де біліміміз бола тұра ешнәрсе істемейтін болсақ, бұл қырсыздық әрі жиренішті болар еді. АллаТағала: «Ей, иман келтіргендер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Алланың алдында зор ашуға себеп болады», – деген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: