Нигерияда Құранды үйрету ІХ ғасырда Исламға жол ашқан саудагерлер мен ғалымдардың келуімен ежелден бастау алған. Құран үйретудің ең негізгі орталығы – елдің солтүстігінде орналасқан Борно мен Кано қалалары.
Нигериялықтар балаларын Құранды оқып және жаттап шықсын деп осы екі қалаға жібереді. Кано қаласының Мадобо кварталы Ислам ғылымдарын оқытып, Құран жаттататын көне орталықтардың бірі болған. Сонымен қатар аймақта көп медресе ашылып, бірі Құранды, енді бірі Тәпсір, Фиқһ ғылымдарын терең үйреткен.
Нигериялықтардың жегілікті өз тілінде медреселер «Макарантер Алло» (шифер) деген атпен танымал. Сабақтар ашық алаңда, мешітте немесе ағаш көлеңкесінде жүргізіледі. Кейде шәкірттерге ұстаздарымен бірге бір жерден екінші жерге көшіп оқуға тура келеді. Шәкірттер көбіне медресеге жақын орналасқан үйлерден, көрші ауылдардан немесе әртүрлі асыл жерден келеді. Сабақ орнын бірнеше рет ауыстыруы себепті медресе шәкірттерін «аль-маджирай» (көшпенді) деп атайды. 30 жылдай уақыт бұрын көптеген ата-ана балаларын осы медреселерге жіберген, өйткені олардың пікірінше, медреседе оқитын бала үйде оқитын баламен салыстырғанда, Құранға көп уақыт бөледі. Сондай-ақ бала кішкентай кезінен Құранды жаттауға тиіс деп санайды.
Макарантар Аллода балалар тек Құран жаттаумен айналысады. Құранды жаттап болып, қари атанғаннан кейін ғана тәпсір, ақида, мантық, сира, балаға, тасаууф, фиқһ сабақтары өтеді.
Нигериядағы Құран жаттау жүйесі ХV ғасырдан «Тимбукту» деп аталған. Солтүстік Нигериядағы Насарава штатында Құран жаттау жоғары деңгейде дамыған.
Нигерияда медреселерге шәкірттер 5 немесе 6 жаста қабылданады. Бұл жерде заманауи медреселердегі секілді құжаттар толтыру, медресе ақысын төлеу немесе арнайы форманың болуы міндетті емес. Баласын оқытқысы келетін кез-келген ата-ана қалаған уақытында перзентін жетектеп, ұстазына алып бара алады. Құран үйреткеннің сыйын тек Алла ғана беруші деген сеніммен оқытылады. Бірақ ата-ана садақа ретінде қалаған ақшасын беруіне болады. Алайда отбасын асырау үшін көптеген ұстаз белгілі бір қызмет түрімен, әсіресе саудамен, киім тігумен және ауыл шаруашылығымен айналысады.
Медреселер екі уақыт жұмыс істейді: түске дейінгі 8:00-12:00 және түстен кейінгі 16:00-18:00 аралығы. Сонымен қоса кейбір оқушылар үшін кешкі сабақ уақыты бар, ол 20:00-ден 22:00-ге дейін. Бейсенбі және жұма – демалыс күндері. Жыл сайын Ораза айт пен Құрбан айт мерекесі атап өтіледі.
Жаңадан қабылданған оқушыға «Фатиха». «Нас», «Фәлақ», «Ықылас», «Мәсәд», «Нәср», «Кәфирун», «Кәусар», «Мәғун», «Құрайыш», «Филден» бастап, қысқа сүрелер үйретіледі. Ұстаз әр шәкіртке жеке-жеке сабақ береді. Бірақ кей медреселерде бірнеше пара жаттаған шәкірттер жаңадан бастаған шәкірттерге қысқа сүрелерді дауыстап оқытып үйретеді. Қысқа сүрелерді жаттағаннан кейін шәкірттер Құран мәтіні бойынша араб әріптерін үйренудің келесі кезеңіне көшеді. Шәкіртке ата-анасы кішкентай ағаштан жасалған тақтайша сатып алады, ұстаз тақтайшаға (Әғузу билләһи минәш-шәйтанир-ражим) деп жазып береді.
Ұстаз әріптерді бірінен соң бірін оқиды, ал шәкірт оның артынан қайталайды. Сондай-ақ шәкірт ұстазды тыңдай отырып, (Бисмилләһир-рахманир-рахим) деп жазып, одан соң «Фатиха» сүресі, одан кейін «Нас», «Фалақ», «Ықылас», «Фил» сүрелерін жазып үйренеді. Тақтайшаға сүренің ұзындығына байланысты 3 немесе 4 бөлікке бөліп жазылады.
Нигериядағы медреселерде Уарш қырағаты мен мағриб жазу стилі қолданылады. Себебі Солтүстік Африка елдеріне Ислам діні Уарш қырағатымен тараған.
Жоғарыда аталған сабақтарды аяқтағаннан кейін шәкірт параларды ағаш тақтайшаға кері ретімен жазу арқылы Құран жаттауды бастайды. Мысалы «Нәс» сүресінен «Бақара» сүресіне дейін жазып жаттайды. Шәкірт белгілі бір бөлімді жазып болғаннан кейін ұстазға барып, кемінде 3 рет оқиды. Бұл процесс шәкірт медресені бітіргенше жалғасады.
материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,
ummet.kz