21
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Тозақ пен жұмақ арасындағы перде

Тозақ пен жұмақ арасындағы перде

Ислам тарихы

Араф – бұл Жұмақ мен Тозақ арасындағы биік қабырға.

Алла Тағала Құранда: «(Жұмақтағылар мен тозақтағылардың) арасында далда бар. Және «Ағраф» делінген жоғары орында екі жақтағыларды да әлпеттерінен танитын біреулер бар. Бұлар: «Сендерге сәлем» деп жаннаттағыларға айғайлайды. Бұлар әлі жаннатқа кірмеген, үміт ететіндер. Қашан олардың көздері тозақтықтар жаққа бұрылса: «Раббымыз! Бізді залым елмен бірге қыла көрме!»,- дейді. Ағрафтағылар тозақтағы әлпеттерінен танығандарға: «Сендерге көптіктерің және менмендіктерің пайда бермеді ме?»,- деп айғайлайды. (Оларға жұмақтағыларды көрсетіп:) “Бұларға Алланың рахметі тимейді деп, ант ішкен адамдарың емес пе? Жұмаққа кіріңдер. Сендерге қорқыныш жоқ әрі сендер қайғырмайсыңдар” (делінеді)» (әл-Араф 7/46-49).

Арафты кімдер мекен етеді?

Арафты кімдердің мекен ететіні туралы түрлі пікірлер бар. Солардың біріне назар аударсақ, Арафта бірде-бір Пайғамбардың шақыртуын естімегендер, пұтқа табынушылар мен сенім келтірмегендердің кәмелеттік жасқа толмай қайтыс болған балалары, сондай-ақ жақсы істері мен күнәлі істері тең түскен мұсылмандар қалады екен. Сонымен қатар, Пайғамбарлардың шақыртуын естімегендер мен ақыл-есі кем жандар болады деген де пікір бар.

Бұл мәселеде ең дұрысы – «Араф» терминін қабылдау және Алла Тағаланың құзырына қалдыру. Себебі Арафты нақты кімдердің мекендейтіні жөнінде нақты деректер жоқ. Тек, Арафтың бар екені және Жұмақ пен Тозақ арасында орналасқаны ақиқат.

Арафты мекен еткендер Жұмаққа кіре ме?

Имам Ғазалидің пікірі бойынша «Арафты мекен еткендер Тозақтағы жазадан құтылғандар санатына жатады. Олар біршама уақыт Арафта болады. Кейін аса мейірімді Алла Тағала оларға рақымын төгіп, Жұмаққа кіргізеді».

Хадистерде Тозаққа түскендердің Жұмаққа жіберілетіні жөнінде айтылған. Арафтың ақиқаты бізге беймәлім болғандықтан Алла Тағаланың Арафтағыларды да мейірімінен шет қалдырмай, Жұмаққа кіргізетініне үміттену ғана қалады.

материал «Ақырет жайлы 100 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: