17
Жұма,
Мамыр

һижри

Алланың әулие құлдарына тән керемет

Алланың әулие құлдарына тән керемет

Ислам тарихы

«Біліп қойыңдар! Алланың достары (әулие құлдары) үшін ешқандай қорқыныш жоқ. Олар қайғы, қасірет шекпейді де. Олар – иман келтіріп, (Алладан) шынайы түрде қорыққандар (яғни, Алланың әміріне толық бойсұнғандар). Олар бұл дүниеде де, ақыретте де сүйіншіленеді. Алланың сөзі де, үкімі де өзгермейді. Міне, бұл зор жетістік» («Жүніс» сүресі, 62-64-аяттар).

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сендерден бұрынғы қауымдардың ішінде жоғарыдан аян берілетін салиқалы адамдар болған-ды. Менің үмбетімнің ішінде де сондай жан болса, оның Омар екені айдан анық», – деп айтты», – деген (Бұхари, фадайлул-асхаб 6; Муслим, фадайлуссахаба 23).

Жәбир ибн Сәмура (р.а.): «Бірде Куфа халқы мұсылмандардың әміршісі Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) өздерінің әміршісі Сағд ибн Әбу Уаққастың (р.а.) үстінен шағым түсіреді. Сонда Омар (р.а.) оны қызметінен босатып, орнына Аммарды (р.а.) тағайындайды. Куфалықтар Сағдтың үстінен түсірген шағымдарында, намаздың өзін жөндеп оқымайды деген еді. Сонда Омар арнайы адам жіберіп, Сағдты алғызады. Сағд мұсылмандардың әміршісімен жолыққанда: «Уа, Ысқақтың әкесі! Мыналар сен туралы намаздың өзін жөндеп оқыта алмайды деп айтуда», – деді. Сағд: «Маған келсек, Алланың атымен ант етейін! Мен оларға Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намазды қалай оқыған болса, дәл солай оқытуға тырыстым. Намазды қысқа етіп оқытқан емеспін. Соның ішінде құптан намазының алғашқы екі рәкатын ұзақ, соңғы екеуін болса, қысқа қайырып оқыттым», – деді. Сонда Омар оған: «Уа, Ысқақтың әкесі! Мен де сен жайлы солай ойлап едім», – деді. Кейін бұл істің анық-қанығына жету мақсатында Куфа халқының пікіріне құлақ түріп, Сағд жайлы толық мағлұмат алу үшін Сағдтың қасына бір (немесе бірнеше) кісіні қосып, оны қайтадан Куфаға аттандырады. Орталықтан арнайы жіберілген кісілер Куфадағы бірде-бір мешітті қалдырмай халықтан Сағд жайлы сұрап шықты. Сондағы сұралғандардың бәрі де оны тек мақтаумен ғана болды. Тек Абсұлдарының мешітіне кіріп жамағаттан Сағд жайлы сұрағанда, Усама ибн Қатада деген кісі орнынан тұрып: «Сұраған екенсіңдер, ендеше, айтайын. Расында, Сағд жорыққа аттанған бірде-бір жасақты бастап шыққан емес, халыққа дүние үлестіргенде де теңдей етіп бөлген емес, әрі би болып үкім шығарған кезде де әділдікті ұстанбайтын», – деді. Сонда Сағд оған: «Алланың атымен ант етейін! (Сен маған үш түрлі жала жапсаң) мен саған үш түрлі лағынет айтайын: «Уа, Алла Тағалам! Егер мына құлың көпшіліктің алдында бір көрініп әрі сөйлеп қалайын деген ниетпен өтірік айтып, маған жала жапқан болса, оның ғұмырын ұзақ қылып, оған кедейлік үстіне кедейлік беріп һәм түрлі сынақтарға душар еткейсің», – деп айтты. Кейін (біраз жылдар өткен соң) әлгі жалақорға қалың қалай делінгенде: «Қалай болушы едім. Мен түрлі сынақтарға душар болған, қалтылдаған қартпын. Сағдтың қарғысына ұшырадым», – деп айтатын еді» – деген. Осы хадисті Жәбир ибн Сәмурадан риуаят еткен Абдул-Мәлик ибн Умәйр: «Кейін әлгі қартты мен де көрдім. Кәріліктен екі қасы көзіне дейін түссе де, көшедегі алдынан шыққан қызметші қыз-қырқынның алдын кесіп, оларды қармалаумен әлек болатын», – деген. (Бұхари, әзән 95; Муслим, саләт 158).

Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.): «Ертең Ұхұд шайқасы болады деген түні әкем мені қасына шақырып алып: «Ертеңгі шайқаста қаза табатын Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының алғашқысы мен болармын. Алла елшісін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қоспағанда артымда қалатындардың ішіндегі мен үшін ең қымбатты жан сенсің. Мойнымда қарыздарым бар, иелеріне қайтарып бер. Әпке-қарындастарыңмен жақсы қарым-қатынаста бол», – деп соңғы өсиетін айтты. Ертесі күні әкем расында қаза тапқандардың ең алғашқысы болды. Алғашында оны (өзі секілді шейіт болған) бір сахабамен бірге жерледім. Алайда екі шейітті бірге жерлегеніме көңілім сая таппай алты айдан соң сүйегін қайта қазып алдым. Құлағының аз ғана бөлігін қоспағанда денесі шірімей жерленген күні қандай болса, сол қалпында сақталған екен. Сөйтіп, оның сүйегін өз алдына бөлек қабірге қойдым», – деген (Бұхари, жәнәйз 78).

Әнәс (р.а.): «Бірде тастай қараңғы түнде Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйінен екі сахаба шықты. Сол кезде олардың алдында шамға ұқсаған екі жарық бар еді. Екі сахаба (екі бөлек жолға түсіп) айырылысқанда әлгі екі жарық та бір-бірінен ажырап, әлгілерді үйлеріне дейін (жолдарына жарық түсіріп) шығарып салды», – деп айтты. Имам Бухаридің осыған қатысты бірнеше жолмен риуаят еткен хадистерінің кейбірінде әлгі екі сахабаның бірі Усәйд ибн Худайр (р.а.), ал екіншісінің Аббад ибн Бишр (р.а.) болғандығы айтылған (Бұхари, саләт 79/манақибулансар 139).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: