28
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Шайтанның түстерге әсері

Шайтанның түстерге әсері

Ислам тарихы

Түс – ұйқыда көрілетін нәрсе. Хадистерде «түс» сөзінен өзгеше бір сөз бар, ол – «хулум» (жайсыз нәрсе). Хулум деп түс сияқты ұйұйқыда көрілетін нәрсені атайды.

Ұйқыда көрілетін жақсы және игі нәрселердің түс, ал жағымсыз және жаман нәрселердің хулум деп аталуы – осы екі сөздің арасындағы айырмашылықтың белгісі. Бұны ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Игі түс (немесе басқа бір риуаятта «жақсы түс» делінген) – Алладан, ал хулум (жайсыз нәрсе) – шайтаннан. Кімде-кім жаман түс көрсе, сол жағына ақырын түкіріп, шайтанның кесірінен Аллаға сиынсын. Осылай істесе, көрген түсінен оған ешқандай зиян келмейді» деген сөздерінен: байқауға болады.

Осыған ұқсас басқа хадистерде: «Кімде-кім жақсы түс көрсе, қуансын. Оны өзі жақсы көретін, парасатты кісіге не абыройлы жанға ғана айтсын» «Кімде-кім жайсыз нәрсе көрсе, ол – шайтаннан, шайтанның ұйықтап жатқан кезінде өзімен ойнағанын ешкімге айтпасын» делінген.Түстің бірнеше түрі бар: біріншісі – тікелей Алла тарапынан періштелердің шабыт беруімен көрілетін ақиқат түс; екіншісі – болған оқиғалар ой-санада қалып, соның әсерімен көрілетін түстер, яғни адамның әлденені көп ойлауы себепті көрген түсі; үшіншісі – шайтани түстер, ол шайтанның әсерімен болатын өтірік және қияли түрде ұйқыда көрілетін жаман, арсыз және шым-шытырық нәрсе.

Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қиямет жақындағанда, мұсылманның түсі көбіне рас шығатын болады. Сіздердің ең шынайы түс көретіндеріңіз – еш өтірік айтпайтындарыңыз». «Мұсылманның көрген түсі – пайғамбарлықтың қырық бестен бір бөлігі. Түс үш түрлі болады: біріншісі – рахмани түс немесе Алланың сүйінші хабары, екіншісі – шайтанның көңіліңізге қаяу салуы, үшіншісі – адамның іштей өз-өзімен сөйлескен нәрселері. Кімде-кім жайсыз нәрсе көрсе, тұрып намаз оқысын, ешкімге айтпасын», – деп айтқан.

Шайтанның ардақты Пайғамбарымыздың бейнесіне ене алмайтынын: «Кімде-кім мені түсінде көрсе, расымен де көрді, себебі шайтан менің бейнеме ене алмайды» деген хадистен ұғына аламыз.

Бұл хадистің мағынасы мынау: ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көрілген түстер ақиқат түске жатады. Шайтанның араласуымен болатын хулум (жайсыз) емес. Маңыздысы, түсте көрілген кісі кітаптарда баяндалған Пайғамбарымыздың түр-тұлғасына сай болуы. Жас кезі, ересек кезі немесе өмірінің соңғы кезіндегі бейнесімен, түр-тұлғасымен түстегі көрінісі сай келуі тиіс.

материал «Әзәзіл шайтаннан сақтан» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: