17
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жұмақта бір ер адамның қанша әйелі болады?

Жұмақта бір ер адамның қанша әйелі болады?

Ислам тарихы

Жұмақта мүмін үшін інжуден жасалған іші бос шатыр болады. Әр бұрышында бір әйел орналасады. Олар бір-бірін көрмейді. Мүмін олардың әрқайсысына барады (Бұхари, Муслим, Тирмизи).

Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Алла жұмаққа кіргізген адамдарының барлығын 72 әйелге үйлендіреді, олардың екеуі хурун айн (қара көзді), жетпісі тозақтық адамдардан өзіне тиген үлес. Ол әйелдердің барлығы құмарлық тудырушы болады және жұмақтық әр ер кісінің құмарлық күші тұрақты болады» (Жанан Ибраһим).

Астарлы мағынада берілген бұл санның шын мәнінде көптікті білдіретіндігін айтып жатудың өзі артық. Жетпіс деген санның бұл жерде көптікті білдіріп тұрғаны анық. Бұл жердегі тозақтықтардан өзіне тиген үлес деген сөз тозаққа кірген ер кісілерді білдіріп, олардың әйелдеріне жұмақтықтар мұрагер болады дегенді білдіреді. Мысалы, перғауынның әйеліне мұрагер болу.

Жұмақта жұмақтықтар үшін көркем мінезді, жылы жүзді әйелдер болады (Рахман с., 70-72 аяттар).

Расулалла «мүмінге мықты бел күші беріледі» деген. Одан «Уа, Алланың расулы! Бұған шама жете ме?» деп сұрағанда «жүз адамның күші беріледі» деген (Тирмизи).

Аяттар мен хадистер бойынша жұмақта дүниедегі әйелдер де, хор қыздары да болады. Аяттарда берілген «тап-таза жұбайлар» (Бақара сүресі – 25 аят, Әли Имран сүресі, 15-аят) деген сөз хор қыздарымен бірге дүниелік әйелдерді де қамтиды. Кек, жек көру, ауру сияқтылардан айықтыру (Хижр сүресі, 47-аят) шарасынан кейін әйелдердің жыныстық өміріне жағымсыз ықпал ететін, бақытына кедергі келтіретін физиологиялық әрі рухани күйзелістердің толығымен жойылатындығы айтылады. «Олардың жүрегінде кекті шығардық. Туыс болып, тақтардың үстінде бір-біріне қарама-қарсы отырады» (Хижр сүресі, 47-аят). Дүниелік әйелдер дүниелік өмірде істеген жақсы істеріне байланысты хор қыздарынан да жоғары тұратындығын алға тартып, хор қыздарын сөйлетпей қояды (Тирмизи).

Бұл дүниеде бірге болған ерлі-зайыптылар жұмақта да бірге болады. Әйелі жоқ жұмақтағы әр еркекке кербез әрі тәні пәк әйел беріледі және ол жерде үйленбеген адам қалмайды. Хор қыздарының саны туралы әртүрлі және растығы нақтыланбаған риуаяттар бар (Ибн Кайим әл-Жаузия). Негізгі көзқарас бойынша әр еркекке сүйген дүниелік әйелінен бір, ал хор қыздарынан бірнешесі беріледі.

материал «Ақырет жайлы 100 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: