21
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Сәлем беру мен берген сәлемге жауап қайтару

Сәлем беру мен берген сәлемге жауап қайтару

Ислам тарихы

«Үйге кіргенде, өздеріңе (яғни, үй ішіндегілерге) Алла Тағала тарапынан білдірілген (сендерді сауапқа бөлейтін) құтты да берекелі (әс-сәләму аләйкум деген сөзді айтып) сәлем беріңдер» («Нұр» сүресі, 61-аят).

Егер сендерге біреу сәлем берсе, сендер одан да артық ілтипат білдіріңдер немесе ол қалай амандасса, сендер де дәл солай амандасыңдар (яғни, егер біреу сендермен «әссәләму аләйкум» – деп амандасса, сендер оған «уа аләйкумус-сәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһу» деп жауап беріңдер. Тіпті болмаса, сол сияқты сәлем беріңдер)» («Ниса» сүресі, 86-аят).

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Бір адам Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Исламдағы ең игі іс қандай?» – деп сұрағанда, ол: «Қарны аш адамды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да, жолыққан адамдарға сәлем беруің», – деп жауап берді», – деген (Бұхари, иман 6; Муслим, иман 63).

Бәра ибн Азиб (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге: «Науқастың көңілін сұрауды, жаназаға қатысуды, түшкіргенге «йәрхамукаллаһу» (Алла сені мейіріміне бөлесін)» деп айтуды, айтқанын істету үшін немесе бір нәрсе сұрап ант-су ішкен адамның анты бұзылмасын деп айтқанына көнуді, жазықсыз жапа шеккен жанға қолұшын беруді, шақырған жерге баруды және өзара амандасуды кеңінен жаюды бұйырды», – деп айтты (Бұхари, мазалим 5; Муслим, либәс 3).

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сендер толық иман келтірмейінше, жұмаққа кіре алмайсыңдар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша, толық иманға келмейсіңдер. Ендеше, араларыңда сүйіспеншілік тудыратын істі айтайын ба? Өзара сәлемдесіп, амандық сұрасуды кеңінен жайыңдар», – деп айтты» – делінген (Муслим, иман 93).

Имран ибн әл-Хусайн (р.а.): «Бірде біреу Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Әссәләму аләйкум» – деп сәлем бергенде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де онымен солай амандасты. Әлгі кісі отырғанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Он» – деді дауыстап. Содан кейін тағы бір кісі келіп: «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһ» – деп сәлем бергенде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) онымен де солай амандасты. Ол отырғанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жиырма» – деді дауыстап. Біраздан соң және бір кісі келіп: «Әссәләму аләйкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһу» – деп сәлем бергенде, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған да дәл солай амандасып, ол отырғанда: «Отыз» – деді дауыстап», – деген (Әбу Дәуіт, әдәб 132; Тирмизи, истизан 2).

материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: