Көзді харамнан тиюдың тура жүруге тигізер көптеген септігі бар.
Сонымен бірге, иманның ләззатын сезінуге де тікелей әсер етеді. Бұл жайында Абдулла бин Масғұд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ақиқатында көз салып қарау – Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде-кім Менен қорыққандықтан қарауын қойса, жүрегінде ләззатын сезінетін иманмен алмастырамын», – делінген.
Харам нәрсеге қараудан тиылу – парыз. Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Мұсылман ер кісілерге айт, көздерін (өзге әйелдерге, тыйым салынған нәрселерге қараудан қорғап) төмен қаратсын және әуреттерін қорғасын. Бұл – олар үшін тазасы. Анығында, Алла олардың не істеп жатқандарынан Хабардар», – деп әмір етіледі.
Демек, мұсылманға харам нәрсеге қарауға қатаң тыйым салынады. Харам нәрсе теледидар, интернет, суреттегі бейне немесе нақты әйелдің өзі болуында ешбір айырмашылық жоқ. Кез келген жағдайда көзді харамнан сақтау – иләһи әмір. Өйткені, харамға көз түскен соң ең әуелі жүректі бұзады. Жүрек бұзылған соң, құлшылық ықыласпен орындалмайды. Сонымен бірге, денеге де зияны тиеді.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Көз зина жасайды, тіл зина жасайды, қол зина жасайды, аяқ зина жасайды, ал оны мүше қоштайды немесе қоштамайды», – делінген. Көз – жүректің айнасы. Көзге түскен кез келген нәрсе жүрекке барады. Осылайша, жүректі бұзып, зиянын тигізеді. Ақырында, бұл Алла Тағаланы еске алуға және құлшылық етуге кедергісін тигізеді.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz